Спорт

«Ақтөбе» жаңа маусымға дайын

Брифинг

Жаңа маусымға дайындық жұмыстары мен Түркияда өткен екі оқу-жаттығу жиынының қорытындысы туралы БАҚ өкілдеріне баяндама жасаған «Ақтөбе» футбол клубының басқарма төрағасы Артур Смағұлов  клубты биылғы жылы бірінші лигадан Премьер-лигаға қайтаруды жоспарлап отыр. Ол үшін жергілікті ойыншыларды командада сақтап қалып, 3 легионермен, еуразиялық одақ елдерінің 6 ойыншысымен келісімшарт жасасқан.

2019 жылы Премьер-лигада ойнау мүмкіндігінен айырылып, бірінші лигаға сырғыған клубқа  бір ай бұрын Алексей Петрушин бас бапкер қызметіне тағайындалған еді. Ел біріншілігінде «Қайрат» командасының  чемпион атануына, «Ордабасының» қола жүлде иеленуіне үлес қосқан білікті маман «Ақтөбе» футболшыларының Түркиядағы екінші оқу-жаттығу жиындарына жетекшілік етті. Бірінші лиганың ережесі бойынша 3 шетелдік ойыншымен келісімшарт жасауға рұқсат етілген. 2020 жылы ивуарлық Куасси Куаджа, сербиялық Никола Цуцкич және черногориялық Лука Джорджевич команда сапын толықтырды. 13 наурыз күні ақтөбелік футболшылар Шымкент қаласына аттанады.

Жуырда Қазақстан Кубогына жеребе тарту рәсімі өтіп, жерлестеріміз «Рузаевка», «Арыс», «Дидар Сыдықбектің футбол мектебі» командаларымен бір топқа түсті. Клубтың басқарма төрағасы Артур Смағұлов барлық бастамаларда қолдау көрсеткен облыс әкімі Оңдасын Оразалинге алғысын білдіріп, футболшыларымыздың маусымға толыққанды дайын екенін тілге тиек етті.

Команда капитаны Виталий Волковтың командаға қайтып оралуы футболшылар үшін қуанышты жайт. Қазақстан Кубогындағы алғашқы ойын 18 наурызда «Рузаевкаға» қарсы өтеді. 22-сі күні «Дидар Сыдықбектің академиясымен», соңғы ойында «Арыс» командасымен сынға түседі. Бұдан кейін 4 сәуірде бірінші лига ойындары басталады. Футболшылармен белгілі бір деңгейде жұмыс атқарылды, көңіл күйлері жақсы, маусымға тас-түйін дайын, — деді Артур Смағұлов.

Клуб басшылығы 2019 жылғы футболшылар мен жаттықтырушылар штабының қарыздарын толығымен өтеген. Қазіргі уақытта еңбек демалысына төленетін қаражат қана қалып отыр. Бұл туралы басқарма төрағасы:

  • Команда ойыншылары мен бапкерлердің қарызын өтеуге 300 миллион теңгеден тәрізден астам қаржы тартылды. Оның 43 миллионы демеушілер тарапынан берілді, — деді.

12 наурыз күні Т.Ахтанов атындағы драма театрында клубпен келісімшартқа отырған 25 ойыншының таныстырылымы өтеді.

                                                                                                            Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button