Басты жаңалықтар

Ауылда жұмыс көп, бірақ жұмыс қолы жоқ

Аудандардағы шаруа қожалықтарына малшы, механизатор, мал дәрігері, зоотехник мамандары көптеп керек. Бүгінде облыстағы 9 колледжде ауыл шаруашылығы мамандары даярланып жатса да, 7500-ден аса шаруа қожалығына  маман жетпей жатыр.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарына маман даярлау мақсатында 2013 жылдан бері  қолға алынған дуальды оқыту бағдарламасы да өзін-өзі ақтамай келеді. Осы өзекті мәселелер Ақтөбе көлік, коммуникация  және жаңа технологиялар колледжінде өткен пікірталаста қызу талқыланды. Бұл жерде орта оқу орындары бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы, колледждердің материалдық-техникалық базасы мен шаруашылықтармен байланысы, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі, дуальды оқыту жүйесіндегі кемшіліктер сөз болды.

«Ақтөбе фермерлік орталығы» қоғамдық бірлестігінің жауапты хатшысы, Алға ауданындағы «Тілеу» шаруа қожалығының иесі Александр Мандрыкин ұсақ шаруашылықтарға мемлекеттік субсидиялауды күшейтіп, ұсақ және орташа шаруашылықтарға студенттерді жұмысқа тартудың ортақ үлгісін әзірлеп, қысқа мерзімде мамандарды даярлауға ірі шаруашылықтар жанынан дуальды оқытуды қолға алу керектігі жөнінде ұсыныс айтты. Алыстағы малшылар қазір көп жағдайда ескі-құсқы вагондарда тұрып жатыр. Біз малшыға жағдай жасалуы тиіс деп есептейміз. Ол үшін елімізде ортақ үлгідегі жатын орны, жуынатын жері, ас ішетін орны, тынығатын бөлмесі бар малшы үйі типажы әзірленуі тиіс. А.Мандрыкин: «Біз осы ұсынысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдағалы отырмыз. Жасыратыны жоқ, Ақтөбе облысының тұрғындарын ет-сүтпен қамтамасыз етіп  отырған — орта және шағын шаруашылықтар. Өйткені, облыстағы ірі қара малының  80 пайызы  осылардың қолына шоғырланған», — деді.

Колледж түлектері  неге жұмысқа орналаса алмай жүр?

Бүгінде мемлекет қазынасынан колледждегі 1 оқушыны 3 жылға жуық оқытуға 350 мың теңге жұмсалса, дуальды оқыту бағасы — 20-30 мың теңге аралығында. Соған қарамастан облысымызда 2013 жылдан бері қолға алынған дуальды  оқыту әлі күнге дейін өзін-өзі ақтамай келеді. Тіпті осы бағдарламамен оқытылған мамандардың жұмысқа орналасқан-орналаспағанын зерттеп жатқан да ешкім жоқ.

— Шаруа қожалықтары жұмысқа қабылдамақ түгілі, өндірістік тәжірибеден өтуге студенттерді алмайды. Бала сонда кәсіби дағдыны қай жерде алады? Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 267 кәсіпорын дуальды оқытудың Жол  картасына қатыса бастады. Мұнымен бірге 1 665 студент дуальды жүйемен оқуға кірісті.   Осы жобаны «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы қолға алып, оқу орталығы — студент — жұмыс берушіні байланыстыру арқылы үш жақты жұмыс жүргізіліп жатыр, — дейді облыстық білім басқармасы техникалық-кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Венера Шавкилова.

Алға ауданы Қарағаш ауылдық округіндегі «Меңдібай» шаруа қожалығының басшысы Марлен Баймағамбетов жұмыс берушілер мен орта білім мекемелері арасында байланыс жоқ деп есептейді. Бұл жағынан ауыл шаруашылығының білім мекемелері салалық министрліктерге бағынатын Ресей Федерациясындағы тәжірибені енгізуі керек.

— Шаруашылыққа жыл сайын бір адамнан жұмысқа қабылдап отырмын. Бірақ бұл аз. Мен үшін Ақтөбеде колледждерде оқып жатқан алғалық студенттерді жұмысқа алу тиімді болар еді. Бірақ  қалада колледж  бітірген балалар көбіне  вахталық жұмысқа  кетіп қалады. Ал мал дәрігері дипломын алып келген  баланың  малға ебі жоқ. Қан алуды, екпе жасауды білмей жатады. Мен шаруа  қожалықтары басшылары  оқу орындарына  өздеріне қажетті мамандарға тапсырыс бергені дұрыс деп ойлаймын. Жұмысқа келген жастарды үйретіп, алдағы уақытта  бизнеспен айналысқысы келсе, бірігіп жұмыс істейік, — деген ұсыныс айтты М.Баймағамбетов.

Шаруа қожалығына малшы-механизатор іздеген Мәртөк ауданындағы  «Арыстанғали» шаруа қожалығының басшысы да колледждің соңғы курсында оқитын студенттерді өз шаруа қожалығында өндірістік тәжірибеден өтуге шақырды. Жұмыс беруші жақсы жалақы, жұмыс киімімен, жатын орын, тамақпен қамтамасыз етсе де, малшы көп тұрақтамайды. Бұған дейін де «Арыстанғали» шаруашылығына малшылық жұмысқа келген азаматтар вахталық жұмысқа ауысып кеткен, не  арзан «Жигули» сатып алып, ауыл арасында  жеке такси қызметімен айналысып кетеді. Оның ойынша,  малдың жайын біліп, нағыз шаруа болып қалыптасқысы келген азамат қара жұмысқа ынталы болып, барлық еңбек сатысынан өтуі тиіс. Себебі, шаруаның жайын білмеген жанның  ауыл шаруашылығында бизнес жүргізуі мүмкін емес.

Фермер Болат Өмірзақов 3-4 айда жеделдетілген түрде бір  маман даярлап жатқан  РФ Калуга ауыл шаруашылығы колледжінің тәжірибесін енгізуді ұсынады. Ол жерде болашақ маман жұмыс істей жүріп,  кешкілік оқиды не сырттай білім алады. Ал бізде агроном, ветеринар, зоотехник маманын даярлауға 4 жыл керек әрі өндіріске тәжірибесіз жағдайда келеді. Біздің жағдайымызда 2-3 ай оқытып, тәжірибе жүзінде малдың қанын алуға, екпе жасауға үйретіп, шаруашылыққа жұмысқа қабылдау керек.

— Жақында құрылыс-монтаж колледжінің оқушыларынан автокав туралы сұрағанымда, бітіргелі  жатқан бала   ештеңе білмеді. Автокав — кез келген жобалаушының үстелінде жататын  кітап. Сол сияқты сиырдан қан алып, екпе жасаудан қорқатын ветеринар кімге керек? Фельдшерлікті 3-4 жыл оқығанда, оған бюджеттен 350 мың теңге жұмсалады. Бірақ оны бітірген  бала көбіне қаладағы мейрамханаларда даяшы не кафеде бармен, не базарда сатушы болып кетіп жатыр. Бала ауылға барғысы келмейді, — дейді Болат Өмірзақов. — Ауылға тракторшы-механизатор, сауыншы, бақташы, мал дәрігері керек. Ал жұмысқа ынтасы болмаған баланы еңбекке қалай тартамыз?

Маусымдық жұмысқа адам таппағандықтан, кейбір шаруа қожалықтары   Өзбекстан, Қырғызстанның азаматтарын мал бағып, трактор жүргізу үшін жұмысқа шақыртуға Үкіметімізге квота бөлуге ұсыныс әзірлегенімен, бұл  қабылданған жоқ. Ақтөбелік шаруалар Өзбекстан мен Қырғызстаннан мал бағуға адам шақыру тығырықтан шығар жол емес, бар кінә өз  балаларымызды еңбекке тәрбиелей алмағанымызда жатыр деген пікірге тоқтады.

Алға ауданының бірнеше  шаруа қожалығы  басшылары колледж директорларынан ауылға барып  мал бағуға құлшынып тұрған жастарды өндірістік тәжірибеден өтуге шақырды. Бітірген бойы жұмысқа қабылдап, жақсы механизатор, жақсы мал дәрігері етіп шығаруға уәде берді. Олар  жұмыс киімдерімен, жатын орынмен, тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Бірақ негізгі шарт — тәжірибеден өтуге келген колледж түліктері мал күтіміне байланысты кез келген жұмысты істеуі керек. Шаруалар 18-ден асқан балаларды жұмысқа алуға ықыласты. Қазірде алғалық алдыңғы қатарлы қожалықтар малшыларға  қыста 50-60 мың,  мамырдан бастап 100 мың теңге жалақы төлейді.

Өндірістік тәжірибені шаруашылықтардан өту керек

Мұғалжар ауданындағы «Сәтжол» асылтұқымды жылқы өсіретін шаруа қожалығының өкілі Ләззат Ғалиева студенттердің оқу және өндірістік тәжірибелер уақытын көктемгі, жазғы маусымдық жұмыстарға қоюды ұсынды. Ауыл шаруашылығы маусымдық жұмыстар болғандықтан, көктемгі егіс, төл алу, егіс ору, көкөністі күтіп-баптауға студенттерді тарту агрономдар мен мал шаруашылығы мамандары үшін де қолайлы. Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округіндегі «Алтай» шаруа қожалығының басшысы да Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінің оқушылары өндірістік тәжірибені шаруа қожалығында өтуі тиіс деп құптады. Ақтөбе жоғарғы ауылшаруашылық колледжінің директоры Амангелді Есіркепов  оқушылардың тәжірибеден өтуі мен жұмысқа орналасуына байланысты төмендегідей түсінік берді:

— Ақтөбе жоғары ауылшаруашылық колледжінде оқушылар 2 жыл 2 ай, не 1 жыл 8 ай оқиды. Мұнымен қатар 2-3 ай оқып та, жұмысшы мамандығын алып шығады. Жасыратыны жоқ, біз 16 жасқа толмаған баланы алыстағы шаруашылықтарға бақылаусыз жібере алмаймыз. Сондықтан жұмыс беруші келгенде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы — облыстық білім басқармасы — жұмыс беруші арасында жасалатын шартқа қол қоюын сұраймын. Өйткені біз біреудің баласына жауаптымыз. Ол баланың тәжірибеден өтуге барғанда жататын жері болу керек, еңбегінің ақшасы төленуі керек. Ең маңыздысы — тәжірибеден өтуге алған жұмыс беруші оқушымды бітірген бойы жұмысқа алатынына кепілдік беруі тиіс. Екінші  мәселе — шаруашылықтарда агроном жетіспейді деп айтып жатырсыздар. Шыны керек, соңғы екі жылда агроном мамандығына бала таба алмадық. Себебі келмейді. Бәрімізге белгілі, қазірде ҰБТ тапсырудағы ең төменгі шектігі — 40 балл. Мен  ешкімнің баласын жамандағым келіп тұрған жоқ, бірақ шындығы сол — біздерге мектептегі білімі аздау балалар келеді. Соларды оқытып, барынша маман етіп шығарамыз. Біздегі оқушылардың 98 пайызы — елдің балалары. Олар — еңбекпен көзін ашқан, малдың жағдайын білетін балалар.  Өндірістік тәжірибеден өтуге барар алдында оларға жағдай жасайтын кәсіпорындарды іздейтініміз рас. Өткенде бірнеше баланы Хромтау ауданындағы «Жантізер» шаруа қожалығына жібердік. Олар қабылдап алды, ақшасын, тамағын берді, жұмысқа  алды. Бір күні «малдың  қиын оюға көмектесіңдер» дегенде, балалар күректерін лақтырып тастап: «Біз олай істемейміз» деп қайтып келді. Мен мұны неге айтып отырмын? Қазіргі  бала көп жағдайда бұрынғылардан  анағұрлым өзгешелеу. Соған қарамастан соңғы 5 жылдың ішінде ауылшаруашылық колледжі жоғарғы колледж деген атаққа ие болды. Бізден бітірген 14 бала Орынбор мемлекеттік аграрлық университетінде білімдерін жалғастыруда.

Жиын соңында «Ақтөбе фермерлік орталығы» қоғамдық бірлестігі шаруа қожалықтары басшылары, колледж оқытушыларының ұсыныстарын  ескере отырып, дуальды оқыту жүйесін қайта үлгілеу,  ірі тауар өндіруші фермерлік шаруашылықтарда дуальды оқыту орталықтарын ашу, оқу бағдарламасын қайта қарап, кей мамандықтарға қысқа мерзімді оқу бағдарламасын әзірлеуге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс әзірледі.

                                                                               Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button