Құқық

Заңды сақтау — өзіңді құрметтеу

Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы — адам, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Ата Заңымыздың 12-бабының 2-тармағына сәйкес, адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған және абсолютті деп танылған, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.

Еліміздің азаматтары өздерінің құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін заңды құрал, заңды тәсілдермен қорғауға және сақтауға құқылы. Демек, азаматтар құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағыттаған әрекеттер жасау кезінде қоғамда қалыптасқан мінез-құлық мәдениетін сақтай отырып, заңдылық пен ізгілік танытуға міндетті.

Заңды қоғамдағы барлық әрекет пен қатынастарды әдепті түрде үйлестіре отырып реттеуші, қалыптастырушы және орнықтырушы ретінде түсіну қажет. Заң алдында өзіңді еркін, бостандық шуағында сезіну, заң талаптарын аса құрмет тұта отырып, оны мойындау мен орындау қажет.

Біз күнделікті тіршілік қарым-қатынасымызда заңдылықты, жариялылықты, құқықтар мен міндеттердің бірлігін, парасаттылықты, салауаттылықты, имандылықты, жалпы алғанда, қарапайым адами қадір-қасиетті сақтай аламыз ба?

Бұл сұрақтарға жауапты, сот төрелігін жүргізудегі тараптардың талап арызына сәйкес, міндеттемелік-құқықтық қарым-қатынастан туындаған азаматтық істерге байланысты қарастырған жөн. Дерек келтірер болсақ, Ойыл аудандық сотының шешімімен талапкер Ж-ның талап арызы толық қанағаттандырылып, талапкер Ж-ның пайдасына жауапкер С-дан бережақ қарызы 57 000 (елу жеті мың) теңге өндірілген.

Талапкер Ж. сотқа берген талап арызында жауапкер С-ға несиеге 70 мың теңге бергенін жазып, осы ақшаны алып беруді сұраған.

Талап арыздың нысаны мен мазмұнына қарағанда, талапкер Ж. Ойыл аудандық қаржы басқармасында есепші болып жұмыс жасап жүргенде, қаржы бөлімінің қызметкері жауапкер С. (мақалада жұмыс орындары өзгертілген) 70 мың теңге қарызға ақша алған. Жауапкер С. талапкер Ж-ға той өткеннен кейін кешіктірмей қарызға алған ақшаны қайтарып беруге міндетеме алған. Жауапкер С. алған ақшасын тойы өткен соң қайтармаған. Талапкер Ж. жауапкер С-ға бірнеше рет қарызды қайтарып беруді талап еткен. Арада жыл өткенде талапкер Ж. жауапкер С-дан 13 000 теңгені әрең алған. Қарызға ақша берер кезде араларында қайтарым ақшаны өсіммен қайтару туралы сөз болмаған. Жауапкер С. талапкер Ж алдында қарыз ақша аларда ант-суын ішкен. Талапкер Ж. өзінің пайдасына жауапкер С-дан қалған 57 мың теңгені өндіріп беруді сұраған. Ұқсас нысан мен мазмұндағы талап арыздарды сот төрелігін жүргізу кезінде көптеп кездестіруге болады.

Аталған нысан мен мазмұндағы талап арыздарды қарау кезінде сот мәжілісіндегі тараптардың бір-біріне деген келеңсіз психикасына қарап отырып, адамдардың жан-тынысының тірегі — ар-ұждан, ар-ұждан жемісі — таза дене, таза ой, таза мінез, құрдымға кеткен бе? Қазақтың «Жан сақтама, ар сақта» — деген аса жоғары қасиет, ой қорытындысы қайда? Бабаларымыздың заңды ұлықтаған қанатты сөзі қайда? Қазақы болмыс үлесінен бұл шаралар, яғни азаматтар бос қалған ба? Пендешілік неге көбейіп барады?

Анты мен міндеттемесіне адалдық танытпаған тараптарға, ұлы Абай атаған адамның үш қасиеті — ыстық  қайрат, нұрлы ақыл және жылы жүрек жетпей тұрғанын толық сезінеміз.

Азаматтардың ойы мен бойында Абайдың үш қасиеті салтанат құрамағандықтан, тараптар арасында жасалған келісім мәмілесі — керісуге айналып, сотқа жүгініп отырғанын байқаймыз.

Әрине, Қазақстан Республикасының сот жүйесі Қазақ елі азаматтарының бұзылған Конституциялық құқын қалпына келтіруші жүйе болып табылады. Сондықтан қазақ елінің азаматтары өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сотқа жүгінуге құқылы.

Сот төрелігін жүргізуде әділдіктің ала жібін аттаған тараптар іс-әрекетінен туындаған негізсіздік пен заңсыздыққа өзін емес сот төрелігін жүргізуші судьяны орынсыз кінәлайтын келеңсіз көріністер көп болмаса да қылаң беріп жатады.

Сот төрелігіне азаматтардың көңіл толмау себеп-салдарын, сот төрелігін жүргізуші судьядан емес, тараптардың заң талаптарын және өздеріне берілген құқықтарын пайдалана білмеуінен қарастырған дұрыс.

Сот алдында тараптардың барлығы тең. Олардың құқығы мен бостандығы Ата Заңмен қорғалған.

Азаматтық істер бойынша, тараптардың іс-әрекетінен туындайтын заңсыздыққа жол беру деректерінің негізгі екеуіне тоқталған жөн.

Бірінші, тараптар қандайда бір талап туралы сотқа жүгінерде, өзінің көтеріп отырған талабының нысаны мен мазмұнын айқындап алуы тиіс және талап арызы ҚР АІЖК-нің 150, 151-баптарында қарастырылған заң талаптарына толық жауап беру міндетті.

Екінші, Азаматтық істер жүргізу құқығында дәлелдеу міндетті деген ұғым бар. Ол заңмен реттелген, атап айтар болсақ, ҚР АІЖК-нің 65-бабына сәйкес дәлелдеу міндетіне әр тарап өзінің талаптарының және қарсыластарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс.

Десек те, сотқа талап арыз негізінде жүгінген азаматтар, ҚР АІЖК-нің 150, 151-баптарына қарастырылған заң талаптарын орындамай, сот кеңсесіне бір параққа жазылған талап арызын қалдырумен шектеледі. Талап арызында, заң талаптарына сәйкес, талабының нысаны мен мазмұнын ашып көрсетпейді, талап арызға тиісті құжаттарды қоса тіркемейді және өзінің борышы болып табылатынын дәлелдеу міндетін орындамайды, т.б.

Бұл жағдайда, сот төрелігін жүргізуші судья тараптардың талап арызы ҚР АІЖК-нің 150-бабы мен 151-бабының 1-3 тармақтарына сәйкес келмегендіктен, арыз қозғалыссыз қалдырылып, тараптарға кемшіліктерді түзету үшін мерзім береді.

Осы сипаттағы мән-жайлар орын алғанда, тараптар заңды дұрыс түсінбегендіктен ҚР АІЖК-нің 65, 150, 151-баптарының талаптарын өрескел бұзғанымен тұрмай, заңдылықты талап еткен судьяға көңілі толмайтындығын білдіріп жатады. Тараптар заңдылықты айқындау үшін, сотқа талап арыз берерде тиісті заң кеңесшілерінің көмегін пайдаланғаны дұрыс және ұтымды.

Сот отырысында сот төрелігін жүргізуші судья ҚР-сы АІЖК-нің 219-бабының 2-бөліміне сәйкес істі талап қоюшы тараптарының шегінде, тараптар ұсынған дәлелдемелерді объективті түрде жан-жақты зерттей отырып, заң мен ар-ұжданға сүйене отырып шешеді.

Қандай жағдай болмасын, заң тұрғысынан судья тараптарға талаптарының нысаны мен мазмұны туралы кеңес беруге, дәлелдемелер жинақтауға ықпал жасауға құқығы жоқ. Сот төрелігін жүргізуші судьяға барлық тараптар бірдей, судья тараптарға құрметпен қарай отырып, өзінің бейтараптығын қатаң сақтайды.

Талап қою талабы мен қарсылықтарын дәлелдеу міндеті, тек қана тараптарға олардың өкілдеріне тән.

Қазақстан Республикасы Конституциясында және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен судьяға сот төрелігін жүзеге асыру жөнінде өкілеттіктер берілген, судья өз міндетін тұрақты негізде орындаушы және сот билігін жүргізуші болып табылады.

Қазақстан Республикасы Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкес судья тараптарға жалпақ шешейлік танытуға немесе ықпал жасауға қатаң тиым салынған. Заң тілімен айтқанда, судья көзделмеген соттан тыс функциялар мен міндеттерді жүктеуге болмайды.

Сот төрелігін жүргізуші судья, талап негізінде қозғалған, дайындық жасалған және белгілі күнге, уақытқа тағайындалған азаматтық істер бойынша, тараптар және олардың өкілдерімен сот отырысы ашық деп жарияланғаннан кейін,тек қана сол отырысы залында қарым-қатынасқа түсе алады. Бұл қарым-қатынастар заңмен белгіленген талап шеңбері аясында болуы және сот отырысы  хаттамасында жазылуы қажет. Басқа жағдайда, заң талаптарына сәйкес сот төрелігін жүргізуші судьяға тараптармен қарым-қатынасқа түсуге тиым салынған.

Сот төрелігін жүргізуші судья тараптарды, олардың өкілдерін қызмет орнында жеке дара қабылдауға құқығы жоқ. Судьяның бұл әрекетін дөрекілікке немесе сыйламаушылыққа жатқызуға мүлде болмайды. Бұл — заң, заңды ұлықтау — әр адамның міндеті мен борышы.

Аманғали ҚАРЖАУОВ,

Ойыл аудандық сотының төрағасы.

***

Ашық жұмыс, айқын бағытпен

«Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңның және облысымыздағы осы бағытта қолға алынған бағдарламаға сәйкес біздің «Ақтөбе қаласының дене тәрбиесі және спорт бөлімі» ММ-де сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою мақсатында іс-шаралар жоспары әзірленді.

Мекемеде лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне қатысты азаматтардың арыз-шағымдары үшін арнайы жәшік орналастырылды. Жәшікке түскен шағымдарды алу үшін мекемеде комиссия мүшелері жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, «АРМ ЕУОЛ» бағдарламасы бойынша азаматтардың өтініштерін қарап, мерзімінде жауап берілуі үнемі бақылауда. Әр аптаның сейсенбі күндері Ақтөбе қаласы әкімдігінің аппаратына аталған бағдарламаның электронды нұсқасы түрінде есеп беріліп тұрады. Жыл басынан бері мекемеге 6 жеке  және  18 заңды тұлғалар тарапынан арыз-шағымдар мен ұсыныстар түсті.

Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғаларды қабылдау, бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, әр аптаның дүйсенбі–жұма күндері жүргізіледі. Бөлімде қызметкерлердің әдебін бақылау кітабы бар. Азаматтардың мекеме қызметкерлерінің аталған заңдарды бұзу туралы жайларды  хабарлауы үшін мекемеде 21-36-76 сенім телефоны жұмыс жасайды.

Қала тұрғындарын ақпараттандыру қызметін қамтамасыз ету мақсатында бөлімнің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан барлық спорттық шаралар жергілікті бұқаралық ақпараттар құралдарында, телеарналар мен радио желілерінде беріліп тұрады.

Ақтөбе қаласының дене тәрбиесі және спорт бөлімі облыстық  спорт федерацияларымен бірлесіп жұмыс жасайды. Ағымдағы жылдың тамыз айына дейін бекітілген жұмыс жоспары бойынша тоқсаннан астам бұқаралық спорттық іс-шаралар өтті. Қала бойынша өткізілген барлық спорттық шараларды  келісім бойынша облыстық мемлекеттік мекемелердің білікті мамандары мен жоғарғы санатты төрешілері жүргізеді.

Өткен жылы Ақтөбе қалалық мәслихаты мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасынан кезекті тексеру комиссиялары келіп, мекеменің жұмысына оң баға берді.

Мекемеде сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою мақсатында бөлім қызметкерлерімен жүргізілетін шаралар үнемі баяндалып отырады.

Ескендірбек МАХАНОВ,

Ақтөбе қаласы дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бастығы.

***

Сараптама жемқорлыққа жол бермейді

Өмір болған соң денсаулыққа байланысты түрлі жағдайлар болып жатады. Сондайда адамдар облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне келіп, медициналық-әлеуметтік сараптамаға (МӘС) жүгінеді. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың бөлімдері туберкулез және психикалық ауруларды куәландырады, мүгедектік топтарды, адамның еңбекке жарамдылығын жоғалту дәрежесін анықтайды, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту бойынша іс-шараларды жасап, мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлейді.

МӘС бөлімдері мамандары сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылыққа жол бермеу, құқықтық сауаттылықты көтеру үшін Департаментте жүйелі жұмыс жобасын жасады. Оның ішінде лауазымдық құқық бұзушылықтың алдын алу, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс Кодексін сақтау жөнінде нақты іс-шаралар көрсетілді. Тоқсан сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамаларын түсіндіру жөнінде қызметшілер арасында оқу жүргізіледі.

Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Департаментте азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары үшін «Сенім және үміт» жәшігі орнатылған. Сенім телефонының номері (56-76-43) Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтына енгізілді.

Мүгедектікті тағайындау туралы сараптық шешімді шығару негізінен медицина мекемелерінің ауруларды МӘС-ке жіберу кезінде құжаттарды ресімдеу сапасына байланысты. Өкінішке қарай, іс жүзінде тексерілмеген және емделмеген науқастар, әсіресе шалғай ауылдық жерлерден жіберіліп жатады. Мұндай жағдайда сараптық шешімнің шығарылуы ұзаққа созылып кетеді, аурулардың қайта тексерілуіне тура келеді. Осыдан келіп науқастардың сенімсіздігі пайда болып, оның ақыры дау-жанжалға апарып соқтырады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін медициналық мекемелер дәрігерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар, тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізіліп отыр.

Қазіргі кезде Республикалық мүгедектер туралы орталықтандырылған мәліметтер базасын (МОМБ) құру аяқталды. Бұл базаның бағдарламасында медициналық-әлеуметтік сараптаманың актісі, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасы, хаттамалар және МӘС анықтамалары қалыптастырылады. МОМБ бағдарламасы арқылы сараптаманы жүргізу сапасына, мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес іс шаралардың орындалуына бақылау жасау жүзеге асырылады.

Азаматтар МӘС бөлімдерінің шешімдерімен келіспеген жағдайда Департамент басшылығына, МӘС әдістеме және бақылау бөліміне, сот органдарына шағымдана алады. Науқасты куәландыру кезінде мүгедектік белгілері анықталса ғана міндетті түрде мүгедектік тағайындалады.

Н.ҚАНАТБАЕВ,

облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің МӘС әдістеме және бақылау бөлімінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button