Басты жаңалықтар

Халық санағы- 2020: жаңашылдықтар және жалпы мәлімет

Биыл елімізде атқарылатын ең маңызды шаралардың бірі — 1-30 қазан аралығында халық санағы жүргізіледі. Бұл — 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы халық және тұрғын үй қоры санағының кезекті 2020 раундын өткізуді жария етуі, соған сәйкес 2016 жылы  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері басшыларының  ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде 2020 жылға барынша жақын мерзімдерде кезекті халық санағын өткізу туралы қабылдаған шешіміне сәйкес жүзеге асырылатын шара. Осындай іс-шаралар жоспары негізінде ел Үкіметі «2020 жылы Халықтың ұлттық санағын өткізу туралы» қаулы қабылдады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында  Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов, Ақтөбе облысы бойынша статистика департаментінің басшысы Жолдасқали Бейсовтер үстіміздегі жылы елімізде ұлттық халық санағын өткізу турасында мәлімдеді.  

 Логотип пен ұрансөз

 Елімізде 2020 жылғы Ұлттық халық санағының логотипі әзірленіп, бекітілді. Ол бір шаңырақ астындағы халықтың бірлігі мен отбасылық құндылықтарын, ал қолдарын жоғары көтерген «адамдардың бейнелері» санақтың ашықтығын, қауіпсіздігі мен маңыздылығын білдіреді.

Санақтың ұрансөзі — «Қазақстанда әркім маңызды!».

Комиссия құрылды, жоспар бекітілді

Бүгінгі күні елімізде халықтың ұлттық санағын өткізу жөнінде арнайы жұмыс органдары құрылған. Ұлттық экономика министрінің төрағалығымен республикалық комиссия құрылып, оның құрамына орталық мемлекеттік органдардың вице-министрлері және облыстардың, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары кірді.

Нұрболат  Айдапкеловтің айтуынша, қазіргі таңда облыстардың мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің өкімімен халық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылып, іс-шаралар жоспары бекітіліпті. Бұл бағытта аудандар көлемінде аудан әкімі төрағалық ететін комиссиялар жұмыс жасайды.

Санақ кімдерге жүргізіледі?

Биыл елімізде жүргізілетін  халық санағы кезінде санақтан кімдердің өткізілетіні белгілі болды. Ең бастысы — Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты  тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдарға санақ жүргізіледі. Яғни олардың ел аумағында 12 айдан көп уақыт тұрғаны басты назарға алынады. Сол сияқты дипломатиялық жұмысына байланысты және «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша оқитын Қазақстан Республикасының азаматтары мен олардың отбасы мүшелері санақтан өтеді. Сонымен қатар тұрақты тұратын жері басқа елде болғанмен, бірақ халықты есепке алу сәтінде ел аумағында уақытша (12 айдан аз) жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және Қазақстан Республикасының азаматтары да санаққа ілінеді.

Кімдер санаққа ілікпейді?

2020 жылы Қазақстан Республикасындағы халық санағы кезінде санақтан өтуге жатпайтындар:

— шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары;

— Жұмыспен, іссапармен, оқумен («Болашақ» халықаралық бағдарламасымен оқитындардан басқа)  байланысты 12 ай және одан көп мерзімге Қазақстан Республикасы шегінен тыс кеткен адамдар;

— өз мемлекеттерінің дипломатиялық және басқа өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетел азаматтары, шетелдік әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері;

Интервьюерді қалай тануға болады?

Баспасөз мәслихатын өткізушілердің айтуынша, халық санағы кезінде азаматтарды жұмыспен қамту басты назарға алынған. Яғни уақытша санақ персоналы ретінде нұсқаушы-бақылаушылар, интервьюерлер жұмысқа тартылады. Республика бойынша бұл науқанда 32,5 мың адамды жұмысқа тарту және орналастыру жоспарланған.

Бұл жұмысты жалданып жасайтын азаматтарға қойылатын нақты талаптар бар. Ең бастысы  — ол 18 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт. Оның бойында бастамашыл, жауапты, тез тіл табысатын қасиеті болуы қажет. Жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды, планшетпен жұмыс істей білуі керек, — деді Нұрболат Айдапкелов.

Халық санағын жүргізу кезінде интервьюердің қолында аумақтық статистика органы басшылығының қолы қойылған және мөрі басылған, фотосуреті бар, аты-жөні жазылған, берілген күні мен қолданылу мерзімі көрсетілген интервьюер куәлігі болуы қажет. Сол сияқты халық санағының символикасы бар көк түсті шарф пен  осындай белгідегі көк түсті портфель міндетті түрде болады.

Бір интервьюердің жүктемесі — 833 адам. Тұрғын үйлерге барған кезде интервьюерлерде халық санағының логотипі бар куәлік, сөмке, шарфтың болуы міндетті.  Ол үшін санақ персоналымен өтеулі қызмет көрсету шарттары жасалады. Олар толық көлемде, яғни  30 күн  қызмет көрсеткен кезде дайындық кезеңінің интервьюері үшін 75 743 теңге төлеу жоспарланған.  Ал осындай мерзімде негізгі кезеңде еңбек еткен  интервьюерге 94 678 теңге төлеуді жоспарлап отырмыз, — деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, толық көлемде 45 күнге қызмет көрсетілген кезде дайындық және негізгі кезеңдердің нұсқаушы-бақылаушысына көрсетілген қызметтері үшін 113 614 теңге төлеу жоспарланыпты.

Науқан: уақыт пен кезең

Бұл жерде айта кететін бір жайт, халық санағы шартты екі кезеңнен тұрады. Олар — дайындық кезеңі және негізгі кезең. Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, дайындық кезең маусымның 1-і мен 30-ы аралығында жүргізіледі. Бұл кезде интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады. Бұл кезеңде аудандастыруға дайындық жүргізіледі.

Санақтық аудандастыру — өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақты өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу.

Ал негізгі кезең қазан айының 1-і мен 30-ы аралығын қамтиды. Қазан айының 1-і мен 15-і аралығында, яғни тікелей халық санағының алғашқы 15 күнінде интернет-сауалнама жүргізіледі. Интернет-сауалнамада респонденттер өзіне және отбасы мүшелеріне интернет желісі арқылы sanaq.gov.kz арнайы сайтында санақ парақтарын өз бетінше толтырады. Сонымен бірге сайтта респонденттерге арналған түсіндірмелер мен арнайы виртуалды көмекші де бар.

Интернет-сауалнамамен қатар 1-30 қазан аралығында интервьюерлер де сауалнама жүргізеді. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Интернет арқылы мәліметтер берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды. Халыққа сауалнама жүргізу барысында респондентті сәйкестендіру үшін сұралатын адамның жеке сәйкестендіру нөмірі пайдаланылады. Сауалнама аяқталғанда халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі, — деді Н.Айдапкелов.

Халық санағы қалай өткізіледі?

Комитет төрағасының айтуынша, халық санағы жүргізілетін негізгі кезең — 1-30 қазанды қоса алғанда, планшетте 2 кезең интервьюерлері толтыратын электронды санақ парақтарымен «Халық санағы» мобильдік қосымшасы пайдаланылады. Интервьюер тұратын немесе тұруы мүмкін үй-жайларға барады, сұрау салады және арнайы санақ парақтарын толтырады. «Бұл жерде мынаны түсіну керек.  Аталған үй-жайда тұрақты тұратындар немесе уақытша жоқ, болмаса уақытша жүргендер санынан әлдекім онлайн режимде санаққа алынбаса, яғни қалып қойса, ол  адамда санақтан өткендігін растайтын SMS-хабарлама болмаса, интервьюер оған қажетті санақ парақтарын толтырады. Халықты есепке алуды толық әрі дұрыс қамтамасыз ету үшін бақылап аралау іс-шаралары пайдаланылады. Бұл орайда интервьюерлердің қауіпсіздігі де басты назарға алынады. Жұмысқа учаскелік полицейлер де тартылады», — деді баспасөз мәслихатын өткізушілер.

27 мың планшет сатып алынды

Ұлттық санақты өткізу үшін еліміздің статистика комитеті 1085,6 миллион теңгеге

қытайлық «KOUZONE MTK6592» маркалы 27 412 планшеттік компьютер сатып алған. Оның әрқайсысы 39 мың теңге тұрады. Мамандардың айтуынша, бұл құрылғы стилусы, қорғайтын қабы, қауіпсіздік әйнегі, Powerbank қарастырылған қосымшасы,  гарнитурасы бар техникалық ерекшеліктің талаптарына сай келеді.

Санақ аяқталғаннан кейін планшеттер Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктеріне және жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Аталған мемлекеттік органдар арқылы хат алмасу жүргізілді және оларға планшеттерді беру туралы алдын ала келісім жасалынды. Сондай-ақ планшеттердің бір бөлігі Статистика комитетінің балансында ай сайынғы, тоқсандық, жыл сайынғы салалық байқаулар мен зерттеулерді өткізу мақсатында қалдырылатын болады, — деді Н.Айдапкелов.

 Ақтөбеде халық санағына 1410 адам жұмысқа тартылады

Сонымен, биыл өткізілетін халық санағының басты жаңашылдығы — жұмыстың онлайн түрде жүргізілуі, планшеттердің қолданылып, 31 қазан мен 7 қараша аралығында респонденттерді іріктемелі (10 пайыз) бақылап, аралап шығу. Ұлттық халық санағын жүргізу кезінде респонденттер алғашқы статистикалық деректерді міндетті түрде өтеусіз негізде ұсынуы қажет.

Халық санағын жүргізуге Ақтөбе облысы бойынша 1400-ге жуық адам тартылмақ. Бірінші кезеңде, яғни маусым айында 210 адам жұмысқа тартылса, негізгі кезеңде 1200-дей адам қызмет етпек. Бұл жерде бір айта кететін жайт, халық санағы бойынша маусымда еңбек еткен адам өз еркімен қазан айында да жұмысқа шығуға құқысы бар. Бұл жерде ешқандай мәселе жоқ. Науқандық жұмыс жасағысы келетіндер облыстық статистика департаментіне жолығуы керек. Ол үшін халықты алдын ала ақпараттандыру жұмыстары жүргізілетін болады, — деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, бір адамның отбасының барлық мүшесін бір мезгілде онлайн түрде тіркеу мүмкіндігі бар. «Жасы ұлғайған кісілер интернетті көп пайдалана бермейді. Осындай кезде отбасы мүшелері оларды нақты ақпарат арқылы тіркеуге қоя алады. Ал интернеті, ұялы байланысы жоқ ауылдарда халық санағы планшеттерге енгізу арқылы жүргізіледі. Кейін бұл ақпараттардың барлығы арнайы каналдар арқылы орталық серверге түседі. Бұл мәселе облыстық әкімдікте де талқыланды. Жоспар бойынша, Ақтөбе аймағында елді мекендерді интернетке қосу мақсатында біраз жұмыстар жоспарланған. Өкінішке қарай, интернеті жоқ ауылдардың тұрғындары халық санағынан онлайн түрде өте алмайды. Ал интервьюер оларға міндетті түрде баратын болады», — деді Нұрболат Айдапкелов.

Ақтөбе облысы бойынша статистика департаментінің басшысы Жолдасқали Бейсовтің айтуынша, биыл 1 қаңтардағы мәлімет бойынша облыста 881 мың адам бар. Қазіргі күні Ақтөбе қаласындағы халықтың саны — 500 798.

Елімізде соңғы рет халық санағы 2009 жылы жүргізілді. Жасыратыны жоқ, ол кезде түрлі проблемалардың кездескені белгілі. Өйткені санақ қағаз жүзінде болды. Көшірмелер жасалған.  Сондай қателіктерді болдырмас үшін біз бір қорытынды шығардық. Санақ персоналдарының жазуын түсінбеу, техникалық қателіктердің туындауы сияқты мәселелер кездесті. Сондықтан алдағы халық санағы электронды негізде өтетіндіктен, жұмыс сапалы әрі жедел жүргізіледі деген ойдамын. Оның үстіне өңдеу жұмыстары да тез жүргізілмек, — деді комитет төрағасы.

P.S. Биыл елімізде жүргізілетін ұлттық халық санағының бюджеті — 8,2 миллиард теңге. Бұл — халық санағына дайындық және осы жұмыстарды жүргізу үшін қарастырылған қаражат.

Бүгінде статистика комитеті халық санағын өткізу барысы туралы қоғамды ақпараттандыру мақсатында мемлекеттік және ресми тілдерде 8 ақпараттық  бейнеролик әзірлепті. Ел тұрғындарына 2020 жылғы ұлттық халық санағы туралы барлық ақпарат sanaq.gov.kz арнайы сайтында, статистика комитетінің stat.gov.kz  ресми сайтында, сондай-ақ YouTube (STATGOV KZ), Facebook (@statgov.kz),  Instagram (@statcomrk) әлеуметтік желілерінде #sanaqkz2020 хэштегі арқылы жарияланады. Сол сияқты 1446 қысқа нөмірімен бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейтін болады.  Қазақстанның барлық ұялы операторлары мен стационарлық телефондары үшін қоңырау шалу тегін.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button