Басты жаңалықтар

Биыл Ақтөбе қаласының жолдары 5 миллиард 300 миллион теңгеге жөнделеді

Қазір Ақтөбе қаласындағы көше жолдарының жағдайы сын көтермейді. Әсіресе, күн жылынып, қар ери бастаған дәл осы шақта бұл мәселе жүргізушілер тарапынан жиі көтеріледі. Бүгінгі күні әлеуметтік желілердегі басты тақырып та осы. Бұл — жыл сайын қайталанатын проблема. Қала көшелеріндегі жолдарға жөндеу жұмыстары жасалса да, қар еріген шақта асфальт жамылғылары ойылып, қозғалысқа едәуір кедергі келтіреді. Нәтижесінде көлік кептелістері туындап, жүргізушілердің ашу-ызасын туғызады. Осы мәселеге қатысты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз туры ұйымдастырылды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин журналистер мінген көлікке отырып, қаланың бірқатар көшесін аралады, бұл бағытта қолға алынған іс-шаралармен таныстырды.

МЕРДІГЕР КОМПАНИЯЛАР ІСКЕ КІРІСТІ

Баспасөз туры кезінде алғашқы барған нысан — Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Камелот» мейрамханасы маңындағы жолдың жайы. Қаланың орталық көшесінде жол жөндеу жұмыстары басталып кеткен.
— Бүгінгі таңда қала көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарына үш мердігер компания шықты. Олар — «АГДС», «КТП» және «Ерхат жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. «Көквест» мекемесімен де келісім жасалып жатыр. Олар да аз уақыттан соң іске кіріседі. Жалпы бұл іске жеті мердігер компанияны тартпақпыз. Ең бастысы — бұл компаниялар бізге демеуші ретінде өз қаражаттары есебінен жолдағы шұңқырларды бекітіп жатыр. Өйткені біз оларға өтініш жасаған болатынбыз. Мамандардың есебі бойынша, қала көшелеріндегі жолдардың ойығын бітеу үшін 2000 тоннадай асфальт қажет. Ақтөбедегі асфальт зауыты бұл іске 1000 тонна асфальт берді, құрылыс материалының қаражаты төленді. Қала бойынша бұл бағытта жұмыстар басталды, — деді Мавр Абдуллин.
Ол өз сөзінде қала тұрғындары тарапынан жол мәселесіне қатысты көтеріліп жатқан проблеманы түсінетіндіктерін айтып:
— Қар еріп, жер енді құрғап жатыр. Сондықтан мен он күнде бұл істі толық аяқтаймыз деп уәде бермеймін. Ауа райы қалай мүмкіндік береді, іс соған сәйкес аяқталады. Жолдағы шұңқырларды бітеуге қатысты мердігер мекемелер анықталды. Дегенмен бұл жұмыстарды әлі де болса сапалы жүргізуге жер температурасы сәйкес келмей тұр. Сондықтан бұған дейін қала жолдарында пайда болған шұңқырларды уақытша бітеу үшін брусчаткалар төсеуге мәжбүр болдық, — деді қала әкімі.
Былтыр Ақтөбе қаласындағы жолдардың шұңқырын бітеу үшін бюджеттен 124 миллион теңге қаражат бөлінсе, ал биыл бұл бағытқа 134 миллион теңге қарастырылыпты. Жалпы осы жыл Ақтөбе қаласы бойынша жол салу, жөндеу жұмыстарына 5 миллиард 300 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатқа облыс орталығындағы 7 көшеге жаңадан асфальт жамылғысы төселмек. Сол сияқты, орташа, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін де нысандар бар. Оған қосымша жұмысы өткен жылы басталған 6 көшенің жолы жөнделіп, іс биыл аяқталмақ.

ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ БАҚЫЛАНАДЫ

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің айтуынша, жол сапасын тексеретін құрылым ұлттық орталық болғандықтан, олар негізінен республикалық маңыздағы жолдардың сапасын тексеруге негізделген. Алайда қосымша ақы төлеу арқылы бұл орталық облыстық, қалалық маңыздағы жолдардың сапасын тексерумен де айналысады.
— Қазіргі күні жол сапасын тексерумен айналысатын арнайы институт құрылды. Әкімдік тарапынан қаражат аударылып, келісімшарт жасалғаннан кейін, олар бұл жұмысқа кіріседі. Әлі жұмыс басталған жоқ. Бұл жерде битум, асфальт сапасы, оның қалыңдығы түгел тексеріліп, бағасы берілетін болады, — деді Мавр Абдуллин.
Жыл сайын көктемде жолдың жағдайы неліктен осындай күйге түсетінін сұраған журналист жауабына қала әкімі: «Бұл жерде екі-үш мәселе бар. Бірінші — сапа, екінші — технологияны сақтау, үшінші мәселе — біздегі ауа райы. Өздеріңіз білесіздер, ақпанда екі күн жаңбыр жауды. Осындай жағдайлар асфальт жамылғысының істен шығуына әсер етеді», — деді.

ТҮРІКТЕР ЖОЛ ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСЫП ЖАТЫР

— Қала көшелеріндегі жолдың жағдайы өте нашар. Былтыр жыл аяғында бұл іске қаражат мүлдем қаралмағандықтан, көптеген мердігерлерге уақытында қаражат бөлінбеді. Бұл — бір мәселе. Екіншіден, былтыр, оның алдыңғы жылдары жол жөндеу жұмыстарымен айналысқан мердігер компаниялардың жауапкершілігінің өте төмендігінен осындай жағдай туындап отыр. Оның үстіне қолданған материалдарының сапасының нашарлығы да қазіргі күні проблема туындатып тұр. Әрине, бұл істі ауа райымен байланыстырып қоямыз, дей тұрғанмен көп жағдайда мердігер компаниялардың жауапсыздығы осындай мәселелер туындатады. Қазір жолдағы шұңқырларды жөндеу жұмыстары басталды. Алайда бүгінгі күннің ауа райына байланысты қолға алынған жұмыстың сапасы кейін біліне бастайды. Алайда бұл — уақытша негізде жасалып жатқан жұмыстар. Дегенмен бұл іс демеушілердің, ел азаматтарының жанашырлығының арқасында қолға алынды, — деді баспасөз туры кезінде Оңдасын Оразалин.
Бүгінгі күні қаладағы 650 шақырымдық жолдың 300 шақырымы ғана асфальтталған. Қазіргі күні Ақтөбе қаласы көшелерінің жолын жөндеу үшін түрік инвесторларын іске тарту жұмыстары қарастырылып жатыр. Мавр Абдуллиннің айтуынша, бүгінде түріктің екі компаниясының өкілдері біздегі жолға қатысты 40 жобамен танысып жатыр. Олардың қатарына 8-шағын аудан, Сүт зауыты сияқты аудандардағы жолдар да кіреді. «Шетелдік инвесторлар болғаннан кейін барлық жерде негізгі мәселе қаражатқа келіп тіреледі. Олар келер аптада осы жобалар бойынша жұмыс жасай ма, жасамай ма, соған қатысты өздерінің нақты жауабын айтады. Егер келіссе, онда біз түрік инвесторларымен келісімшартқа отырамыз. Түріктер осы жұмысқа бел буып кіріссе, онда биыл қала жолдарының 80 пайызының асфальт жамылғысын ауыстырып, ретке келтірмекпіз. Ал жолдағы шұңқырларды бітеу ісі — әлем елдерінде де жүзеге асырылатын іс. Бұл жерде жол сапасына басты мән беріледі», — деді қала әкімі.
Жергілікті билік өкілдері түріктер бұл жобалар бойынша жұмыс жасауға келіссе, онда биыл сәуір айының аяғында істі бастап кетуді жоспарлап отыр.
— Түрік инвесторлары 2004 жылы Қостанайдан Ақтөбеге дейінгі аралықтағы жолды салды. Бұл құрылыс 15-16 жылға дейін өзінің сапасы жағынан мықтылығын көрсетті. Әрине, бұл жолдың жүктемесі көп. Сондықтан соңғы кезде ғана жөндеуді талап етіп тұр, — деді Оңдасын Оразалин.

ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫ: КӨЛІК ДӨҢГЕЛЕГІН ЖАРЫП, ІСТЕН ШЫҒАРАДЫ

Баспасөз туры кезінде жергілікті билік өкілдері журналистерге қаланың Әз-Наурыз көшесі арқылы өтетін өтпе жолы бойында, сондай-ақ Бөкенбай батыр көшесінен басталған жұмыстардың жай-күйімен таныстырды. Бұл жерде «Ерхат жолдары» ЖШС жұмыс жасауға кіріскен. М.Абдуллиннің айтуынша, 2012 жылы салынған өтпе жолдың бойында да жыл сайын шұңқырлар пайда болады. Кезінде мердігер компаниялар бұл жерде асфальт жамылғысының арасына арнайы тор салып жасаған. Сондықтан үстіңгі 5 сантиметр қалыңдықтағы асфальт жамылғысының сапасы сын көтермей тұр. «Кезінде жобада осылай қаралған екен. Алайда біз келер жылы бұл маңға толықтай асфальт төсеу үшін жоба жасауды қолға алмақпыз. Яғни биыл сметалық-жобалық құжаттарын дайындаймыз», — деген қала әкіміне О.Оразалин биыл бұл жердің шұңқырын толықтай бітеу жұмыстарын қолға алуды тапсырды.
Бұдан кейін әкімдер мен журналистер мінген көлік қаланың Арынов, Некрасов, Зинченко, Жиенбаев, Сәңкібай батыр сияқты көшелерін аралап өтті.
— Бүгінгі таңда жолдың жағдайы тұрғындардың наразылығын туғызып отыр. Жолға қатысты проблема жоқ емес, бар. Оны өзіміз де сезіп, көріп отырмыз. Мердігер компаниялардың демеушілігімен басталған жол жөндеуі ісі — қазіргі жағдайға байланысты қолға алынған шара. Жол жөндеу ісіне қатысты іргелі жұмыстар мамыр айында басталмақ. Бұл іске бірсыпыра қаражат бөлінді. Бірақ бөлінген қаражат барлық жолды жөндеуге жетеді деп уәде бере алмаймыз. Жолдың жағдайы бір күнде пайда болған мәселе емес, бірнеше жылдан бері қордаланып қалған проблема. Қазіргі қала көшелеріндегі жолдың жағдайы көліктердің дөңгелегінің жарылып, тіпті істен шығуына тікелей әсер етеді. Оның үстіне қаланың көркін едәуір төмендетіп отыр. Сондықтан қалалық әкімдік шұңқырларды бітеу ісін бір апта, он күннің шамасында аяқтауы тиіс, — деп Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының әкіміне нақты тапсырма жүктеп, баспасөз турын қорытындылады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button