Спорт

Ақтөбеліктер Азия чемпионын қарсы алды

Кеше ақтөбелік күрес ардагерлері, спорт басқармасының басшылары мен жанкүйерлер еркін күрестен 125 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы атанған жерлесіміз Юсуп Батырмырзаевты әуежайдан күтіп алды. Үндістан астанасы Нью-Делиде өткен біріншілікте 24 жастағы спортшы алғаш рет бақ сынаған болатын.

Сары құрлықтың мықтылары жиналатын байрақты бәсекеде ақтөбелік үздіктердің бірі болды. Жарыс кезінде төрт белдесу өткізіп, қарсыластарына бірде-бір ұпай берген жоқ. Іріктеу кезеңінде тәжікстандық Фарход Анақұловтан, ширек финалда боз кілем иесі үнді спортшысынан 11:0 есебімен басым түсті. Жартылай финалдық белдесуде сенсация тіркелді. Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Парвиз Хадибасманж ақтөбеліктің осал тұсын таба алмады. Белдесу қорытындысында 4:0 есебі тіркеліп, Юсуп финалға жолдама алды. Азия чемпионатының алтыны сарапқа салынған белдесу моңғол балуанына қарсы өтті. Көпшілік жанкүйер күткен тартысты белдесу болмады, жерлесіміз алғашқы кезеңде-ақ 10:0 есебін тіркеп, жеңіске уақытынан бұрын жетті. Бұл салмақта ұлттық құрама сапынан соңғы рет 2010 жылғы Азия чемпионатында Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Марид Муталимов топ жарған. Сол уақыттан бері  10 жыл көлемінде бұл салмақта жеңімпаз статусын ешкім иемденбеген.

Әуежайда тілшілердің сұрағына жауап берген спортшы жарысқа дайындық жоғары деңгейде өткендігін айтты.

Бапкермен жоспар бойынша жұмыс жасадық, чемпионаттағы әрбір қарсыласыма тыңғылықты тактика құрдым. Әр кезеңнен өткен сайын жеңілісті ойлағым да келмеді. Жартылай финалда ирандық балуанмен өткізген белдесу қиынға соқты. Өз елінің сақа спортшыларының бірі, әлем чемпионатында жүлде алған. Аздаған демалыстан кейін Олимпиада ойындарының жолдамасы сарапқа салынатын турнирге дайындаламын. 9 наурыз күні Алматы қаласына оқу-жаттығу жиындарына аттанамыз, — деді спортшы.

Азия чемпионы атанған Батырмырзаев «халықаралық дәрежедегі спорт шебері» нормативін орындады. Еске сала кетейік, Токио Олимпиадасында еркін күрестен 6 салмақта жүлделер жиынтығы сарапқа салынса, оның 4 жолдамасына қазақстандық балуандар иелік етіп қойды. 27-29 наурыз аралығында Бішкекте және мамыр айында Софияда Олимпиада ойындарының жолдамасы берілетін турнир өтеді. Қазақстан құрамасында 86 және 125 келі салмақтарда жолдама жоқ. Ал Токио Олимпиадасына әр салмақ дәрежесінде рейтингтік ұпайлар бойынша үздік шыққан 16 спортшы қатысады.

                                                                                                            Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button