Басты жаңалықтарМереке

Елден ерекше ерікті

«Шынайы жанашырлық көрсету — қазақ халқына тән қасиет. Міне, нағыз волонтер болудың озық үлгісі деп осыны айтуымыз керек. Бүгінде дүниежүзінде бұл үрдіс кең таралып, әлемдік қозғалысқа айналды.
Қазірдің өзінде жер бетінде 1 миллиардқа жуық адам волонтерлікпен айналысады. Ал бізде — 16 мың. Бұл, әрине, аз. Бұл көрсеткішті 100 мыңға дейін көтеруге болады. Ұлы Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұлағатты сөзі осындай игі істерге үндейді».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменованың бастамасымен ашылған «Д.А.Р.» еріктілер клубын білмейтін ақтөбеліктер аз. 2007 жылдан бері әдемі ұғымдар — достық, адалдық, рақымшылықты ту етіп келе жатқан белсенділерді сөз еткенде, Марал Нұралинаны еріксіз тілге тиек етеміз. Өйткені ол қоларбада отырған мүмкіндігі шектеулі жандарға жастайынан қолғабыс танытып, ақысыз көмек — еріктілік қызметті көрсетіп жүрген үлкен жүректі адам, жоғарыда аталған ұйымның жетекшісі. Кейіпкеріміздің өзіне ғана тән ерекшеліктері де жоқ емес… Мереке қарсаңында Ақтөбедегі тәжірибелі волонтер қызға арнайы тоқталып отырғанымыз сондықтан.

Алғашында «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінде ерікті болған, сол арқылы жүріп-тұруы қиын адамдарға жәрдемдескен Марал — «Д.А.Р.» клубын құрушылардың бірі. Бұл салаға оның жолдан қосылмағанын, үлкен дайындықпен келгенін айтпай кетуге болмайды.
— 2007 жылы АҚШ-тың Қазақстандағы өкілдігі — Бейбітшілік корпусы ұйымының шетелдік еріктісіне куратор атандым. Онымен кездеспестен бұрын, Алматы қаласына барып, арнайы курстан өттім. Семинарларға қатыстым. Тек қана ағылшынша сөйлейтін Перри Тейчердің басты мақсаты — Құралай Базарбайқызы ашқан бірлестіктің жұмысымен танысу, мұндағы денсаулығы дімкәс адамдардың жағдайын білу. Әуелде екеуміздің өзара түсінісуіміз қиынға соққанын жасырмаймын, тек ым-ишарамен «әңгімелесіп» жүрдік. Бірақ «Қалауын тапса, қар жанады» деген рас екен. Бұл менің еріктілер жұмысына одан сайын етене араласуыма да септігін тигізді. Іле-шала өз ұйымымыз ашылды, — деп өткен күндерді үлкен тебіреніспен еске алды Марал.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

ҚР Ақпарат және коғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, елімізде 220-дан астам волонтерлік ұйым тіркелген. Ал Ақтөбеде мұндай топтардың саны 30-дан асады. Олардың қатарында қыздардың үлес салмағы басым екенін айта кету керек.

Ұлттық волонтерлік желісінің құрамына кіретін «Д.А.Р.» еріктілер клубының қазіргі таңда 120 мүшесі бар. 14 пен 75 жас аралығындағы волонтерлердің көшбасшысы Марал үшін әрқайсысының орны бөлек. Ал бірлесіп атқарған жұмыстарға ол ерекше екпінмен тоқталады. Айталық, ұйымның ең алғашқы жобасы — «Алтын жүрек» акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар қолдау тапса, «Спорттық волонтерлік», «Әлеуметтік туризм», «Біз біргеміз!», т.б. жобалары тірек-қимыл жүйесі бұзылған ақтөбеліктердің бір сәтке болса да көңілін аулауға һәм сергітуге бағытталған. Бұлардың барлығы — жыл сайын өткізілетін, әбден дәстүрге айналған жобалар. «Әлі де жүзеге аса қоймаған жоба-жоспарлар бар, әрине. Өңірде еріктілердің лагері ұйымдастырылса, арнаулы топтағылардың арасында хоккей ойындары өткізілсе, керемет болар еді. Бәрінен бұрын, волонтерліктің қыр-сырын үйрететін, оның мән-маңызын жете түсіндіретін арнаулы бағдарламалар қолға алынса екен. Білікті мамандар семинарлар өткізуі керек. Олар барлығының бірінші кезекте жүрек қалауымен, риясыз жасалатынын ұғындырса екен дейсің ғой. Әйтпесе, бізде әлі күнге еріктілер туралы дұрыс түсінік қалыптаспаған. Көзбояушылыққа салынудан сақтансақ, топ болып жүруді волонтерлік демесек, бұл қозғалыс дами түседі», — дейді сөз арасында әңгімелесушіміз.
Орталық белсенділері талай республикалық байқаулардан жүлдемен оралып жүр. Мәселен, елордада өткен «Үздік волонтер» сайысында «Волонтерлік бойынша үздік жоба» аталымы бойынша «Д.А.Р.»-дың жастары өзгелерден оқ бойы озып шығып, Білім және ғылым министрлігі тарапынан дип¬лом мен бағалы сыйлыққа ие болды. Былтыр клубтың үйлестірушісі Гауһар Жұмағазиеваны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі марапаттады (ол туралы «Ақтөбе» газетінде жазылды — А.Т.). Сонымен бірге, ұйым көптеген халықаралық, республикалық қозға¬лыстардан жемісті жұмысы үшін Алғыс хаттар алғанын айта кет¬ке¬ні¬міз абзал. Облыстағы ең белсенді еріктілер ұйымының арқасында отбасылы болып жатқандар да аз емес… Жансат-Мақпал, Серік-Лунара, Нысанбек-Тұрсынай, басқа да жұптар — игілікті істі атқара жүріп табысқандар.

Мереке иесі — Маралдың да жетістіктері бірталай. Оның ерікті болумен шектелмей, жастармен жұмыс жасайтын тренер һәм ментор, еліміздің батыс аймақтары бойынша өткізілген сұлулық байқауында «Сүйкімді ару» атанғанын, университетті үздік бітірген маман екенін келтіре кетейік. II топтағы мүгедек жан үшін бұл айтуға тұрарлық асулар емес пе?! Көпшілік тағдырластары секілді үйде отырып қалмай, қайта айналасындағы адамдарға қол ұшын созатын ерікті қыздың өмірге деген құлшынысы шынымен ерекше. Ол, сондай-ақ, жеңіл атлетика бойынша паралимпиадалық ойындардың II дүркін күміс жүлдегері, арбадағы биден Ақтөбеде өткен байқаудың жеңімпазы.
— Менің бір өзгеше қырым — Ақтөбе облысында тұңғыш рет шетелдік еріктінің кураторы болғаным шығар. Яғни соның әсерінен өзгелермен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қатар сөйлесуге дағдыландым. Әйтпесе, әлеуметтік волонтерлік бағытын ұстанғандардың бірімін. Өзім де бала жастан мүгедек болғандықтан, дене бітімінде өзгешелік бар адамдардың мұң-мұқтажын жақсы түсінемін.
Мұндай топтағы кісілермен жұмыс істеу қиын, олар ашушаң келеді деген пікірмен келіспеймін. Бәрі адамның өзіне байланысты. Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерікті болу үшін де айрықша қабілет керек. Мінез-құлқын түсініп, психолог болуың шарт. Ал бұл оңай шаруа емес, — деп сыр ақтарды «Д.А.Р.» еріктілер клубының жетекшісі.
P.S. Халықаралық әйелдер күнін асыға күтетіндердің қатарында Марал да бар. Өйткені аталған мерекеде риясыз көңілмен ізгі тілектер айтылып, адамдар бір-біріне жылы көзқарас танытады, шаттыққа бөленген жүздерді жиі кезіктіресің… Сыйлықтан бұрын мерекенің сиқыры осында емес пе?..
Гүл-көктеммен ере келген мереке құтты болсын!

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button