Басты жаңалықтарЭкономика

Оңдасын ОРАЗАЛИН, облыс әкімі: Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тапшылығына және оларға бағаның өсуіне жол бермеуге бағытталған барлық шараларды қабылдау қажет  

Әлемдегі қаржылық-экономикалық ахуал және оның ел экономикасына әсері жөніндегі мәселелер талқыланған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға азық-түлік бағасының негізсіз өсуін, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуін болдырмауға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Соның ізінше Үкімет басшысы Асқар Мамин әкімдерге әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруды тапсырды. Президенттің, Үкімет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбеде қаржы-экономикалық жағдайға ден қою бойынша жедел штаб құрылды. Бұл мәселеге қатысты тұтыну нарығындағы бағаларды тұрақтандыру бойынша облыстық штабтың кезекті отырысы да өткізілді.

Тапсырма берілді, жедел штаб құрылды

Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, қалыптасқан экономикалық жағдайға байланысты жергілікті әкімдер тауарлардың бағаларын тұрақтандыру мақсатында тұрақтандырушы қорлардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. «Әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын тұрақтандыру мақсатында тауарлар интервенциясын жүргізу үшін тұрақтандырушы қорлардың тиімді жұмысын қамтамасыз етсін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, отандық тауар өндірушілердің үлесін арттыру бойынша жұмысты күшейтуі қажет», — деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ ол Үкімет отырысында отандық кәсіпорындар тауарлары мен қызметтеріне сұранысты ынталандыру бойынша қолда бар резервтердің бәрін іске қосу керектігін қатаң ескертті.

Президенттің және Үкіметтің осындай тапсырмаларына сәйкес Ақтөбеде қаржы-экономикалық жағдайға ден қою бойынша жедел штаб құрылды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппараттық кеңес барысында әлемдік қаржы-экономикалық жағдай мен оның Ақтөбе облысының экономикасына әсері талқыланды. Кеңес отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ аудан және  Ақтөбе қаласының әкімдері бейнеконференция байланысы режимінде қатысты.

Оңдасын Оразалин облыста қаржы-экономикалық жағдайға ден қоятын жедел штаб құрылғанын, оның құрамына басқармалар, департаменттер, құқық қорғау органдары енгізілгенін атап өтті.

Өз сөзінде облыс басшысы орынбасарларына, аудан әкімдеріне азық-түлік бағасын өсірмеуді бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл бағыттағы бақылау облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалинге жүктелді.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тапшылығына және оларға бағаның өсуіне жол бермеуге бағытталған барлық шараларды қабылдау қажет. Тиісті мемлекеттік органдар облыс аумағындағы барлық ұйымдар мен кәсіпорындарда жалақының уақтылы және толық төленуін қамтамасыз етуі тиіс, — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Жиында облыс әкімі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Ақтөбе қаласындағы өңірлік департаментіне, Ұлттық банктің облыстық филиалына айырбастау пункттерінде тәртіпсіздіктерге жол бермеуді қатаң тапсырды.

Ұн мен сүт өнімдері неге қымбаттады?

Сейсенбі күні тұтыну нарығындағы бағаларды тұрақтандыру бойынша облыстық штабтың кезекті отырысы өткізілді. Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалиннің төрағалығымен өткен жиынға штаб мүшелерімен қатар, бірқатар басқармалардың басшылары, облыстағы ірі сауда желілері мен базарлардың, тауар өндіруші кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Аудан әкімдері бұл жиынға онлайн режимінде қосылды.

Биыл 9 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет мүшелерімен өткізген жиында әлемде мұнай бағасының төмендеуіне байланысты экономикалық жағдай талқыланған болатын. Президенттің Үкіметке берген тапсырмасының бірі — елімізде азық-түлік бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету. Бүгінге дейін облыста азық-түлік бағасын бірқалыпты ұстау мақсатында арнайы штаб құрылып, өз жұмысын жасап келді. Енді бұл жұмысты біз әрмен қарай күшейтуіміз керек, — деп атап өтті А.Бердалин.

Оның айтуынша, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға негізделген іс-шаралар жоспары құрылған. Штаб отырысында  аталған жоспарға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстардың жайы тыңдалды. Облыстық кәсіпкерлер басқармасының басшысы Қайрат Райымқұлов облыстағы 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 17-нің бағасы республикалық көрсеткіштен төмен екенін айтты. Тек айран мен ірімшіктің бағалары орташа республикалық көрсеткіштен сәл асып тұр. Ел аймақтары арасында Ақтөбеде ас тұзы мен сиыр еті ең  төменгі бағада сатылатын көрінеді.

Егер азық-түліктің бағаларын қаңтар, ақпан айларымен салыстырар болсақ, үш позиция бойынша бағаның өскені байқалады. Олар — қарақұмықтың бағасы 12 теңгеге, майлылығы 5,9 пайыздық ірімшіктің бағасы 19 теңгеге өскен. Жалпы алғанда бүгінгі таңда облыста бағаны тұрақтандыру мақсатында іс-шаралар  қабылданды. Бұған қосымша 14 наурыздан бастап аймақта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесін ұйымдастыруды бастаймыз. Жәрмеңкеге шығарылатын өнімдер нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен сатылатын болады. Бүгінгі таңда жәрмеңкеге келетін аудандардың кестесі бекітілді. Мұндай жұмыстар аудан әкімдіктерінде де ұйымдастырылуы тиіс, — деді Қ.Райымқұлов.

Облыстық кәсіпкерлер басқармасы басшысының айтуынша, қазіргі күні бағаны өсіру мәселесіне қатысты үш іс табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне жіберіліпті. Атап айтқанда, «Жаңа Әлжан» элеваторында өндірілетін ұн бағасының 36 пайызға өскені, сол сияқты «Айс» ЖШС өндіретін барлық сүт өнімдерінің 20 пайызға қымбаттауына қатысты істер құзырлы органның қарауына жолданған.  Бұл орайда Аманғали Бердалин облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшылығына бұл тауарларға бағаның не себепті көтерілгенін мұқият тексеріп, қорытындысын халыққа ашық түрде жеткізу қажеттігін айтты.

Жиында Қайрат Райымқұлов Ақтөбедегі тұрақтандыру қорындағы тауарларға интервенция жүргізілетінін айтып, осы аптаның жұма күні штаб отырысы өткізілетінін мәлімдеді.

Өндіру мен тұтыну балансы: аудандардан нақты мәлімет жоқ

Штаб отырысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Исамбайұлы мемлекеттен қолдау тапқан аймақтағы ірі кәсіпорын басшыларымен арада меморандум жасалып жатқанын айтты. Мақсат — азық-түлік тауарларына негізсіз бағаны көтермеу.

Бүгінгі таңда облыстағы осындай 16 ірі кәсіпорынмен келісім жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында «Дина», «Анвар» сияқты ірі сауда желілері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін кәсіпорындар бар. Олар өз өнімдерін нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен сатуы тиіс. Екінші қолға алынған шара — ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу. Биыл 14 наурызда алғашқы жәрмеңкені Хромтау ауданы бастайды. Аудандағы тауар өндірушілер өз өнімдерін қала тұрғындарына арзан бағада ұсынатын болады, — деді Нұрсұлтан Исембайұлы.

Ол өз сөзінде жергілікті жерлерде өндіру мен тұтыну балансына қатысты жұмыстардың өз деңгейінде жүргізілмей жатқанын тілге тиек етті. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы басқармасына ешбір ауданнан бұл іске қатысты нақты мәлімет берілмеген.

Өндіру мен тұтыну балансы Ақтөбе қаласында жасалды. Сондықтан әр ауданда халық санына сәйкес әрбір азық-түліктің қандай мөлшерде қажет екені туралы есебі болуы керек. Талдау, есеп болмаса, ешқандай іс алға баспайды. Мемлекеттен берілетін  субсидия сияқты қосымша қаражат алатын шаруа қожалықтары өз өнімдерін халыққа жәрмеңкелер болмаса өздеріндегі дүкендер арқылы арзан бағаға ұсынуға тиіс, — деді А.Бердалин.

Қордағы картоп неге сатылмайды?

Қазір облыста жалпы сыйымдылығы 36 мың тоннаны құрайтын  52 көкөніс сақтау қоймасы бар. Штаб отырысы кезінде көктемгі егіс жұмыстарын тиімді жүргізу шараларын қамтамасыз еті  турасында аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді.

Соңғы талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша, кейбір аудандарда картоптың келісі 110-120 теңгеден сатылып жатыр. Биыл біз тұрақтандыру қорына 1400 тонна картоп алған болатынбыз. Соның 1000 тоннасын 70 теңгеден әлі сатып жатырмыз. Сондықтан картопты осы бағада қордан сатып алып, жергілікті жерде 75 теңгеден өткізуге толық мүмкіндік бар. Мәселе жалғыз картопта емес. Тұрақтандыру қорында пияздың келісі 60, сұйық майдың литрі  300 теңгеден  сатылып жатыр. Жергілікті жерлерде ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі кезінде осы мәселені басты назарға алуларыңызды сұраймын, — деді аудан әкімдеріне Аманғали Бердалин.

Оның айтуынша, мемлекеттен субсидия алатын тауар өндірушілер өз өнімдерін жергілікті жерде сатуға міндетті. Ол бұл бағытта Мұғалжар ауданында жасалып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

Шағын базарлар және жаңа тұжырымдама

Бүгінгі таңда әлеуметтік маңыздағы тізімге кіретін 19 азық-түлік тауарының 94 пайызы жергілікті жерде өндіріледі. Сондықтан бұл тауарларға бағаны негізсіз өсірудің еш қисыны жоқ. Аманғали Бердалин аудан әкімдеріне осыны қатаң ескертті. «Бұл жаман көрсеткіш емес. Соны тек үлестіруіміз керек. Бұл жерде ешбір алыпсатарсыз-ақ өндірушіден сатушыға тікелей жеткізуге мүмкіндік бар. Сондықтан бұл іске қатысты барлық құрылымдар осы жүйеде жұмыс жасауымыз керек», — деді ол.

Қазір облыс орталығында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ықпалымен 21 шағын базар жұмыс жасайды. Алдағы уақытта мұндай сауда нүктелерінің жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар қолға алынып жатқан көрінеді.

Қазір біз шағын базарларға қатысты  жаңа тұжырымдама дайындап жатырмыз. Өйткені мұнда келушілер көп. Сондықтан шағын базарлардың жағдайын жасауымыз қажет. Ол үшін инфрақұрылым тартуымыз керек. Сол сияқты  шағын базарлардың айналасынан жергілікті тауар өндірушілерге өз өнімін сату үшін дүңгіршек қоюға тұрақты жер бөлмекпіз. Бүгінде мұндай сауда нүктелерінің бәрінде «Айс» және Хромтаудағы «Милкиленд» серіктестіктері ғана өз өнімдерін тұрақты сатады. Кейбір жерлерде ғана «Рокос» фирмасы өндіретін тауарлар сатылымға қойылған. Ал басқа тауар өндірушілердің өнімдерін біз мұндай жерден көрмейміз. Ол жерде сауда жасағандар үшін ай сайын 19 мың теңге төленетін. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес алдағы уақытта бұл төлем алынып тасталады, — деді Аманғали Бердалин.

Отырыста азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында аудан әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Штаб мүшелері, ірі шаруашылық құрылымдары тарапынан сауалдар қойылып, жауап берілді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button