БілімБасты жаңалықтар

ҰБТ: сертификат жарамсыз бола ма?

Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратын түлектерге талап күшеймек. Сол себепті, биылдан бастап ұялы телефон және басқа да тыйым салынған заттарды пайдалануға ниетті түлектердің бұдан бас тартқандары жөн. Өйткені тестілеу өткізілетін пункттегі металіздегіш құрылғысымен тексеру барысында қандай да бір тыйым салынған заттар анықталса, акт толтырылып, түлек табалдырықтан кері қайтарылады. Аудиторияға кіргізілмейді. Бұл — бір. Екіншіден, ҰБТ аяқталғаннан кейін тестілеу кезіндегі бейнежазбалар бір ай бойы қайта тексеруден өтеді. Ғайыптан тайып, біреулер шағымданып жатса, әлгі түлектің жұмысы тексерілмек. Егер де емтиханда талапкер тарапынан заңсыз әрекеттер анықталса, онда оның жинаған ұпайы жойылып, сертификат жарамсыз болады.

Біз ұлттық тестілеу орталығының Ақтөбе облысы бойынша базалық филиал басшысы Талғат Жарқыловпен  сөйлескен едік.  

Тестілеу және төрт мүмкіндік

ҰБТ-ны жыл бойы 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айында) тапсыруға болады. Мұның үшеуі ақылы негізде болса, біреуі тегін ұйымдастырылады. Ақылы негізде өткізілген тестілеуге қатысушылар мемлекеттік грант үшін ұйымдастырылатын конкурсқа қатыса алмайды.

— Маусым айында өткізілетін тестілеу тегін өткізіледі. Ал қаңтар, наурыз, маусым айларында сыннан өтпеген талапкерлерге ақылы жоғары оқу орнына түсу үшін тамыз айында соңғы, төртінші мүмкіндік беріледі, — дейді Талғат Жарқылов.

Неліктен ҰБТ 4 рет ұйымдастырылады? Бұл, ең алдымен, оқушыларға психологиялық қысымды төмендетуге бағытталған және маусым айында өтетін ҰБТ-ға дайындалуға арналған үлкен мүмкіндік.

Көш соңында — Қарғалы

Облыс бойынша жалпы 6555 оқушы мектеп бітіреді. Наурыз айында өткізілетін ақылы тестілеуге қатысуға солардың 5150-і өтініш білдіріпті.

— Наурызда ұйымдастырылатын тестілеуге өтініштер ақпанның 1-і мен 15-і аралығында қабылданды. Қатысуға ниетті түлектердің көрсеткіші жөнінен Мұғалжар ауданы көш бастап тұр: 90,9 пайыз. Қандыағаштағы тестілеу пунктінде ұйымдастырылатын сынаққа 460 түлектің 418-і қатысады. Сондай-ақ, Хромтау ауданындағы түлектердің 90,7 пайызы сын тапсырады. Әйтеке би мен Қобда ауданында да көрсеткіш жоғары. Ең төмені — Қарғалы ауданы. Аталған ауданда небәрі 32 мектеп бітіруші ғана тестілеуге қатысуға ниетті болып отыр. Өйткені бұл ауданның түлектерінің көпшілігі көршілес Ресей еліндегі оқу орындарына құжат тапсырады, — дейді филиал басшысы.

Оның айтуынша, биылдан бастап Ырғыз ауданындағы түлектер наурыз айында өткізілетін тестілеуге қатысу үшін былтырғыдай Ақтөбеге келмейді екен. Аудан орталығындағы пунктте тапсырады. Жалпы облыс бойынша наурыз айында 7 пунктте тестілеу өткізу жоспарланып отыр. Олар: Ақтөбе қаласында екі пунктте —  №8 мектеп пен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде, аудандардың арасында Шалқар, Комсомол, Қандыағаш, Хромтау, Ырғызда ұйымдастырылады. Мұғалжар ауданында өткізілетін сынаққа Байғанин және Темір ауданының түлектері де қатысады. Ал Алға, Мәртөк, Қарғалы, Ойыл, Қобда ауданының мектеп бітірушілері Ақтөбе қаласындағы пункттерде бақ сынамақ.

Айта кету керек, бұл тестілеуді ұйымдастыру еліміз бойынша 24-29 наурызға жоспарланып отыр.

Сынақтан соңғы тексеру

Биылғы тестілеудің басты ерекшелігі, талапкерлерге талап күшейе түспек.

— Бұрын металіздегіш арқылы табылған ұялы телефондарды тексерушілер сынақтан шыққан соң иесіне қайтаратын. Биылдан бастап мұндай кеңшілік жоқ. Тексеру кезінде қандай да бір  тыйым салынған зат табылса, сол бойда дереу акт толтырылып, түлек аудиторияға кіргізілмейді. Яғни сынаққа мүлде қатыса алмайды, — дейді Талғат Жарқылов.

Сондай-ақ, ұялы телефон мен шпаргалка пайдаланған түлектер аудиториядағы бейнебақылаудың назарына ілігеді.  ҰБТ-дан кейінгі бір айға жуық уақытта тестілеу кезінде түсірілген бейнежазбалар қайтадан тексеріледі.

«Постмониторингке тоқталсақ, ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырылғаннан кейін 20-30 күн ішінде тестілеу кезіндегі бейнематериалдар тексеріледі. Егер тест кезінде түлектің тапсырманы көшіріп отырғаны анықталса, онда ол оқудан шеттетіледі. Яғни оның сертификатының күші жойылады», — деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов жақында өткен тестілеу орталығындағы кеңесте. Тестілеуге талапкер өзінің орнына басқа біреуді жіберсе, бұл жағдайда талапкер бір жыл бойы емтихан тапсыра алмайды екен.

Өтініштер онлайн түрде қабылданады

ҰБТ-ға өтініш қабылдау екі түрлі тәсілмен жүзеге асырылады: Біріншісі, оқушы өтінішті (құжаттарымен бірге) ҰБТ өткізу пункті арқылы береді. Екіншісі, түлек цифрлық профилін құра отырып, сайт арқылы онлайн тәртіпте өтініш береді.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш беруде үш ерекшелік бар. Талапкердің цифрлық идентификациясы онлайн тіркеу арқылы жүргізіледі. Бұл — бір. Екіншіден, ҰБТ-ға онлайн өтініш беруге болады. Үшіншіден, рұқсаттаманы жеке кабинет немесе электрондық пошта арқылы электрондық форматта алу.

Айта кету керек, аталған қызметтер тек жеке басын куәландыратын куәлігі немесе паспорты бар оқушылар үшін ғана рұқсат етілген. Тек қана ата-анасының (немесе қамқоршысының) келісімімен жүзеге асырылады

Тестілеудің пәндері туралы айтсақ, үш міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және екі бейіндік пән таңдалады. Бейіндік пәндер: математика-физика, математика-география, дүниежүзі тарихы-география, биология-химия, химия-физика, биология-география, шет тілі-дүниежүзі тарихы, қазақ/орыс тілі-қазақ/орыс әдебиеті, география-шет тілі, дүниежүзі тарихы-Адам. Қоғам. Құқық.

Тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған түсушілер Қазақстан тарихы пәнін қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілінде тапсырады.

Тестілеу уақыты — 3 сағат 50 минут. Жоғары балл — 140. Шектеулі ұпай — 50.

Тестілеу құны —  2242. Айта кету керек, тестілеу үшін төлемақы төлеу барысында түбіртекте тестіленушінің ЖСН-ы көрсетілуі міндетті.

ҰБТ-да алған балдар үшін сертификат берілмейді. ҰБТ нәтижесін тестілеу ведомосынан немесе www.testcenter сайтынан (ЖСН және туу туралы куәлік номірі арқылы) көруге болады. Жалпы жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға қабылдану үшін немесе республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранты конкурсына қатысу үшін ҰБТ балдары жоғары оқу орындарындағы базаға жүктеледі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button