Басты жаңалықтарМереке

Мерекедегі шуақты сәт

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында облыс әкімі Оңдасын Оразалин мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерді, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды, сондай-ақ облыстық Ауған соғысы жауынгер-интернационалистері қоғамдық бірлестігінің мүшелерін мерекемен құттықтады.
Мерекелік шараға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, «Қазақ саңыраулар қоғамы» облыстық филиалының төрайымы Зинаида Телеушова, Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының төрайымы Құралай Байменова, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі 30-ға жуық әйел қатысты.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап жайылған дастарқан басында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова бүгінгі күні облыста өмірде қиын жағдайларға тап болған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын, келер жылы облыс әкімінің қолдауымен Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту орталығының құрылысы басталатынын жеткізді.
Оның айтуынша, орталық құрылысына республикалық бюджеттен 4 млрд теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ биыл 1 қаңтардан бастап елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 24 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда оларды сауықтыру, қажетті оңалту құрал-жабдықтарымен қамту, т.б. бағыттар бойынша қолдау көрсетілуде.
Кездесуде облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі болса да, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген қыз-келіншектерге ризашылығын жеткізді.
— Облыста мүмкіндігі шектеулі болғанымен, отбасында да, қоғамда да белсенділік танытып жүрген нәзік жандылар аз емес. Отбасында бала тәрбиелеумен қатар, өмірдің түрлі қиыншылықтарын төтеп беріп жүрген аналарымыз да бар. Ал сіздердің қоғамдық істерге белсене қатысып, қоғамдық бірлестіктерді басқарып жүрулеріңіздің өзі — зор еңбек және ерлік. Сол үшін сіздерге зор ризашылығымды білдіргім келеді. Әрдайым шаршамай, өмірге деген құштарлықтарыңызбен өзгелерге үлгі болып жүре беріңіздер. Еңбектеріңіздің жемісін көріп, қоғамда белсенді, отбасында бақытты болыңыздар! Осынау көктемнің алғашқы мерекесінде көңілдеріңіз нұрға, жүректеріңіз жырға толып, барлық ойлаған арман-тілектеріңіз орындалсын, — деді облыс басшысы.
Кездесуде Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының төрайымы Құралай Байменова бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамда белсенді екенін айта келе, жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдірді.
Шарада сондай-ақ көпбалалы ана, 2-топтағы мүгедек Қамар Артықова, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ана Светлана Сова, облыстық ауған соғысы жауынгер-интернационалистері қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ақбалым Даргеновалар жан-жақты қолдау білдірген азаматтарға, облыс басшылығына алғысын айтып, лебіздерін жеткізсе, қалалық өнер ұжымдарының өнерпаздары әннен шашу шашты.
Кездесу соңында мүмкіндігі шектеулі жандарға демеушілер көмегімен алынған гүл шоқтары және естелік сыйлықтар табыс етілді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button