Басты жаңалықтар

Сауда бірқалыпты жүреді, үрейленудің қажеті жоқ 

Анық-қанық

Ақтөбеде соңғы бір-екі күннен бері WhatsApp мессенджері арқылы «Ақтөбедегі ірі сауда желілері 2-3 аптаға жабылады екен» деген ақпарат тарап жатыр. Мұндай ақпараттың рас-өтірігін дәлелдеу үшін қала әкімінің баспасөз қызметі қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысы Руслан Әжниязов пен «Анвар» ЖШС директоры Бақытжан Киззаевтың қатысуымен арнайы шара өткізді.

Руслан Әжниязовтың айтуынша, әлеуметтік желілерде қаламыздағы ірі супер, гипермаркеттерде ине шаншар жер қалдырмай, азық-түлік тауарларын жаппай көтеріп сатып алып жатқан суреттер 2015 жыл «Анвар» супермаркеті ашылған кездегі ескі суреттер:

— Біреу осы суреттерді таратып, қолдан ажиотаж жасап отыр. Шындығында, сауда орындары қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр, олар жабылмайды. Бүгінде азық-түліктің бағасы көтеріліп жатқан жоқ, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің бағасы бір қалыпты. Ешқандай тапшылық жоқ. Сауда орындарындағы азық-түлік қоры үш аптаға жетеді және ол ұдайы толықтырылып тұрады, — дейді кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.

«Анвар» ЖШС директоры Бақытжан Киззаевтың айтуынша, тұрғындар арасында алаңдаушылық бары байқалады, әсіресе, ұн, қант, сұйық май секілді тағамдарды көтеріп алып жатқандар бар.

— Біз инстаграм парақшамыз арқылы сатып алушыларға тарап жатқан ақпараттың жалған екендігін, азық-түлік қоры мен басқа да қажетті тауарлардың жететінін, ешқандай үрей туғызудың, қорқудың қажеті жоқ екенін ресми түрде хабарладық. Біздің жорамал бойынша әзірге азық-түліктің бағасы өспейді. Тұрақты штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз, — дейді ол.

Руслан Әжниязовтың айтуынша, тұрақтылық қорында да азық-түлік қоры жеткілікті. Бүгінде қорда 1074 тонна картоп, 59,6 тонна сәбіз, 147,5 тонна пияз, 80,5 тонна қырыққабат, 72,1 мың бөтелке сұйық май бар. Олардың барлығы әлеуметтік сауда нүктелері арқылы сатылып жатыр.

— Бүгін «Табыс» коммуналдық базарында өтетін жәрмеңкеде де тұрақтылық қорының өнімдері сатылатын болады. Бағалары арзан, мысалы, картоп — 70, пияз — 55, қырыққабат — 75, сәбіз — 70, қызылша — 95, күріш — 260 және қант 170 теңгеден сатылады, — дейді Р.Әжниязов.

Жауапты тұлғалардан коронавирусқа қатысты сақтандыру шаралары туралы да сұрадық. Р.Әжниязовтың айтуынша, бүгінде Қытайдан әкелініп жатқан өнім жоқ. «Коронавирус тарала бастаған уақытта дереу мониторинг жүргізілді, Қытайдан тасылып жатқан өнім жоқ. Әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің дені ел ішінен, Ресейден әкелініп жатыр, мысалы, қарақұмық Шығыс Қазақстаннан, Ресейден, күріш — Қызылордадан, қант Алматыдан, Тараздан, Ресейден әкелініп жатыр», — дейді ол. Оның айтуынша, вирустың таралуына қатысты тек кинотеатрлар ғана жұмысын тоқтататын болады, ал сауда орындары, супермаркеттер, гипермаркеттер, базарлар бұрынғы режимде жұмыс істей береді.

«Анвар» сауда желілері адамдар жиі келетін орын болғандықтан, коронавирусқа қатысты  қауіпсіздік шараларын күшейтеміз», — деді «Анвар» ЖШС басшысы.

Айтпақшы, біз қаладағы бірқатар «Анвар», «Дина» сауда желілеріне бардық. Дүрбелең жоқ, барлығы да қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button