Басты жаңалықтар

Көпбалалы аналарға тігін машиналары сыйға берілді

«Менің кәсібім» республикалық әлеуметтік жобасы аясында ақтөбелік аналарға қолдау көрсетілді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы мен аудандардан жиналған 30-ға жуық көпбалалы анаға тігін машиналарын сыйға тартты.

Биылдан  бастап жүзеге асырылып жатқан  республикалық әлеуметтік жобаның  мақсаты — көпбалалы аналарға рухани қолдау көрсетіп, кәсіп ашудың қыр-сырын үйрету. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекке жүгініп отырған аналарға өз істерін ашуға жәрдем беру. Жобаның басты ерекшелігі – қатысушылардан ешқандай құжат талап етілмейді. Сондай-ақ оларға құрал-жабдықтар үшін ақшалай емес, заттай дүниелер беріледі.

Жоба қатысушыларына түске дейін мамандар тарапынан мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар туралы мәлімет берілсе, түстен кейін «Аzaia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында аталған мекеменің шеберлері мен «Бесаспап» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары шеберлік сағаттарын өткізді.

Нәтижесінде облыс әкімімен кездесуге дейін аналар өздеріне арнайы камзол тігіп киіп, құрақ құрап үйренді.

Алдымен «Аzaia» ЖШС-ның  жұмысымен танысып шыққан облыс әкімі көпбалалы аналармен ақ дастарқан басында кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Келелі кездесуге Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық  филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов, Қазақстанның Еңбек Ері, Ақтөбедегі «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Байменова, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина,  облыстық жұмыспен  қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы  Бұлбұл Елеусінова қатысты.

Қай кезеңде болмасын мемлекет көпбалалы отбасыларды назардан тыс қалдырған жоқ. Мемлекеттік бағдарламалар мен арнайы жобалар арқылы дем беріп,  қолдау көрсетіп келеді. Ал бүгін қолға алынып жатқан  жоба арқылы көрсетілген көмекті одан әрі жандандырып, әрбір ана тұрмыс жағдайының жақсаруына жұмыс істеп, игі бастаманы әрі қарай белсенділікпен алып кетсе деген тілек білдіремін,— деген облыс әкімі Оңдасын Оразалин барлық аналарды келе жатқан халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Сондай-ақ жобаға бастамашылық танытып, аналарды тігіншілік өнерге үйретуге көмек қолын созған «Аzaia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Айнұр Бақтығалиеваға ризашылығын білдірді.

Ал өз кезегінде сөз алған Құралай Байменова білектерін түріп, іске кіріскен келіншектердің бастамаларына сәттілік тілеп, барлығы еңбекпен келетіндігін жеткізді.

— Студент кезімде ауылға қайтар тұста әжем менен үнемі тебен ине мен оймақ алып келуімді сұрайтын еді. Ол кезде үйдегі атама, бауырларыма киім-кешек, жадағай дегендерді әжем өз қолымен тігетін. Оларға ешкім бүгінгідей жағдай жасап, оқытып, бағыт-бағдар берген жоқ. Бірақ олар сондай қиын кезеңде күндіз-түні еңбектеніп, бізді бүгінгі күнге жеткізді. Ал қазіргі таңда көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілген. Мәселен, сіздердің дәл қазіргі сәттеріңіздің өзі — соның бір көрінісі. Әйелдерге деген құрмет, оларға деген мұндай ілтипат бұған дейінгі замандарда болған емес.  Бұл  — біздің елдің басты жетістігі, — деді.

Басқосуда жобаға қатысқан әрбір ана облыс басшысына өз алғыстарын білдіріп,

үйренгендерін дамыту арқылы кәсіптерін әрі қарай кеңейтіп, үлкен жетістікке жетуге уәде берді.

— Өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, сертификат иегері атандым. Биыл қаржылай қолдау басталса, конкурсқа қатысатын боламын. Грант ұтып алған жағдайда ательемді ашып, білгенімді өзім секілді қыз-келіншектерге үйреткім келеді. Қазір үш баламның тәрбиесімен үйде отырмын. Негізгі мамандығым — технология пәнінің мұғалімі. Бүгін жоба аясында мен өзім білмейтін көптеген мәліметтерге қанық болып, шеберлік сағаттарына қатыстым. Нәтижесінде өзіме Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай камзол тігіп алдым, — деді Әйтеке би ауданынан келген жоба қатысушыларының бірі Кенжегүл Миянова.

Айта кетейік, өткен жылы облыста 238 көпбалалы ана қысқа мерзімді кәсіби даярлау курстарынан өткізілген. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 142 көпбалалы ана 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі  грант иегері атанып, жеке ісін бастады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button