Президенттік жастар кадр резерві: жаңа мүмкіндікке жол ашқан жоба

Елімізде Президенттік жастар кадр резерві құрылып, Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 300 үміткер іріктеліп алынды. Аталған ТОП-300 тізіміне Ақтөбе облысынан 12 жас енді.
Президенттік жастар кадр резервін іріктеудің бірінші кезеңіне біздің облыстан 500-ден аса жас өтінім берген. Республика бойынша Ақтөбе облысы резерв қатарына енушілердің ішінде 5-орында тұр. Қазір өңірде үздіктер қатарына енген 12 жастың бірқатары жаңа қызметке тағайындалды.
Қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 жаспен кездесу өткізіп, олардың әрқайсысынан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтетінін жеткізді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы биыл резервтегі 100 адамды жауапты қызметке тағайындауды, алдағы жылдарда кадрлық резервтің әлеуетін толық пайдалануды жоспарлап отырғанын айтты.
Сондай-ақ Президент елімізде жүргізілетін ауқымды трансформациялар нақты салалардағы, өңірлердегі, қалалар мен ауылдардағы кішкентай өзгерістерден басталатынын атап өтіп, жастарды атқаратын қызметіне қарамай мемлекетті жаңғырту процесіне өз үлестерін қосуға шақырды.
Мемлекет басшысымен өткен кездесуден соң, резервке өткен 12 ақтөбелікпен сөйлесудің сәті түсті. Ел Президенті үміт артқан ақтөбелік үздіктердің қатарында кімдер бар?
Сіздер де таныс болыңыздар.
«МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ ӨЗ ЖҰМЫСЫН ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ БЕЙІМДЕУІ ТИІС»
Ақтөбе облысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне енген азаматтардың бірі — Ермек Кенжеханұлы. Бүгінде Мәртөк ауданы әкімі лауазымын атқарып отырған Ермек — «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ұлыбританияның Рединг университеті мен Корея Республикасының Аджу университетінің магистратурасын аяқтаған ол елге келген соң «Қазагро» холдингінде, кейін Қарағанды облысының шалғай ауданы Ақтоғайда еңбек етіп, дамыған елдерден алған тәжірибесін іс жүзінде жүзеге асырады. 2015-2018 жылдары Ақтөбе облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы, 2018-2019 жылдары облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасы басшысы қызметтерін атқарған Ермек Кенжеханұлы ел Президенті айтып өткендей, қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа әдістерді енгізу қажет деп санайды.
— Меніңше, мемлекеттік аппарат та өз жұмысын заман талабына сай бейімдеуі тиіс. Мемлекет басшысының өзі де айтып өткендей, еліміздегі мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік аппаратты сервистік модельге ауыстыру қажет. Бүгінгі таңда көптеген елдер осы сервистік модель жүйесіне көшкен. Бұл жүйеде кез келген мемлекеттік қызметші халықтың талабына, сұранысына сай жауап бере алатындай қызмет жасауы тиіс. Әрі көрсетілген қызмет барынша сапалы болуы керек, — деген аудан әкімі еліміздегі Халыққа қызмет көрсету және жұмыспен қамту орталықтарының сервистік модель жүйесінде «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасап жатқандығын өте құптарлық іс деп санайды. Айтуынша,
Мемлекет басшысы айтып өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осы сервистік модельдік жүйеге бірден-бір сай келеді.
— Бұл бағыттағы жұмыстар Мәртөк ауданында басталып кетті. Жуырда аудандық әкімдік ғимаратынан Ашық әкімдік форматында орталық ашылды. Халыққа тиімді әрі ыңғайлы болсын деген ниетпен барлық мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір ғимаратқа шоғырландырып жатырмыз, — дейді аудан әкімі.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Мәртөк ауданы көлемінде халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында, атап айтар болсақ, баспана, көгілдір отын, жол мәселелері бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Ауданға қарасты ауылдарды мобильді байланыс жүйесімен қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар бір жүйеге негізделген.
«КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ — НАРЫҚТЫ ДАМЫТУДЫҢ БАСТЫ КЕПІЛІ»
32 жасында өз биігін бағындырып, ел Президенті үміт артқан үздіктердің қатарына енген Қайрат Райымқұлов — әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Қазақ гуманитарлық заң университетінің түлегі. Еңбек жолын 2010 жылы Ақтөбе облысының қаржы басқармасында жетекші маман болып бастаған. Бүгінгі күнге дейін ол Ақтөбе қаласы экономика және қаржы бөлімінің басшысы, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының басшысы, облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарып келді.
Бүгінде облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы қызметіне кіріскен Қайрат Президенттік жастар кадр резерві — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі білікті мамандар мен көшбасшылық қабілетке ие жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік болғанын айтады.
Облыстың кәсіпкерлігіне жауапты басшы кәсіпкерлікті дамыту нарықты дамытудың кепілі деп біледі. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды барынша қолданып, облыстағы шағын және орта кәсіпкерлікті қарқынды дамыту — жас басшының алға қойған негізгі міндеттерінің бірі.
— Елімізде тиімді нарықтық экономика құруда шағын және орта бизнестің маңызы зор. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Еліміздің экономикалық саясатының бірден-бір басымды бағыты — кәсіпкерлік» деп баса айтқан болатын. Президент берген тапсырмаға сәйкес 2025 жылға дейін еліміздегі жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 35 пайызын шағын және орта бизнес құрауы тиіс. Бұл бағытта мемлекет тарапынан бірнеше жаңа жобалар мен бағдарламалар қарастырылған, — деген Қайрат Райымқұлов Ақтөбе облысы бойынша аталған бағытта нақты жұмыстар жүзеге асырылатындығын жеткізді.
«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ТӨМЕННЕН БАСТАҒАН ЖӨН»
Желтоқсан айында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған Уәлихан Ізбасқанов — еліміздегі ең білімді үздік 300 жастың қатарына қосылғандардың бірі. 1990 жылы Ақтөбе жерінде дүниеге келген Уәлихан Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң университетін «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасына жастар практикасы бойынша жұмысқа тұрады. Бұл жерде жетекші маманнан бас маманға дейін көтеріліп, 3 жыл қызмет еткен Уәлихан өзін мемлекеттік қызметтен өзге салада байқап көргісі келеді. Сөйтіп, 2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы халықаралық әуежайға қызметін ауыстырады. Кейін мемлекеттік қызметке қайта оралады.
Үш тілді жетік меңгерген Уәлихан өзінің осы уақытқа дейін жиған білімі мен тәжірибесін тексеру мақсатында елімізде өткен жылдың қыркүйек айында басталған Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысу үшін өтінім тапсырады. Барлық кезеңнен аса басымдықпен еш кедергісіз өткен ол еліміздің дамуы жолында қызмет етуді мақсат етіп отыр.
— Менің әкем де, анам да өздерінің еңбек жолдарын мемлекеттік қызмет саласында бастаған жандар. Бұл салада қызмет ету — адамға қоғамда қандай да бір орны бар екенін сезіндіреді. Менің ойымша, болашағын үлкен қызметте елестететін кез келген мемлекеттік қызметші өз лауазымын ең төменгі сатыдан бастағаны дұрыс. Сонда ғана ол нағыз кәсіби маман ретінде шыңдалады, — дейді Уәлихан.
Ол Президенттік кадр резервіне еніп, Мемлекет басшысымен өткен кездесуден соң өзіне артылған жауапкершілік пен міндеттің үлкен екендігін сезінгенін айтады. Жас мамандарға жарқын мақсаттарын іске асыруға жол ашқан ел ағаларына алғысын айтқан Уәлихан өз замандастарының жауапкершілігі мол қызметтеріне сәттілік тіледі.
«ҚАЗАҚСТАН — ТРАНЗИТТІК МҮМКІНДІГІ МОЛ МЕМЛЕКЕТ»
Президенттік жастар кадр резервіне алынған Ләззат Әділова — «Сағыз Петролиум Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бас менеджер болып қызмет етеді. Бүгінгі таңда инвестиция тарту мен мұнай-газ саласындағы инфрақұрылым бағытын дамытып жүрген ол енді мемлекеттік қызметке ауысып, халықаралық қатынастар бағытында ел дамуы жолында жасап жүрген жұмысын әрі қарай жалғастырмақ.
Елімізде қыркүйек айында басталған Президенттік жастар кадр резервіне Ләззаттың жолдасы да құжаттарын тапсырыпты.
— Мен іріктеудің барлық кезеңінен сүрінбей өттім. Ал жолдасым үшінші кезеңіне жұмыс барысындағы себептермен үлгере алмағандықтан, қатыса алмай қалды. Бірақ, өкініш жоқ. Ол мені әрқашан қолдайды, — дейді Ләззат.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқып жүрген кезінде ҚР Сыртқы істер министрлігінде тәжірибеден өткен Ләззат мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін ерте ұғынған. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң Қытай Халық Республикасының грантын ұтып алған ол көрші мемлекетке магистратураға оқуға түседі. Төрт тілді жетік меңгерген Ләззатты Қытайдағы халықаралық ұйымдардың бірі жұмыс жасауға шақырады. Бірақ жүрегі елім деп соққан қаршадай қыз елге, Ақтөбеге қайтуға шешім қабылдайды.
— Қазір қызмет етіп жүрген компаниямда бірнеше жылдан бері үлкен жобаларды жүзеге асыруға атсалыстым. Ендігі мақсатым — қызметімді халықаралық қатынастар бағытында жалғастырып, өзімнің осы уақытқа дейін жинаған тәжірибемді мемлекет мүддесі үшін жұмсағым келеді. Көрші елдермен жақсы қарым-қатынас жасап, байланыста болу, еліміздің әрі қарай дамуы үшін өте маңызды. Бұл — экономиканың, өндірістің, инфрақұрылымның жандануына өзінің үлкен септігін тигізеді. Біздің еліміз өзінің геосаяси орналасуы бойынша өте маңызды жерде орналасқан. Шығыс пен Батысты байланыстырып жатқан Қазақстанның транзиттік мүмкіндігі өте мол, — деген Ләззат тек бір ғана мысал ретінде еліміздің Қытай нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерімен шығуға болатындығын айтады. Өйткені күншығыс елінде таза табиғи өнімдерге деген сұраныс өте жоғары деңгейде.
«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҚАЙТА ОРАЛУЫМА СЕП БОЛДЫ»
Ал резервке өткендердің бірі Сәбит Мұқанов аталған жобаның мемлекеттік қызметке қайта оралуына негіз болғанын айтады.
Еңбек жолын жеке компанияда маман болып бастаған Сәбит 2016 жылы өзін мемлекеттік қызметші ретінде байқап көргісі келеді. Сөйтіп, өзінің туған ауылы Мәртөк ауданындағы кәсіпкерлік бөліміне жетекші маман болып жұмысқа орналасады.
Ол аудандық кәсіпкерлік бөлімінде 2019 жылдың мамыр айына дейін жетекші маман лауазымында қызмет етеді. Одан жоғары лауазымдарда бағын сынап көргісі келген Сәбиттің ойлағаны дер кезінде бола қоймайды. Сөйтіп, тамыз айында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысының қабылдауында болып, өз мәселесін айтады. Департамент басшысынан қыркүйек айында Президенттік жастар кадр резервінің іріктеуі басталатындығын естіген Сәбит ойын жинақтап, бір шешімге келеді. Дереу құжаттарын жинап, іріктеудің бірінші кезеңіне тапсырады.
— Шынын айтқанда бұл біз секілді жастарға үлкен мүмкіндік болды. Жаңа таныстар, түрлі пікірлер мен өзім секілді жастардың түрлі идеялары бір жерде тоғысты. Іріктеу кезеңдерінде біз тест тапсырудан бөлек, өз жобамызды қорғадық. Мен өңірлік лауазымдар тобын таңдадым. Ауданның, ауылдың жағдайын жақсы білгендіктен, қорғаған жобам да аудан төңірегінде туризм саласын дамыту туралы болды. Бүгінгі таңда қызметке байланысты әр өңірлерден көптеген ұсыныстар келіп жатыр. Мемлекет басшысы Президенттік кадр резервінің әрбір мүшесінен елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтетінін жеткізді. Басты мақсатым — мемлекет игілігі үшін қызмет ету, — деген Сәбит — кадр резервіне тек шетелде білім алған жастар өтеді деген қате пікірдің айқын көрінісі.
«БІЛІКТІЛІГІМІЗ БЕН БІЛІМІМІЗДІ ДӘЛЕЛДЕЙТІН СӘТ КЕЛДІ»
Бүгінде «Kazah Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның өңірлік директоры – Ақтөбе облысы әкімінің инвестициялар жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі лауазымында жүрген Нұрхан Тлеумұратов — ел Президенті үміт артқан үздіктердің бірі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
Еңбек жолын 2013 жылы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында іс жүргізуші инспектор болып бастаған ол аталған басқармада бас маманның міндетін атқарушы, бас маман, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары болып қызмет еткен.
Бүгінгі таңда Тлеумұратов басқарып отырған компанияның негізгі мақсат-міндеті —
экономиканың басым секторларына шетел инвестицияларын тарту және инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеу арқылы Қазақстан Республикасының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын ынталандыру. «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияның Уорик университетінде «инновация және кәсіпкерлік» мамандығы бойынша магистратураны үздік бітірген ол алған білімін іс жүзінде көрсететін уақыт келгенін айтады.
— Қазақстан — әлемдік аренада өзін әлі де танытуды қажет ететін жас мемлекет. Тәуелсіздігіне не бары 28 жыл болған елдің алдында үлкен міндеттер мен мақсаттар тұр. Осы міндеттерді орындап, көздеген мақсатқа жету үшін біз тәуелсіз еліміздің тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін қызмет етуге тиіспіз. Біздің елде ең бастысы «Болашақ» бағдарламасы арқылы өз ісін жетік меңгерген кәсіби мамандар буыны қалыптасты. Елбасының сындарлы саясатының арқасында аталған бағдарлама арқылы біз секілді мыңдаған жас өзінің болашағын айқындап алды.
Ал бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Бұл — саясат аренасында еліміздің дамуы үшін, отандастарымыздың жайлы өмір сүруі үшін қызмет етіп жүрген жастарға берілген таптырмас мүмкіндік деп білемін. «Ақордада» өткен кездесуде Мемлекет басшысы Президенттік кадр резервінің әрбір мүшесінен елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтетінін жеткізді. Меніңше, күні бүгінге дейін алған біліміміз бен жинаған тәжірибемізді іс жүзінде жүзеге асыратын уақыт келген тәрізді, — дейді «Kazah Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның өңірлік директоры.
«ХАЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫС ҮЗІЛМЕУІ ТИІС»
Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарып отырған Руслан Хамбаров Президенттік кадр резервіне іріктеу кезеңінде бюджет қаражатын тиімді пайдалану идеяларын ұсынған. Мемлекет үшін 9 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан ол халықтың азаматтық белсенділігінің артуын ескере отырып, оларды қоғамдық бюджеттік процестерге тарту қажет деп санайды. Соның арқасында қоғам мемлекет қаржысын қайда жұмсау керектігін шешуге мүмкіндік беретіндігін айтады.
— Әлем күн сайын өзгеріп отырады. Сондықтан заман талабына сай Үкіметтің ұстанымдары мен қағидаттары да өзгеріп отыруы керек. Транспаренттік қағиданың негізделуі ХХІ ғасырдағы мемлекеттік басқарудың басты шарты деп білемін. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында да айтқан болатын. Резервке өткен жастармен кездесу барысында да бұл мәселеге ерекше тоқталып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі үш қағидатына, атап айтқанда, ашықтық, инклюзивтілік және азаматтардың сұраныстарына жедел жауап беру мәселелеріне ерекше назар аударды. Расында, мемлекеттік қызметші халықпен тығыз әрі ашық байланыс орнатуы тиіс. Өйткені, ол — халықтың бір бөлігі, — дейді.
Руслан — Алматыдағы ҚМЭБИ (КИМЭП) университетінің түлегі. Ағылшын тілін жетік меңгерген ол елімізде сауатты әрі рухты дарынды жастардың көп екендігін, ал Президенттік кадр резерві сондай жастармен етене жақын танысудың таптырмас мүмкіндік сыйлағанын жеткізді.
«АЗДЫ-КЕМ ҚАТЕЛІГІ ҮШІН ЖАСТАРДЫ ЖАЗАЛАУҒА БОЛМАЙДЫ»
Әнуар Нұртазин — Қазақстанның барлық өңірлері мен шетелден келген 13 212 кандидаттың ішінен Қазақстан Республикасы Президентінің жастар кадр резерві рейтингінде үздік бестікке енген азамат. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің және Президенттің «Дарын» бағдарламасының түлегі. «Болашақ» қауымдастығының мүшесі. Бүгінгі күнге дейін ол республика бойынша 6 халықаралық олимпиаданың жалғыз жеңімпазы.
Әнуар тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет Қазақстаннан шыққан білім экспортын құрушылардың бірі болып табылады. Кезінде Әнуар Нұртазин ұсынған энергияны үнемдеудің технологиялық сызбасы Ақтөбе облысының өндірістік базасында қолданыс тапқан. Ғылым саласындағы көптеген жетістіктерінің нәтижесінде Әнуар —еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу мүмкіндігіне ие болған жас.
Азия, Еуропа, Африканың 20 елін аралап, әлемді шарлаған Әнуар еліміздегі жастар саясатына қатысты өз пікірін келесідей жеткізді:
— Жастар — елдің болашағы. Сондықтан оларды азды-кем қателігі үшін кінәлауға, жазалауға болмайды. Біз жастарды жазалау арқылы еліміздің болашағын жазалаймыз. Оларды сөзбен емес, іспен қолдау қажет. Бүгінде жастарға саны көп, сапасы жоқ іс-шаралар емес, нақты жұмыс пен табыс көзі, сондай-ақ баспана қажет.
Бұл әлемдегі алғашқы елдің негізін салушылар кезінде: «Менің үйім қайда болса, менің Отаным сонда. Ал үйім болмаса, Отан да болмайтыны белгілі» деген екен. Меніңше, елімізде жастарды баспанамен қамту бойынша әлі де жүргізілуі тиіс жұмыстар бар, — дейді Әнуар.
Айта кетейік, Әнуар Нұртазин биыл АҚШ-тың Атланта қаласында өтетін «Өнеркәсіптік және өндірістік инженерия» конференциясына спикер ретінде шақырылған.
«ТАПТЫРМАС МҮМКІНДІК СЫЙЛАҒАН ЖОБА»
ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында магистратурада оқып жүрген Дана Тынымқұлова да Президенттік жастар кадр резервіне өткен жастардың бірі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін ағылшын филологиясы мамандығы бойынша аяқтаған ол алғашқы еңбек жолын мұғалім болып бастаған. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, облыс әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарының көмекшісі, облыс әкімі аппаратының бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы, бөлім басшысы қызметтерін атқарады.
— Бүгінде көпшіліктің санасында мемлекеттік қызметте отырғандардың барлығы «парақор» деген қате түсінік қалыптасқан. Меніңше, бұл — мемлекеттік қызмет саласынан мүлде ада адамдардың пікірі. Біз, яғни жастар қоғамды осы пікірден алыстату мақсатында қажырлы еңбек етуіміз қажет. Елімізде өз ісіне адал, еңбекқор, жауапты мыңдаған мемлекеттік қызметші бар. Президенттік кадр резервіне өткен 300 жас — соның айқын көрінісі, — деген Дана Тынымқұлова мемлекеттік қызметтегі басшылық орынға жастарды жібергенді жөн санайды.
— Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда басшылықта отырған көпшілік азаматтардың басқару әдісі ескі, жұмыс жасау ритмі баяу. Ал жастардың ойлау қабілеті жақсы дамыған, олар жаңа технологияларды жетік меңгерген. Меніңше, мемлекеттік қызметке жастардың келуі мемлекеттік аппарат жұмысының тиімді әрі нәтижелі болуы үшін пайдалы болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік жастар кадр резервін құру туралы идеясы осы істердің басталуы жолындағы алғашқы қадам деп білемін. Аталған жоба арқылы еліміздегі мыңдаған жас өздерін сынап, қандай жетістікке жете алатындығын байқап көрді. Бұл жоба — біз секілді мемлекеттік қызметті шын сүйетін жастар үшін таптырмас мүмкіндік болды, — дейді Дана.
«ПРЕЗИДЕНТ СЕНІМІН АҚТАУҒА ТЫРЫСАМЫЗ»
Жуырда ғана облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалған Адайбек Есенаманов та өңірдің үлгі етер жастарының бірі. 1990 жылы дүниеге келген ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 2012 жылы Ақтөбе облысының қаржы басқармасының нақты секторды қаржыландыру бөлімінің бас маманы болып бастаған
Адайбек облыстық қаржы басқармасының бөлімдерінде басшылық қызмет атқарған. Үш тілде ойын еркін жеткізе алатын басқарма басшысының орынбасары өзінің кәсіби біліктілігін шыңдап, білімін жетілдіру бағытында әлі көптеген жұмыс жасауы қажет екендігін айтады.
— Президенттің кадр резервінде болу — біздің өзімізге деген жауапкершілігімізді одан әрі арттыра түсті. Мемлекет басшысының өзі сенім артып отырғандықтан, әрбір жасаған жұмысымызды тиянақты, кейінгі келе жатқан буынға үлгі боларлықтай етіп жасауға тырысамыз. Резервке алынған жастармен кездесу барысында Президент жастарды атқаратын қызметіне қарамай елімізді дамыту процесіне өз үлестерін қосуға шақырды. Мемлекет басшысы айтып өткендей, біздер, яғни жастар әрқашан ел дамуының жаңа тарихи кезеңдеріне дайын болуымыз керек, — дейді Адайбек.
«ҚОҒАМ БІЗДЕН ОҢ НӘТИЖЕ КҮТЕДІ»
Күні кеше облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған Нұржан Мақсатов еліміздегі мемлекеттік қызмет саласына Сингапур, Германия, Жапония секілді дамыған елдердің мемлекеттік басқарудағы тәжірибесін енгізу қажет деп санайды. Алайда шетел тәжірибесін енгізу барысында еліміздің өзіне тән құндылықтарын жойып алмай, қоғам пікірін ескеру қажеттігін айтады.
28 жастағы Нұржан Қазақ-Британ техникалық университетін қаржы мамандығы бойынша, ал Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы магистратурасын «Өңірлік даму» бағыты бойынша аяқтаған. Төрт тілде еркін сөйлейтін Нұржан Президенттік жастар кадр резервінің өзі секілді жүздеген жас үшін әлеуметтік лифт болғанын айтады.
— Ел Президенті үміт артқан мемлекеттік қызметші ретіндегі басты қағидам — халыққа адал қызмет ету, еліміз бен өңіріміздің дамуына одан әрі өз үлесімді қосу. Сондай-ақ ең жоғары деңгейді бағындырам деген мемлекеттік қызметші ретінде белгілі бір нәтижеге қол жеткізуді өзіме басты мақсат етіп қойдым. Өйткені қазіргі таңда қоғамның біздің атқарып отырған жұмысымыздан күтетіні де тек нәтиже секілді, — дейді Нұржан.
«ЖАСТАР — ҚОҒАМНЫҢ ЕҢ МАҢЫЗДЫ БӨЛІГІ»
Президенттік жастар кадр резервіне өткен Әлібек Айдарбеков облыстық қаржы басқармасы басшысының бұйрығымен, ҚР Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның келісімімен жуырда Ақтөбе облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Отыз бір жастағы Әлібек Айдарбеков жоғары білімді, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша, аталған университеттің магистратурасын заңтану мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2015 жылы облыстық қаржы басқармасында бас маман болып бастаған Әлібек әр жылдары қаржы басқармасы мен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бөлім басшысы лауазымдарын атқарып келген.
Әлібек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жасақталған Президенттік жастар кадр резервін — еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңартып, озық ойлы көшбасшы жастардың басшылық қызметке келуі үшін берілген үлкен мүмкіндік деп санайды.
— Елімізде жастар қоғамның маңызды бөлігі ретінде үлкен рөлге ие. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап мемлекет тарапынан жастардың дамуы жолында бірқатар жұмыстар жасалды. Президенттік жастар кадр резервінің құрылуы да жастарды қолдауға арналған үлкен жобалардың бірі. Өз басым бұл жобаға жоғары лауазымға ұсынылатын топ есебінде қарамаймын. Менің ойымша, жастар кадр резерві — еліміздегі басқару жүйесін жаңғыртудың нақты тетігі және ұзақ мерзімді саясатының бірі. Яғни ел жастарына қоғамдық және әлеуметтік көмек жасаудағы негізгі қадамдардың көрінісі. Мемлекет басшысы артқан сенім мен жүктеген міндеттерді толық орындап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қосу менің алға қойған — басты мақсатым, — дейді облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары.
Р. S 2019 жылдың қыркүйек айында басталған Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. Бұл — құжаттарды қабылдау, қабілеттерді тестілеу, тестілеуді верификациялау, әлеуетті бағалау, сарапшылық комиссия мүшелерімен әңгімелесу және ҚР Президенті жанындағы жастар кадр резерві жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы. Кезеңдердің бірінде қатысушылар өз жобаларын қорғады.
Айта кетейік, елімізде Резервке алынған азаматтардың 57%-ның алдыңғы қатарлы шетелдік білімі бар, ал 43%-ы қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері. Іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы 31 жасты құрайды. Бұл ретте резервшілердің экономиканың түрлі салаларында айтарлықтай тәжірибесі бар.
P.S.S. Бет қатталып жатқанда Ақтөбе облыстық әкімдігі аппаратынан мынадай хабар келіп түсті: Уәлихан Ізбасқанов Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің стратегиялық және ақпараттық даму департаменті директорының орынбасары қызметіне, ал Әнуар Нұртазин «AQTOBE HUB» өңірлік орталығының корпоративтік қоры директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.



