Спорт

Даңғыл жол салған дарабоз

Спорттық шежіренің өткен тарихына зер салсақ, КСРО халықтары спартакиадасында жеңімпаз атанған үш балуанның барын аңғарамыз. Олар — Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов және жерлесіміз Есенкелді Батырғарин. Алғашқы екеуінің атағы алысқа тарап, классикалық күрестегі миллиондаған жанкүйерді тәнті еткен балуандар. Ал Есенкелдіні күрес саласының мамандары мен балуандар ғана білсе, қатардағы жанкүйерлер арасында көп айтыла бермейді. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп сөнген Шалқар өңірінің перзенті саналы ғұмырын спортқа арнады. Аз уақыттың ішіндегі ауыз толтырып айтарлық жетістіктері бүгінгі күні грек-рим күресімен шұғылданып жүрген жас ізбасарларына өнеге боларлықтай.

Жасындай жарқ еткен ғұмыр

1971 жылы Шалқар өңірінде қарапайым жұмысшылар отбасында туып-өскен біртуар азаматтың есімі ел спорты тарихында алтын әріптермен жазулы. Классикалық күрестің әліппесімен Владимир Цеханович атындағы балалар мен жасөспірімдер мектебінде танысқан ол Алматы қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебінде қабілетін шыңдап, тәжірибесін жетілдірді. Қазақ спортындағы талай саңлақтың томағасын сыпырған сол спорт мектебіндегі бапкерлерден тәлім алып, өз қатарластарынан ерекше талантымен даралана түсті. Қатысқан жарыстарынан жүлдесіз қайтпайтын Есенкелді сауатты тактика мен жетік техникасының арқасында қырағы бапкерлердің назарынан тыс қалған жоқ. Бозбала шағында-ақ өзінен әлдеқайда ересек әрі айлалы қарсыластарының барлығын тұғырдан тайдырып, республиканың бетке ұстар балуанына айналды. Одаққа таныла бастаған саңлақ көп ұзамай халықаралық жарыстарда бой көрсетіп, жеңімпаздар тұғырынан қол бұлғады. Өмірде айнымас дос болған оның әріптесі, бүгінде В.Цеханович атындағы спорт мектебінің директоры Серік Жоламанов оны былай еске алады:

Шалқардағы спорт шаңырағында танысып,бірге жаттығу жасап, жарысқа қатардайындалдық.Екеуміз Қазақстан чемпионатына қатысып, алдымен Есенкелді, кейін мен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебіне оқуға түстік. Ол жақта да досымыз тәуір нәтижелерге қол жеткізді. Жас болғанына қарамай, ересектер қатарында өзін еркін сезіне білді. Тіпті құраманың аға жаттықтырушылары ақылдаса келе, оны 1992 жылы Барселонада өтетін әлем чемпионатына үміткер ретінде даярлады. Бірақ жерлес бауырымызға Олимпиадада атой салу бақыты бұйырмай кетті. Бозкілемдегі жасымас жігері мен қайсар мінезі оны халыққа танытты. Достыққа келгенде жан баласына жамандық ойламайтын ақадал жан еді. Аз уақыт өмір сүрсе де, өз елімізді былай қойғанда, басқа мемлекеттерден де араласқан дос-жарандары көп болды.

Аса жеңіл салмақта белдескен Есенкелді өзінің спорттағы елеулі жетістіктерінің барлығына 1990-1991 жылдар аралығында қол жеткізді. Атап айтсақ, жастар арасындағы КСРО біріншілігінде күміспен күптелген ол сол көрсеткішті Чехославакияда өткен Әлем чемпионатында да қайталады. Ересектер сапына еркін қосылған жас талант Әлем және КСРО кубогы жолындағы жарыстарда қарсылас шақ келтірмей, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Одан соң Бүкілодақтық универсиаданың алтын медалін кеудесінде жарқыратты.

1991 жылы Украинаның Запорожье қаласында КСРО халықтары спартакиадасы мен КСРО біріншілігі қатар өткен болатын. Аталған екі жарыста да Есенкелдінің бағы мен бабы қатар шауып, жеңімпаздар санатынан қалыс қалған жоқ. Чемпионаттың финалдық белдесуіне дейін сүрінбей жеткен қазақ балуаны шешуші сәтте Түмен қаласында туып-өскен қандасымыз Жоламан Дәуренбековке есе жіберіп, күміске қол созды. Ал төрт жылда бір өтетін, төрткүл дүние көз тігетін спартакиадада Батырғариннің алдын орайтын балуан табылмай, алтын тұғырға көтерілді. Осылайша, талантты балуанның есімі спартакиада жеңімпазы болған үшінші қазақ ретінде спорттық шежіреге жазылды. Ең қызығы, жоғарыда айтылған атақтардың барлығын Есенкелді небәрі 20 жасында иеленген екен.

  • Есенкелді шын мәнінде феномен еді. Туабіткен талант десек те артық айтқандығымыз емес. Біз Шалқардағы Владимир Цеханович атындағы спорт мектебінде бірге жаттықтық. 1986 жылы Ереванда өткен маршал Иван Баграмянның турниріне де бірге аттанған едік. Бұл жарысқа бізді менің әкем Мұрат Есенжолов бастап апарды. Ол жарыс олимпиадалық жүйе бойынша өтті. Сонда жерлестеріміздің арасында 8 айналым күресіп, ең үздік нәтижемен көпшіліктің назарына іліккен Батырғарин болатын. Содан әкем Есенкелдіні Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектебіне аттандырды. Алатаудың баурайында жаттыққан спортшының шеберлігі шыңдала түсті.Ол — күрес түрлері бойынша Ақтөбе өңірінен шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сол рекорд 20 жыл бойы бұзылмады. Арада тура 20 жыл өткеннен кейін барып облыстан халықаралық деңгейдегі жарыстарда жүлде алуға қауқарлы балуандар шыға бастады, — деп еске алады кейіпкеріміздің командалық әріптесі әрі досы, классикалық күрес сарапшысы Аспандияр Есенжолов.

Жоғарыдағы жетістіктерден кейін Есенкелдінің атағы шартарапқа тарады. Оның бұдан да биік белестерді бағындырарына сол кездің өзінде көзі қарақты көрермен арасынан күмән келтіргендер аз еді. Күрестің жілігін шағып, майын ішкен аузы дуалы мамандар да «Шалқардың шымыр жігіті келешекте Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыханов сынды даңқты балуандардың жеңісті жолын жалғайтыны анық» деп таланттың белдесуіне қарап, таңдай қағысты.

1992 жылдан бастап тәуелсіз мемлекет дербес команда ретінде жасақтаған Қазақстан құрамасы байрақты бәсекелерге қатыса бастады. Жұмыр жердің түкпір-түкпірінде Азия чемпионаты, әлем біріншілігі сияқты айтулы жарыстар өтіп жатты. Бірақ сол турнирлердің ешқайсысына Есенкелді қатысқан жоқ. Тіпті елішілік додаларда да бой көрсетпеді. Сол кезде ел арасында ерекше дарынды балуан жайында қауесет желдей есті. 1994 жылы Батырғарин боз кілемге қайта оралып, Қазақстан чемпионатында алтыннан алқа тақты. Бұл ақтөбелік спортшының мансабындағы соңғы жарыстарының бірі болатын.

Бірақ жерлестері алтын асықтай ұлының жеткен жетістіктерін әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Шалқар қаласындағы көшелердің біріне Батырғарин есімі берілді. Ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған. Жыл сайын беделді балуанды еске алуға арналған республикалық турнир өтеді. Облыста «Есенкелді Батырғарин атындағы грек-рим күресін дамыту орталығы» қоғамдық қоры жұмыс істеп тұр.

Батырғарин бастаған жеңісті жол жерлестеріне жұғысты болды. Соңғы жылдары облыста грек-рим күресі өрлеу үстінде. Біраз жылға созылған үзілістен соң Әсет Әділов пен Асхат Құдайбергенов сынды балуандар байрақты бәсекелердің биігінен көрінсе, бұл күндері әлем чемпионатында күміс және қола медаль иеленген Мейрамбек Айнағұловтың даңқы дүркіреп тұр. Ал сол жеңістердің бастауында Есенкелді Батырғарин тұрғанын көзі қарақты жұрт әлі ұмыта қойған жоқ.

Есенкелді есімін ұлықтаған турнир

Бүгінде елімізде жастар арасында грек-рим күресін насихаттау мақсатында Ақтөбеде Есенкелді Батырғаринді еске алуға арналған респуликалық, Алматыда Олимпиада ойындарының жеңімпазы Шәміл Серіковтің атындағы турнир және Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесіне арналған халықаралық жарыс ұйымдастырылып келеді.

Батырғаринды еске түсіруге арналған жарыс республикалық күнтізбеге енгізіліп 1997 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп жүр. Бұл жас балуандардың боз кілемде қанатын қатайтып, қабілетін нықтайтыны сөзсіз. Беделі биік Есенкелді атындағы турнирдің тарихына зер салсақ, еліміздің «сен тұр, мен атайын» дейтін мақтаулы балуандары белдескенін аңғару қиын емес. Азия чемпиондары, Әлем біріншілігінің және Олимпиада ойындарының жүлдегерлері осы турнирдің қазанында қайнап, тәжірибесін толыстырған. Нұрбақыт Теңізбаев, Әсет Иманбаев, Марғұлан Әсембеков, Ербол Қоңыратов, Ермек Көкетов, Дархан Баяхметов, Айдын Сәрсекеев, Бақыт Сағаев, Тамерлан Шадукаев сынды еліміздегі классикалық күрестің дамуына ықпал еткен балуандардың есімін атасақ жеткілікті.

Уақыт өткен сайын даңқты балуанды еске алуға арналған жарысқа қатысушылар қатары көбейіп келеді. Өткен жылы халықаралық дәрежеде сипат алды десек те артық айтқандығымыз болмас. Себебі бұған дейін еліміздегі облыстардан ғана балуандар қатысса, 2019 жылы Қырғызстан құрамасы да бақ сынады. Алдағы уақытта Ресей, Өзбекстан құрамасынан спортшылар шақыртылмақ.

Жарыста жеңімпаз атанып, жүлде алған балуандар арасында Азия чемпионатынан, Әлем біріншілігінен жүлдемен оралғандар бар. Мұны ескерген ұйымдастырушылар алқасы осы жылдан бастап турнирде топ жарған жастарға «спорт шебері» атағын беруді қолға алмақ. Дәстүрлі турнирде балуандарға әділ бағасын беретін қазылар құрамында кезінде Есенкелдімен спортта да, өмірде де дос болған әріптесі, халықаралық дәрежедегі төреші Серік Жоламанов бастаған білікті мамандар қызмет атқарып келеді. Батырғарин турнирінде бақ сынап, қанатын қатайтқан балуандар жайында жоғарыда айтып өттік. 2019 жылы да осы жарыста белдесіп, көзге түскен Батырғариннің ізбасарлары жоқ емес. Жерлесіміз Дінислам Сағитжан барлық қарсыластарын ұтып жеңімпаз атанды. Жас балуан — Есенкелдіні еске алуға арналған жарыстың ең жас чемпиондарының бірі. Даңқты балуанның ізі қалған Владимир Цеханович атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен түлеп ұшқан. Ол бүгінде облыстағы Есет батыр атындағы спорт интернатында тәжірибесін жетілдіріп жүр. Дәстүрге айналған жарыста алдағы жылдары жеңімпаз бен жүлдегерлерге жүлде қорын тағайындау жоспарланып отыр.

Күрес мектебі ашылмақ

Осыдан 3-4 жыл бұрын Есенкелді Батырғарин атындағы грек-рим күресін дамыту орталығында қоғамдық қор ашылып, Шалқардағы оның бауырлары мен таныстары қаражат жинап, Ақжар елдімекенінде балуанның есімі берілетін күрес мектебінің іргетасын қалаған болатын. Одан кейін қаржы жетіспеушілігінен құрылыс жұмыстары біршама уақыт тоқтап қалды. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының инженері Ержігіт Еркінбайұлы қаланың әлеуметтік дамуына қаражат бөлетін «RG  қала» бағдарламасына Батырғарин есімімен аталатын күрес мектебінің жобасын ұсынған. 250 жоба ұсынылған конкурстық сайыста Ержігіттің жобасы үздік деп танылып, 10 миллион теңгені иеленген. Конкурстан түскен қаражат толығымен қоғамдық қорға аударылмақ.

Ақжарда спорт мектебі болмағаннан  кейін 30-40 шақты бала Жилянка елдімекеніне қатынап, дайындық жасап жүр. Әрине, 10 миллион теңгемен мектеп құрылысын толық аяқтау мүмкін болмас. Жүргізген есептеулер бойынша 25-30 миллион теңге қажет. Қазіргі уақытта әкімшілікпен, жеке кәсіпкерлермен байланысымыз бар. Жобаның конкурста жеңіске жетуіне әкімшілік тараптың да ықпалы бар деп ойлаймын.  Спорт федерациясының мамандары спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етеді. Грек-рим және еркін күрестен жас өрендердің алаңсыз жаттығуы үшін барлық жағдай жасалады. Өзім де бала кезімде күреспен айналысып, Олимпиада чемпионы болсам деп армандайтынмын. Егер күрес мектебі қолданысқа берілсе,  неге Олимпиада шыңын бағындыратын жас чемпиондарды даярламасқа?! Жобаның үздік атануына қатысты өзім жұмыс жасайтын компания басшылығына алғыс айтқым келеді, — дейді Ержігіт Еркінбайұлы.

Есенкелдінің туған бауыры Бақытқали да грек-рим күресінен ҚР спорт шебері. Ақжарда жасөспірімдерді классикалық күреске баулып жүр. Мектептің сметалық құжаттары дайын болғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталып, алдағы уақытта жас балуандардың игілігіне берілмек.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button