Басты жаңалықтар

Орталық базарда дезинфекциялық жұмыстар өтті

Бүгін, яғни сенбі күні Ақтөбе қаласындағы Орталық базар аумағында профилактикалық дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Бұл – Қытайдан таралған коронавирустық инфекция бойынша қалыптасқан қолайсыз жағдайға байланысты ұйымдастырылған шара. Мамандар сол арқылы тұрғындар көп жиналатын жерлерде аурудың таралуының алдын алуды мақсат етіп отыр.
Мұндай акциялар 20 ақпаннан бастап Ақтөбе қаласының базарларында кестеге сәйкес өткізіліп жатыр. Дезинфекциямен сауда орындары мен базарларға іргелес аумақтар қамтылады.
– Орталық базардағы осы жұмыстарға 12 дезинфектор, басқа да сала мамандары тартылды. Барлығы – 20-дан астам қызметкер. 12 арнаулы құрылғы, 4 көлік жұмылдырылды. Дезинфекция барысында гидрохлорид натрий қолданылады, – дейді облыстық тауарлар, қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Шараға сала мамандарынан бөлек, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева, журналистер, белсенділер куә болды.
Кез келген инфекциялық аурулардың таралмауын көздеген акция аясында алдымен аталған базардың ішінде дезинфекциялық жұмыстар өтті, түстен кейін бұл аумақтың жан-жағында, жақын орналасқан көшелер маңында жалғасты.
Мамандар, сондай-ақ, инфекциялық ауруға күдікті жағдай тіркелген кезде тиісті қызметтердің іс-қимылдарын тағы да пысықтау бойынша оқу-жаттығулар өткізілетінін хабарлайды. Сол сияқты мұндай дезинфекциялық жұмыстардың бүгін Ақтөбе қаласындағы теміржол вокзалында да өткенін айта кету керек.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button