Құқық

Біздің Конституция — тұрақтылық пен демократия кепілі

1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Конституциясы бүкілхалықтық дауыс беру арқылы қабылданған сәттен бастап ширек ғасырдай уақыт өтті. Осы тарихи кезең Негізгі Заңның тарихи рөлі, оны Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылық пен құқықтық тәртіп түрінде іске асыру нәтижелері туралы пайымдауға себеп болып отыр.

Конституция «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқымыз…» деген сөздермен басталады, онда мемлекеттің қайта жандануына, жаңа әділ қоғам құруға ұмтылған көптеген ұрпақ сабақтастығының барлық түп-тамыры негізі жинақталған.

Әлемдік қоғамдастықта алғаш рет «Қазақстан халқы» сияқты әлеуметтік-этникалық құбылыс танылды.

Заң жүзінде Қазақстанның барлық ұлттары мен халықтары барша азаматтардың конституциялық тең құқықтығына негізделген біртұтас құрылым ретінде бекітілген.

Тұңғыш демократиялық Конституцияны қабылдау — Қазақстан өміріндегі тарихи, ауқымды оқиға.

1995 жылғы Конституцияның авторы және дем берушісі Елбасы Н.Ә.Назарбаев болып табылады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Конституция — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» еңбегінде «Еліміздің Негізгі Заңы — Конституция қазақстандық қоғамды тәуелсіз, экономикалық дамыған, әлемдік қауымдастыққа интеграцияланған, азаматтарына қолайлы және лайықты өмір қамтамасыз етілген мемлекетті құру секілді жоғары мақсаттарға ілгерілеуін регламенттейтін негізгі құжат болды және болып қала береді», — деп атап өтті.

Елбасы Батыс елдерінің конституциялық құрылысының тәжірибесін зерттеді, Конституцияны құру үшін құрамына  белгілі құқықтанушы ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері енген арнайы сараптамалық-консультативтік кеңес құрды.

1995 жылы 30 тамыз күні Қазақстан халқы демократиялық құрылымға  және азаматтық қоғамның одан әрі жетілдіруіне ұмтылуды растап, өз тарихи таңдауын жасады.

Егеменді мемлекет халқы республика қызметінің негізін қалаушы принциптерін, конституциялық құрылыс негіздерін, жеке адамның құқықтық мәртебесін тікелей ерік білдірумен анықтады.

Конституция қабылданғаннан кейін әлем біздің республикамыздың тұрақтылығына қосымша сенімділік алды, ал оның халқы — толыққанды мемлекеттілік пен өркениетті қоғам құруға деген үмітке ие болды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында біздің Республикамыздың осы жылдардағы барлық жетістіктері бұл Ата Заңның негізінде өмірдің барлық салаларында іргелі реформалар жүргізілген Конституция нормаларының тікелей қолданылуының нақты нәтижесі екендігін атап өтуге болады.

Қазақстандағы конституциялық құрылыс идеялары ғасырлар тереңіне кетеді. Қазақ халқының өз мемлекеттігін құрудағы күрес тарихы көпғасырлық және күрделі процесс. Қазақ хандығы кезеңінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» сот-құқықтық жинақтары ерекше рөл атқарды.

Ұлы даланың заңдары қазақ халқының дәстүрлеріне негізделген, қазақтардың ішкі саяси бірлігін нығайту, қазақ орталықтандырылған мемлекетін құру мақсатында, қазақ қоғамының бірыңғай құқықтық негіздерін әзірлеу үшін қабылданды, сондықтан қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында баға жетпес тарихи рөл атқарды.

1787 жылы әлемде алғаш рет қабылданған Құрама Штаттардың Конституциясы қазіргі уақытта да қолданыста. Еуропада бірінші Конституцияны Франция және Польша 1791 жылы қабылдады. Конституцияның адам және мемлекет өміріндегі орны мен рөлін шынайы түсіну ХХ ғасырдың соңында қалыптасты.

Конституция — азаматтардың конституциялық-құқықтық идеяларын, қағидаттарын, құқықтары мен бостандықтарын іске асыру бойынша әлемдік өркениетке қол жеткізген демократияның аса маңызды институттарының бірі.

Барлық әлемге белгілі Конституциялар өз елдерінің дамуының шешуші кезеңдерінде пайда болды.

Біздің еліміздің Негізгі Заңы күрделі саяси жағдайларда, қиын әлеуметтік-экономикалық ахуалда, қоғамдық және мемлекеттік құрылым негіздерін қайта қарау кезінде әзірленгені ешкімге құпия емес.

Қазақстан Республикасының Конституциясы — Қазақстан халқының басты тарихи жетістігі, халықаралық қоғамдастықтың біздің егемендігіміз бен мемлекеттілігімізді мойындауының жарқын айғағы болып табылатын мемлекеттік нышан.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында елдің Негізгі Заңын жасақтауға баға жетпес үлес қосқан Нағашыбай Шайкеновты еске алуды жөн көрдім.

Ол — тамаша ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі (1992-1993 жж.), Әділет министрі (1993-1995 жж.),  Вице-премьер (1995-1996 жж.), Қазақстандағы конституциялық құрылысты дамытуға баға жетпес үлес қосқан ірі реформатор.

Нағашыбай Шайкенов Қазақстан Республикасының Конституциясын дайындау бойынша Президенттің кеңесшісі ретінде Конституция жобасын әзірлеуге тікелей қатысты. Оның пікірінше, «Конституция» деп аталған барлық мәтін Конституция болып табылмайды». Төрт ұғым негізгі болып табылады, бұл — адам құқығы, мемлекеттік билік, демократия және сот төрелігі.

Адам құқықтары — Конституциялық проблемалардың бастапқы түйіні, адам өмірінің қасиетті болуы, оның физикалық, моральдық  және жекеменшікке қол сұғылмаушылығы ажыратылмайды, олар тек ерекше жағдайларда ғана және тек конституциялық заңмен ғана шектелуі мүмкін.

Мемлекеттік билік — мемлекеттің бірыңғай негізгі элементі, кез келген биліктің субстанциясы бағынышты қатынастар болып табылады. Мемлекеттік биліктің орталық институты атқарушы билік болып табылады.

Демократия — абсолютті құндылық, тоталитаризмнің антиподы және әлеуметтік еркіндік институты.

Сот төрелігі — барлық мәлімделген әлеуметтік-экономикалық реформалар жетістігінің қажетті шарты. Онсыз азаматтардың құқықтары, демократия, нарық, «тежеулі» мемлекеттік билік болмайды.

1995 жылғы Конституцияның барлық философиясы билікке ие мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар құқыққа бағынуға және құқыққа байланысты болуға тиіс деген ұғымға әкеледі.

Конституциялық реформа — бұл қоғамды құқық шеңберінде және құқықтық әдістермен жүргізілетін өркениетті реформалау.

Атап айтқанда, Н.Шайкенов Қазақстан Республикасындағы сот билігі конституциялық негіздерінің салынып, сот жүйесін реформалау тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттері айқындалуына жол салды. Оның бастамасымен 1995 жылғы Конституцияда судьяларды халық консенсусының және мемлекеттік биліктің үш тармағының бірден-бір көрінісі болып табылатын Президент тағайындайтыны белгіленді.

Нағашыбай Шайкенов құқықтық реформаның негізі ретінде сот жүйесін қайта құруды, судья корпусын жасырын іріктеуді,  қатардағы судьяларға сенімсіздікті түбегейлі жою қажеттігін, судьялардың шынайы тәуелсіздігіне қосымша кепілдік беруді атады.

1995 жылғы Конституцияда бірінші рет заңдылықты сақтау, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, заң мен сот алдында баршаның теңдігі, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы, істі қараудың жариялылығы сияқты сот төрелігінің маңызды қағидаттары қалыптастырылып, бекітілді.

«Заң газеті» және «Юридическая газета» редакторларына 1996 жылғы 28 тамызда берген эксклюзивті сұхбатында Нағашыбай Шайкенов: «1995 жылғы Конституция егемен Қазақстанның құқықтық субъектілігін алғаш рет рәсімдеді, соның арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастығының саяси және заңды танылуына ие болды. Конституцияның қабылдану фактісінің өзі, ымырасыз пікірталастарға қарамастан, қоғамның келісімі мен тұрақтылығын көрсетті», — деп атап өткен болатын.

«Жаңа Конституция өзінің «парадигмасымен», яғни саяси, экономикалық және құқықтық бастапқы қағидаттар жүйесімен, онда толығымен жаңа саяси-экономикалық құрылыммен, мемлекеттің құрылғысымен ерекшеленеді».

«Менің ойымша, алдағы уақытта Конституция құрылымы, оның негізгі ұғымдық жүйесі  өзгертілмейді. Қазір қолданыстағы Конституцияны толығымен өзгертудің қажеті жоқ. Менің ғылыми болжамым осындай». Ғалым ретінде осындай пікірлерімен Н.Шайкенов алдын ала болжау қасиетіне ие екендігін байқатты.

Құқық теоретигі ретінде ол заң мен құқық мәнінің диалектикалық байланысы тек құқықтық мемлекетте ғана үздіксіз болады деп есептеді.

Мен Нағашыбай Аманғалиұлымен таныс болғаным және оның тікелей басшылығымен Әділет органдары жүйесінде қызмет жасағаным үшін тағдырыма ризамын.

Әділет министрі ретінде ол жас кадрларды олардың бастамашылығына, өзгерістер мен прогреске деген қабілетіне сүйеніп, жұмысқа тартты.

Жаңа кадрлық саясат ауқымында 1996 жылдың ақпан айында Әділет министрі Н.А.Шайкенов мені Оңтүстік Қазақстан облысы әділет басқармасының бастығы қызметіне  ұсынып, ұжымға басшы ретінде таныстырды. Әділет министрінің Оңтүстік өңірге келуі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Осындай деңгейдегі мемлекет қайраткері мен тарихи тұлғаның сеніміне ие болу мен үшін үлкен  құрмет болды.

Аса көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Н.А.Шайкенов қазақстандық қоғамда «Құқық және прагматик романтигі», «ақын және философ», «қазақстандық демократияның айнасы», «Қазақстанның қоғамдық өміріндегі жарқын метеорит», «дәстүрлі емес министр» ретінде есте қалды.

Ғалым, мемлекет қайраткерінің прогрессивті идеялары мен ой-пікірлері қазіргі сот жүйесінде және судьялыққа кандидаттарды кадрлық іріктеу тетігінде өз қолданылуын тапты.

Қазіргі уақытта сот жүйесі жаңғыртылды, нәтижесінде сот қызметінің заңнамалық және процестік негіздері жетілдірілді, сот төрелігіне сенім мен қолжетімділікті қамтамасыз ету деңгейі жоғарылауда, судья кадрларын іріктеу рәсімі түбегейлі өзгеруде, қабылданған шешімдер үшін судьялардың жауапкершілігі күшейтілуде, судьялардың жүктемесі едәуір төмендетілді.

Жүргізілген реформалар нәтижесінде сот заңның үстемдігі мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің пәрменді құралы болып отыр.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын мерекелеуге байланысты Конституция көпұлтты Қазақстан халқына ең басты құндылығы — тұрақтылық пен бейбіт өмір сүру мүмкіншілігін бергенін тағы да еске салып өткім келеді. Біздің ата-бабаларымыздың армандаған тәуелсіздігін қазіргі ұрпақ көріп отыр.

Сәкен АБДОЛЛА,

Ақтөбе облыстық

сотының төрағасы

Басқа жаңалықтар

Back to top button