Басты жаңалықтар

Ата заңның маңызы

Биыл ҚР Конституциясының қабылданғанына 25 жыл толады. Осыған орай сәрсенбі күні Nur Otan партиясы ғимаратында «Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы және оның мемлекет пен қоғам дамуындағы маңызы» («Шәйкенов оқулары») атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өтті. Бұл шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Ресей Федерациясынан келген жазушы-өлкетанушы Күнсұлу  Намазова,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанова, ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі Әлібек Темірбеков, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, философия ғылымының докторы Амангелді Айталы, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген жоғары оқу орындарының профессорлары, ректорлар, департамент және басқарма басшылары, Ақтөбе облысының соты, прокуратурасы өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысушыларды Ата Заңымыздың ширек ғасырлық мерекесімен құттықтап, ҚР Конституциясының қоғам өміріндегі рөліне тоқталды.

— Биыл ел тарихындағы маңызды мемлекеттік мереке Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын атап өткелі отырмыз.
Әр азаматтың ерік-жігері мен таңдауы заң аясында еркін жүзеге асқан елде ғана саяси тұрақтылық пен бейбіт ахуал орнамақ.
Барлық ұлттық құндылықтар мен азаматтық қадір-қасиеттің арқауы, мемлекеттіліктің бастауы мен біртұтастығының қайнары, негізі — Қазақстан Республикасының Конституциясы.

Осыдан ширек ғасыр бұрын миллиондаған қазақстандық жаңа Ата Заңымызды қабылдау үшін жалпыхалықтық дауысқа салып, өзінің тарихи таңдауын жасаған болатын. Қазақ халқы сонау тарихи кезеңдерден заң үстемдік еткен мемлекетті қалыптастырып, құқықтық жүйесін құра білген ел. Ата-бабаларымыз дала заңдарының білгірлері — билеріміздің билігіне сөзсіз бағынған, тарихтан тағылым алған бүгінгі буын да сол игі дәстүрді жалғастырып, ұрпақ сабақтастығын үзген емес. Конституцияны дайындау барысы кезінде әлемнің 20-дан астам елдерінің конституциялары қарастырылды, Қазақстанның салт-дәстүрі мен тарихы ескерілді. Сарапшылардың ұзақ талқылауының нәтижесінде қазіргі Ата Заңымыз қабылданып, халық қолдауына ие болды. Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арнаған құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Озық әлемдік  тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Республикасы Конституциясы  халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады», —  деп атап көрсеткен болатын, — деді облыс әкімі.

Оңдасын Оразалин Ата заңымыздың негізгі ережелері аясында елдің тұрмыс-тіршілігі өзгеріп, нарықтық экономика, демократиялық қоғам құрылғанын, еліміздің халықаралық аренада озық елдермен терезесі теңескенін айтты. Соның ішінде Ақтөбе өңірінің республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі төңірегінде пікірін білдірді.

— Ақтөбе облысы еліміздегі қарқынды дамушы өңірлердің бірі ретінде республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып отыр. Облыста жалпы құны 700 миллиард теңге болатын  92 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 50 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасап жатыр, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Конференцияға қатысушылар «ҚР Конституциясы: билік және халық», «ҚР Конституциясы – тұрақтылық пен демократия кепілі» сынды әр түрлі тақырыптарда баяндама жасады. 1995 жылғы Конституция жобасының сарапшы-консультативтік  кеңесінің мүшесі болған ҚР ҰҒА академигі, профессор, заң ғылымдарының докторы Майдан Сүлейменов еліміздің тұңғыш Әділет министрі болған заң ғылымдарының докторы, профессор, айтулы реформатор, Қазақстандағы құқықтық реформаның негізін қалаушы Нағашыбай Шәйкеновтің өмірі мен еңбек жолы туралы айтты:

— Нағашыбай Шәйкенов тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан Президентінің кеңесшісі, Әділет министрі, Премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарды. 1993-1995 жылдары Әділет министрі болған тұста ел Конституциясын дайындауға қатысты. Ол Ата Заңның негізі құрылымын жасап, негізгі мәтінін жазды, сарапшылар ұжымын жинап, Тұңғыш Президентпен заңның негізгі ережелерін талқылады, — деді ол.

Шара аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған тақырыптық көрме ұйымдастырылды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button