Спорт

Енді екінші кезең басталды

Чемпионат

Кеше «Достық» су спорты кешенінде су добынан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының 2-кезеңі басталды. 2008 жылғы және одан кіші жастағы ватерполшылардан жасақталған облыстық — 3, Атыраудан — 1 және Батыс Қазақстан облысынан келген 1 құрама өзара мықтыны анықтайды. Ел біріншілігінің алғашқы туры желтоқсан айында облысымызда өтіп, біздің ватерполшылар үшін сәтті аяқталған болатын. Екінші кезең басқа қалада өтуі керек болған, бірақ техникалық себептерге байланысты бұл турды да біздің облыс қабылдап жатыр. Қазақстан чемпионатының финалистері жалпы 3 кезеңнің қорытындысынан кейін анықталады.

Еске салатын жайт, қазіргі уақытта Ақтөбеден бөлек Тараз, Қарағанды қалаларында да 2-тур ойындары өтуде. Қарағандыда Көкшетау, Нұр-Сұлтан және жергілікті ұжым бәсекеге түссе, тараздық, алматылық және өскемендік командалар бір топта маңызды ұпайларды сарапқа салып жатыр. Біріншіліктің финалына әр топтан екі команда жолдама алып, медальға таласады.

Ақтөбенің намысын қорғап жатқан 3 команданың біреуі ғана конкурсқа қатысады. Ақтөбе-1 командасы бірінші турды жеңгеннен кейін бапкерлер бұл кезеңде де жас спортшыларымызға сенім артып отыр. Бұл туралы команданың аға бапкері Алексей Наумов былай дейді:

28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында оқу-жаттығу жиындарынан өтіп келдік. Ойын кезіндегі тактикалық қателіктермен жұмыс жасап, қарсы шабуылдағы кемшін тұстарымызды жөндедік. Шәкірттерімнің жеңіске жететініне сенімдімін, аяқ алыстарына көңілім толады. Егер чемпионатта жеңіске жетсек, жаз айында Италияда өтетін жасөспірімдер жарысына дайындаламыз. Бұл жарысқа барлық мемлекеттерден 64 команда қатысады. Ондай үлкен деңгейдегі жарысқа қатысу біздің ватерполшыларымыз үшін үлкен тәжірибе.

Алғашқы жарыс күні Ақтөбе-1 батысқазақстандық ұжымға ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Біздің ватерполшылар соққан 28 голға қарсыластардың 1 ғана доппен жауап қайтаруға шамалары жетті. Жергілікті команда әзірге ұпай саны бойынша қарсыластарынан озып келеді.

                                                                                                        Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button