Басты жаңалықтар

 «Қазақ халқы жалқау» деген әңгімелерді доғару қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде 1 наурыз — Алғыс айту күні жұмыс сапарымен Жамбыл облысының Қордай ауданында болды.

Президент бұл күні тойлаудан гөрі, ауыл тұрғындарымен өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасуды жөн көрген. Мемлекет басшысы Қаракемер ауылының жұртшылығымен және Сортөбе ауылында дүнген диаспорасының өкілдерімен кездесті.

Қаракемер ауылындағы кездесуде:

— Қордайда болған оқиға халқымызды дүр сілкіндірді, бүкіл әлемді елең еткізді. Шыны керек, бұл жанжал мемлекетімізге, елімізге нұқсан келтірді. Абыройымызға зияны тиді. Енді тұтас ұлт болып, осындай теріс тәжірибеден сабақ алуымыз керек. Ең алдымен, келешекте мұндай қасіретті болдырмау үшін тиісті шара қолдануымыз қажет, — деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында Қазақстанның әлем жұртшылығына беделді,  абыройлы, қарқынды дамып келе жатқан ел ретінде танымал болғанын қордайлықтарға айта келе, ендігі міндет осы жетістіктерді сақтап қалу, оны барынша арттыру екенін атап өтті.

Жамбыл облысының жаңа басшылығының алдына аймақтың өсіп-өркендеуін тежейтін кедергілерді жойып, халықтың әл-ауқатын арттыратын шаралар қабылдау міндеті қойылды.

— Төл халқымыздың шынайы қасиеттері, болмысы қандай болуы керек? Бұл, ең алдымен, кеңшілік, жомарттық, жайсаңдық, жасампаздық деген сөз. Біз басқа ұлттарға, өзге елдерге өнеге, үлгі көрсетуіміз керек. «Қазақ халқы бейқам, жалқау, еріншек, оның қолынан ешқандай жұмыс келмейді» деген жағымсыз әңгімелерді доғару қажет. Бірақ осындай теріс пікірлерді тоқтату үшін өзіміздің еңбекқорлығымызды көрсетуіміз керек, — деп, Мемлекет басшысы ақсақалдарды ұрпақ тәрбиесінде белсенділік танытуға шақырды.

Президент тергеу жұмыстары заңға сәйкес жүргізілетінін, заң алдында бәрі тең екенін айтып, Қордайдағы жергілікті қызметкерлердің пара алу және шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырды.

— Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысып жүрген. Бұл — белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында текетірес пайда болған. Бұл текетірес салдарынан көп адам зардап шекті. 11 адам қаза тапты. Оны ашық айту керек. Енді құқық қорғау органдарының алдында тұрған міндет — барлық қылмыскерлерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды, — деді Президент.

Сондай-ақ кездесуде Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов, Жамбыл облысының құрметті азаматы Төле Сүгірбай сөз сөйлеп, аудандағы әлеуметтік және басқа да мәселелерді шешу жөнінде өз ойларын ортаға салды.

— Ұлтаралық татулық — біздің ең басты құндылығымыз. Сондықтан оған сызат түсірмеуіміз керек, — деп Қасым-Жомарт Тоқаев жиынды қорытындылады.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қаракемер ауылының спорт кешеніне барып, жас спортшылардың жаттығу барысын көрді. Болашақ спортшыларға табыс тілеп, оларға қажетті доптар мен бокс қолғаптарын сыйға тартты.

Мемлекет басшысы Сортөбе ауылында да болып, Мәдениет үйінде дүнген диаспорасының өкілдерімен кездесу өткізді.

Президент Қазақстанды достықтың, бейбітшілік пен келісімнің, сондай-ақ барлық этникалық топтардың ортақ отаны болып саналатынын атап өтті. Еліміз түрлі тарихи жағдайларға байланысты қиын-қыстау заманда мәжбүрлі түрде қазақ жерін паналап келген халықтың бәрін құшақ жая қарсы алғанын айтты. Мемлекет басшысы Қордай ауданында болған оқиғадан дұрыс қорытынды шығару керек екенін мәлімдеді.

— Болған қайғылы оқиға артта қалуы тиіс. Алдағы уақытта тату-тәтті, түсіністікте бірге өмір сүреміз. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес. Бұл биліктің де жіберген кемшілігі. Сондықтан мен бірден облыс басшылығын, соның ішінде құқық қорғау органдарының жетекшілерін де ауыстырдым, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бердібек Сапарбаев төрағалық ететін Үкіметтік комиссия барлық нысандарды қайта қалпына келтіріп, әлеуметтік мәселелерді шешумен айналысатынын айтты. Аймақтағы ахуал жіті бақылауда болады.

Президент  дүнген диаспорасының өкілдерін жастардың тәрбиесіне баса мән беріп, оларды әрбір халықтың мәдениетіне, қазақ тілі мен Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауға шақырды.

— Сіздердің балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек. Сондай-ақ орыс тілі мен өзінің ана тілін де білуі қажет. Мемлекет сіздердің мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап, дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Дегенмен сіздер, әсіресе, ауылда тұратын азаматтар мемлекеттік тілді білгендеріңіз аса маңызды, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент жастардың Қордай ауданындағы бірнеше ауылда ғана емес, Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істеуіне мол мүмкіндік бар екенін жеткізді.

— Қазақстан — байтақ әрі бай мемлекет. Еліміздің солтүстігінде құнарлы жерлер бар. Біз неге бір жерде ғана тұрақтауымыз керек? Балаларыңызды солтүстікке, шығысқа қарай жіберіңіздер. Солтүстік, батыс, оңтүстік, шығыста сіздердің балаларыңызға жұмыс істеп, ақша табуға мүмкіндік мол, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жұртшылықты қайғылы оқиғаның қайталануына жол бермеуге шақырды. Өңірдегі құқық қорғау органдарының жаңа басшылығына қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қылмыстың алдын алу жөнінде міндет жүктеді.

Кездесуде Қордай ауданының құрметті азаматы Шисыр Динласон кезінде қамқорлық көрсеткен қазақ халқына қонақжайлылығы мен мейірімі үшін алғыс білдірді. Еңбек ардагері жергілікті дүнгендердің болған оқиғаға өкініш білдіріп, кешірім сұрайтынын айтты. Сортөбе ауылдық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эдик Суларов жергілікті балаларға мемлекеттік тілді, Қазақстан тарихын, қазақ халқының салт-дәстүрін оқытуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қаракемер, Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін Арнайы жедел әрекет ету жасағының жауынгерлерімен, Ұлттық гвардияның әскери қызметшілерімен әңгімелесті.

akorda.kz сайтының материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button