Басты жаңалықтарМәселе

Директор болуға  лайықты кадрлар жоқ па?

Еліміз бойынша директоры жоқ мектептер жөнінен біздің облыс Ақмоладан кейінгі (67) кезекте екен. Ақтөбеде 64 директордың орны бос тұр. «Республикамызда 464 мектепте директор жоқ. 199 мектепте байқау жүріп жатыр. 265 мектепте байқау жариялау керек». Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жақында өткен министрліктің алқа отырысында айтты.

Ақтөбеде мектеп директорлары неге тапшы? Өткен жылы 84 директордың орны бос тұр. Неліктен біздің мектептерге басшы құтаймайды? Әлде бізде директор болуға лайық білікті кадрлар жоқ па? Біз мәселенің себеп-салдарын білмек ниетпен құзырлы мекемелердің басшыларына хабарласқан едік.

Хромтауда әрбір үшінші мектепте басшы жоқ

Біздің облыстағы кейбір мектептерде директорлардың жоқтығы жылдарға созылып отыр. Бір емес екі оқу жылы қатарынан мектепте басшы жоқ. Мысалы, бір ғана Хромтау ауданында бір емес, үш мектепте 2018 жылдан бері мектеп директорының орны бос тұр. Оңғар орта мектебінде сол жылдың тамыз айынан бері, Қопа орта мектебінде қыркүйектен бері, Тассай негізгі мектебінде қазан айынан бері мектеп директоры жоқ. Аудандағы үш мектептің — Оңғар, №1 мектеп және Бөгетсай мектеп-гимназиясының директорлық қызметіне тағайындалу үшін 3 үміткер болған. Дегенмен үшеуі де сынақтан өтпепті.

Директоры жоқ 8 мектептің де басшылық орнына байқау жарияладық. Алайда осы үш үміткерден басқа директор болуға ниетті маман болған да жоқ. Мысалы, ауданнан шалғай орналасқан Тассай мектебінде 2018 жылдың 31 қазанынан бері директор жоқ. Бұл бос лауазымдық орынға үміткерлер қажеттігі жөнінде газеттерге бірнеше рет хабарландыру берілді.  Алайда ықылас танытып отырған ешкім жоқ. Қазір мұнда директордың міндетін атқарушы жұмыс жасап жатыр. Ол кісінің санаты директорға қойылатын талапқа сәйкес келмейді.

Қопа орта мектебінде де 2018 жылдан бері директорлық қызмет бос тұр. Бұл мектепке директор болуға ниеттенген азамат тестілеуден өткенмен, облыстық білім басқармасы ұйымдастырған әңгімелесуден өте алмады.

Айта кету керек, директордың жалақысы жоғары санатты қатардағы педагогтікімен салыстырғанда аз. Ал жүктемесі, директордың жауапкершілік жүгі ауыр. Әсіресе, ауылдың мектептеріне басшылық қызметке баруға педагогтердің ықыласы төмен, — дейді Хромтау аудандық білім бөлімінің

басшысы Рустам Біржанов.
Жалпы Хромтау ауданында 28 мектеп бар. Оның 8-інде, яғни әрбір үшіншісінде мектеп басшысы жоқ. Бұл білім шаңырақтары: Құдықсай негізгі мектебі, Оңғар, Тассай, Қопа, Нұрлы көш орта мектептері, Бөгетсай мектеп-гимназиясы және Хромтау қаласындағы №1 мектеп пен №7 мектеп-гимназиясы.

Екі жылға жуық уақыттан бері директордың орны бос тұрған 3 мектептің жай-күйі анау болса, Нұрлы көш орта мектебі мен Бөгетсай, №7 мектеп-гимназияларда басшының орны оқу жылының басталғанына жарты жылға  жуық уақыт өтсе де бос тұр.

Рустам Біржановтың айтуынша, Хромтау ауданында мектеп директоры болу үшін қойылатын талаптарға сәйкес келетін, яғни 1-санатты және жоғары санатты, мектептегі әкімшілік қызметте жұмыс істейтін 28 педагог бар. Білім бөлімінің басшысы директорлық қызметке кадрлық резерв дайындау мақсатында облыс орталығында ұйымдастырылатын тестілеуге аудандағы 10 педагог — директордың оқу ісі және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары баратынын айтады.

Педагогикалық шектеу:

директор айыппұл төлей ме?

Бұлбұл КҮЗЕМБАЕВА, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры:

— Облыста бірнеше мектепте директордың орны бос тұр. Бұл мәселе бірнеше жылға созылып келе жатыр. Бұл туралы біз облыстық білім басқармасына, министрлікке, облыс басшысына, аудан әкімдеріне хат жолдап отырмыз.

Әрине, жұмыс жүргізіліп жатыр. Мектеп директорларының орынбасарлары директордың міндетін атқарушы болып жұмыс істеуде.

Қазірдің өзінде 40 мектептің директоры жоқ. Олардың арасында біраз уақыттан бері бос тұрғандары да бар. Ал оқу жылының ІІІ тоқсаны аяқталуға жақын. «Бұдан білім сапасы төмендеп кетпей ме?» деген заңды сауал туындайды. Өйткені мектеп директорының міндетін атқарушы қанша дегенмен өзіне толық жауапкершілікті алмайды. Орынбасардың өзіне тиесілі міндеті бар, директордың да атқаруы тиіс шаруасы жетерлік. Мектептегі ішкі бақылаудан бастап барлық мәселені — шаруашылықты, оқу-тәрбие процесін басшы бақылап, үйлестіріп отыруы тиіс. Бір адамның екі қызметті бірдей, толық алып жүруі мүмкін емес. Сол себепті, мектеп директорының міндетін атқарушы көп жағдайда сапалы қызмет атқара алмайды. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген бар…

Былтыр профилактикалық бақылау барысында 36 мектепке тексеру жүргіздік. Сол 36 мектептен 122 мұғалімнің өз пәнінің маманы емес екені анықталды. Тіпті кейбір шағын жинақты мектептерде колледж немесе университетте оқымаған, мектепті бітіргені жөніндегі аттестатынан басқа білімі жөнінде құжаты жоқ адамдар жұмыс істеп жүргенін анықтадық. Бұл — үлкен заңбұзушылық. Мүмкін, ол адамның мектепте оқу үлгерімі жақсы болған шығар, дегенмен педагог деген ұғым мүлде басқа ғой.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң бойынша педагогикалық қызметпен айналасуға қойылатын шектеулер бар. Шектеулерді бұзған жағдайда лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Мысалы, соттың шешіміне сәйкес, білім беру ұйымдарында еңбек етуге тыйым салынғандар мен соттың шешімімен еңбекке қабілетсіз деп танылғандарды білім беру мекемесіне жұмысқа қабылдауға болмайды. Мұғалімдерді мектепке жұмысқа қабылдаған кезде олардың міндетті түрде наркологиялық және психиатриялық есепте жоқтығы туралы анықтамасы болуы керек. Кейбір мектептерде бұл анықтамаларға мән берілмейтіні анықталды. Бұл да үлкен заңбұзушылық. Сондай-ақ, арнаулы немесе жоғары білімі жоқ адамдар білім беру ұйымында жұмыс істемеуі керек.

Заңнама бойынша директор мен орынбасарлары 9 сағаттан артық сабақ бере алмайды. Олардың одан артық жүктеме алуға мүмкіндігі де жоқ. Жалпы, мектеп басшыларының, орынбасарларының жалақылары қарапайым мұғалімдерге, жоғары санатты қатардағы мұғалімге қарағанда аз. Жаңа заң бойынша енді біліктілік санаты үшін мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақыларына 30-дан 100 пайызға дейін қосымша ақы төленуі тиіс.

35 мектепке директор керек

Гүлназ СҮЛЕЙМЕНОВА, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

— Қазір 35 директордың орны бос тұр. Әсіресе, Ақтөбе қаласы мен Хромтау аудандарында көп. Негізі бұл мектептердегі басшылық қызмет біраз уақыттан бері бос тұр деп айта алмаймын. Өйткені былтырдың өзінде 84 мектептің басшысы жаңадан тағайындалды. Яғни облыста 402 мектеп болса, соның 1/5 бөлігінің директоры жаңарды. Күні кеше ғана 12 үміткерді әңгімелесуден өткізіп, оларға келісімімізді бердік. Наурыздың 20-сына дейін бұл орындардың барлығына да лайықты кадрлар табуды жоспарлап отырмыз.

35 директор неге қызметтен кетті? Бұл орындардың басым бөлігі ауылдағы мектептердің үлесіне тиесілі. Сондықтан педагогтердің ауылдан аудан орталығына, облыс орталығына қоныс аударулары себеп. Зейнеткерлікке шыққандар бар. Денсаулығына байланысты қызметтен кеткендер де жетерлік. Ауыл әкімі болып тағайындалғандары да бар.

Соңғы жылдары бірнеше мектеп жаңадан ашылды. Олар үшін де байқау жарияланады. Жалпы, бұл лауазым үшін бос орындардың жалпы саны әр кезде әртүрлі болып тұрады. Өйткені бірінің орнына басшы тауып, тағайындап жатсақ, жоғарыдағы себептермен басқа бір орындар босап қалып жатады.

Былтырдан бастап облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен директорлық қызметке резерв дайындап жатырмыз. Мектеп директорының орынбасарлары тестілеу тапсырады. Оларға берілген сертификат бір жылға дейін жарамды болады. Өткен жылы 523 педагог тест тапсырып, соның 229-ы сыннан өтті. Дегенмен бұл 229 резервтің арасында, өкінішке қарай, жоғарыда айтылған 35 бос орын үшін тұрғылықты жері қолайлы педагог болмай тұр.

Мектеп директорына үміткер төрт кезең бойынша ұйымдастырылатын сынақтан өтуі тиіс. Сондай-ақ, оларға қойылатын талаптар бар. Мысалы, кем дегенде 5 жыл жұмыс өтілі болуы керек. І және жоғары санаты болуы шарт. директордың орынбасары қызметінде кем дегенде 3 жыл еңбек етуі тиіс.

P.S. Директордың орны бос тұрған мектептер Ақтөбе қаласында да көп. Қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменовтің айтуынша, 8 мектепке басшы қажет. Оның 5-еуінің директоры, яғни №22, №59, №66, №76 және Белогор мектептердің басшылары өз еріктерімен (?) қызметінен кеткен. Екі мектептің директоры зейнет демалысына шығыпты. Жаңадан пайдалануға берілген Құрашасайдағы №77 мектепке әлі директор тағайындалмаған. Қалалық білім бөлімінің басшысы 4 бос орынға үміткер бақ сынағанын, дегенмен олардың тестілеуден сүрінбей өткенімен, облыстық білім басқармасы ұйымдастырған әңгімелесуден өте алмай қалғанын айтады. Мұндай дерек Хромтау ауданында да болған.

Сонда, өздері директор таба алмай әлекке түсіп жатқанда облыстық білім басқармасының директорларды сынақтан сүріндіре беруінің себебі неде? Ең жауапты, ең күрделі сынақ — заңнамалардан өткен білікті педагогтер неге басқарманың алдында дәрменсіздік танытады?  

Директорлар «креслосына» қатысты бірер сөз. 2018 жылы да, былтыр да жасөспірімдердің төбелесі, бір-біріне пышақ ала жүгіруі бірнеше рет тіркелді. Жыл басталғанына екінші айды орталамай жатып-ақ, білім беру мекемелерінде жасөспірімдердің қатысуымен 4 төбелес тіркелген. Әрине, пышақтасудың кесірінен ауыр жарақаттанғандар да бар. Жалпы, осы құқықбұзушылықтың салдарынан бала өлімі болған жағдай да тіркелді. Оқушылары құқықбұзушылық жасаған мектептердің директорларының бәрі де білім ордасындағы тәрбиенің кемшіндігіне жауапты. Сол келеңсіздіктер үшін бар басшыға неге ортақ талап қойылмады? Тек облыстық М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың директоры, білікті педагог Гүлнара Тәжіғалиева ғана қызметінен кетуге мәжбүр болды. Неліктен?  Тіпті, облыс түгілі, елімізде алғаш рет ата-аналардың бәрі бірдей ұйымдасып, директордың орнынан кетпеуін қалап, биліктегілерден көмек сұрады. Директордың оралуын қалаған ата-ана мен баланың жанайқайын сол кездегі билік басындағылар естігісі де келген жоқ. Әйтпесе, әлеуметтік желілерді айтпағанда, жергілікті түгілі,  республикалық БАҚ-да олардың өтініш-тілектері айтылды. Нәтиже болған жоқ (Айтпақшы, бұл білім шаңырағына да директор бақандай 9 айға жуық уақыт өткен соң ғана тағайындалды).

Ал біз директор жоқ дейміз…

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button