Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Жағабұлақта тайға мінген бала көп

«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі…

…Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты».  

«Ұлы даланың жеті қыры»

Мұғалжар ауданының Батпақкөл селолық округінің орталығы — Жағабұлақ ауылында 250 түтін бар. Бүгінде бұл ауылда жабағы-тайға мінген баланы жиі кезіктіресің. Өйткені ауылда атбегілік кәсіп қанат жайған. Ат жарыстарына Жағабұлақтан жүйріктер көптеп қосылады.  Бүгінде атакәсіпті дамытып отырған үлкендердің бұл ісі — кейінгілерге үлгі. Қазір бүтін бір ауылда отызға тарта бала атқа шауып, кейбір шабандоздар республикалық деңгейде өткізілген аламандарда топ жарып, бәйге алып жүр.   

Үйір саны артып, шабандоздар көбейді

Қазір Жағабұлақта ат жалын тартып мінетін балалардың қатары көп. Ауыл азаматтары жастайынан жылқыға үйір боп, жануардың қадір-қасиетін сезініп өсіп келе жатқан балаларды алты жасынан атқа мінуге үйретеді. Бұл ауылда атқа міну мәдениеті, жалпы ұлттық дәстүрді жаңғырту бағытында көптеген іс-шара қолға алыныпты. Үлкендердің айтуынша, ауылда атбегілік кәсіп қанат жайып, осындай шаралардың негізінде соңғы жылдары үйір саны да едәуір артқан. Жылқыны қолға үйрету, балаларға шабандоздық өнердің қыр-сырын меңгертіп, жүйріктерді жаратуда ауыл азаматтары Дабыл Жалмағанбетов, Тағыберген Жақсылықов және Бақтияр Ырысбаевтардың есімі қатар аталады.

Ата-бабаларымыз жылқы малын ерекше қастерлеген. Қасиетті санаған. Бүгінде біз де осы кәсіпті қолға алып, ауылымыздағы жасөспірімдерді ерте жастан жабағы, тайға мінгізіп, ат баптау ісіне баулып жүрген жайымыз бар. Өкініштісі, қазіргі күні бұл дәстүр ұмытылып барады. Осы іспен 2013 жылдан бері айналысамыз. Ауылда кімнің аты озып, бәйге алса, сол біз үшін үлкен олжа. Осындай жетістікке  ауыл болып қуанамыз. Қазіргі күні аттың үстінде еркін отыратын шабандоздарымыз да бар. Ол үшін балаларды бұл өнерге жастайынан баулу керек. Ауыл азаматтары болып апта сайын жабағы, тай жарыстарын ұйымдастырып жүргеніміз де сондықтан, — деді Бақтияр.

Оның айтуынша, қазір ауылда үй басына жылқы бар десе, артық айтқандық емес. Сөз арасында ол: «Меніңше, ауылда тұрып, мал ұстамау дегенің ұят. Оның үстіне балалардың жылқыға деген қызығушылығы ерекше болғасын ба, соңғы кездері ауылымызда Қамбар ата тұқымының саны артқаны байқалады.  Кейбір балалардың үйінде жылқы жоқ. Олар бөтен үйдің жабағысын, тайын сұрап мініп жүр», — деді ол.

Тай — ертеңгі тұлпар

Қазір Бақтияр Ырысбаев таза қанды араб тұқымды жүйріктерді баптап жүр. Лақап аты Летиция араб байталы мен Кермек атты араб құнанын бәйгеге өзі жаратады. Талай бәйгені бермеген сәйгүліктен иесі зор үміт күтеді.

— Бәйгенің маусымы мамырда басталады. Қазіргі күні маусымға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жан-жақтағы атбегілермен, ат спорты федерациясының өкілдерімен әлеуметтік желі арқылы байланысып отырамыз. Осындай іс-шаралардың өсіп келе жатқан балаларға берер тәрбиелік мәні зор. Ауылымызда апта сайын ұйымдастыратын  жабағы жарысын балалар тағатсыздана күтеді. Бізді көшеден көріп қалса: «Аға, осы аптада жарыс бола ма, ұйымдастырасыздар ма?», — деп сұрағанда іштей риза боламыз. Егер жарыс бір апта болмай қалса, балалардың ұнжырғасы түсіп, ренжіп қалады. Әрине, ауылда апта сайын өткізілетін жабағы, тай жарыстары үшін демеушілер тартылмайды. Жабағы, тайын жарысқа қосатындар 500-1000 теңге аралығында қаржы шығарады.   Жаңадан үйретіліп жүрген жабағыларды жарысқа қоссақ, ол үшін 500 теңге төленеді. Бұл іске балалардың ата-анасы қарсылық танытпайды, қайта қолдау білдіреді. Ал біз жарыс қорытындысы бойынша сол қаражатты жеңімпаздарға үлестіріп береміз. Себебі жарысқа түскен әр бала жүлдеден үмітті. Сол үшін олар сабақтан келісімен апта бойы жабағысын күтіп-баптап, өзінше жаратады. Оны біз сырттай бақылап, көріп те жүреміз.  Ең бастысы — баланың қауіпсіздігі. Атқа шауып үйренген балалар ғана жарысқа қатыстырылады. Сондай-ақ жарыс болатын күні ауа райына аса мән береміз. Егер күн жауын-шашынды, көктайғақ болса, жарыс өтпейді», — деді Бақтияр.

Ел болғасын ас беріледі, мерейлі жастар аталып өтіледі. Сондай кезде туған күн иесінің ұрпақтары бәйге ұйымдастырып, қомақты жүлде қорын тағайындайды. Мұндай іс-шараларда да Жағабұлақтың жігіттері жүйріктерін жетектеп, төбе көрсетіп жатады.

Ауылымызда шабысы бөлек, бітімі мен болмысы ерекше жүйріктер бар. Дабыл ағамыздың бес жасар Бойтұмары мен Тағыберген ініміздің Самұрық атты сәйгүлігі талай бәйгені бермей, облыстың мерейін асқақтатқан кездері болды. «Тай — ертеңгі тұлпар» деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Қазір ауылымызда осындай жүйріктеріміздің ізін басып келе жатқан тай-құнандардың ерекше шабысы бүгіннен-ақ байқалуда.  Ауыл азаматы Серікбай Құлмағанбетовтің «Кермаралын», сондай-ақ «Мөлдір» және «Ақбақайдан» болашақта зор үміт күтеміз. «Самолет» атты жабағыны да жақын арада жарысқа қостық, — деді атбегі.

Жүйріктердің қысқы дайындығын жақсы өткізу керек…

Дабыл Жалмағанбетовті тек Жағабұлақ ауылының ғана емес, атқа құмар аудан тұрғындары да жақсы таниды. Жас кезінен ат баптап, атбегілікті кәсіп еткен ауыл азаматының күні бүгінге дейін жылқыға деген құмарлығы ерекше.

Асылтұқымды жылқыларды күтіп-баптап жүргеніме он шақты жылдың жүзі болды. Қазір таза қанды ағылшын тұқымды жүйрікті бәйгеге баптап жатқан жайым бар. Бәйге аттары, олардың күтімі жайында айтар болсам, әр ат өзінің мүмкіндігіне қарай әртүрлі жаратылады. Жүйрікті жаратар кезде оның жейтін жемшөбімен қатар, күнделікті жүрісі басты назарға алынады. Шабатын ат бабына келген уақытта өзінің қандай дайындықтан өткенін көрсетіп-ақ тұрады. Ол үшін жүйрік аттардың қысқы дайындығын жақсы өткізу керек. Күн жылынып, жер аяғы кеңіген шақта бәйге аттарын шауып, арасында жорытатындары болады, ол үшін ұзақ жүріс керек. Әрине, кез келген атты бәйгеге жарата алмайсың. Оның ататегін біліп, зерттеуден өткізіп барып жаратуға кірісеміз ғой. Бағы мен бабы келіскенде ғана бәйгеге қосуға болады. Сондықтан ат жаратқан мезгілде осының бәрін күнбе-күн қарап, қадағалап отырамыз. Шетелден әкелінген жылқыларға мезгілімен берілетін дәрумендер бар. Оларды арнайы ветеринарлық дәріханалардан сатып аламын. Ақтөбеде жоғын Алматыдан алдыртамын. Жылқыны жаратар кезде жануардың көңілкүйі мен түр-тұлғасы да басты назарда болуы керек. Бабына келген ат қалай десең де құлпырып тұрады ғой, — дейді ол.

Ол қазір ауылда жылқының көбейіп жатқанына қуанады. «Ат жалында өскен ұлттың ұрпағы болғандықтан, ауылда  өзіміз ғана ат баптап, бұл істі өзіміз ғана қолға алмай, соңымыздан ерген інілерімізді, жастарды, балаларымызды да бұл кәсіпке баулығанды жөн көрдік. Ауыл балаларының тайға мініп, жарысқа қатысуға деген талаптары жоғары. Ауылда сыртқа шығып, шауып жүрген 3-4 шабандозымыз бар. Олар өздерін кәсіби тұрғыда дамытып келеді. Мұндай шабандоздарымызға сырттан тапсырыс та түсіп жатады. Соған біз қуанамыз. Жалпы ат бәйгесі ұйымдастырылғанмен, шабандоздар табылмай жатады. Бұл —үлкен мәселе. Болса да мықты шабандоздар аз. Құдайға шүкір, ауыл балаларының қай-қайсысы да келешекте кез келген бәйгеге шабуға дайын тұр», — деді Дабыл ақсақал.

Жіптен жүген өріп, ноқта жасайды

Бүгінде Жағабұлақ ауылының азаматтары балаларды атқа шауып қана емес, оларға өз қолдарымен ат әбзелдерін жасауды да үйретіп жүр. Дабыл Жалмағанбетовтің айтуынша, дайын ат әбзелдерін дүкеннен сатып алуға болады. Бірақ балаларға жіптен жүген өру, қайыстан ноқта жасау сияқты жұмыстарды үйретудің маңызы зор.

Қазір ауылдағы кейбір балалар өздері жіптен жүген өріп, шетін түйдіріп жүр.  Оның да өрме жүген, қайыс жүген деген түрлері бар. Өрме жүген таспадан өріледі, ол қайыс жүгеннен мықтырақ болады. Біз балаларға жүген мен ноқтаны қабат қолданғанда алдымен ноқтаны, содан соң жүген салынатынын, шылбырдың ноқтаға байланатыны туралы қарапайым нәрселерді айтып түсіндіреміз, — деді Дабыл Жалмағанбетов.

Тағыберген — «Мұғалжар тұлпары» кубогының иегері

Өткен жылы аудан бойынша ұйымдастырылған «Мұғалжар тұлпары» номинациясының кубогын ұтқан Жағабұлақ ауылының азаматы  Тағыберген Жақсылықов — кәнігі атбегі. Балдық жүйе бойынша есептегенде, Тағыберген баптаған сәйгүліктердің жетістігі жоғары көрсеткішке ие болыпты. Содан көпшіліктің келісімімен ауыспалы кубок Тағыбергенге бұйырған. Онымен қоса «Мұғалжар» тұқымды жабағыны сыйға алыпты. Бұл шараға Мұғалжар ауданы Қайыңды ауылының азаматы Беркін Ниязов демеушілік көрсеткен. «Бұл — ауыспалы кубок. «Чемпион болу оңай, чемпиондық атақты сақтап қалу қиын» демекші, енді екі жыл бойы мен баптаған жануарлар лайықты өнер көрсетіп, бәйгелерде топ жарса, кубок өзімде қалады. Сол үшін кубокты үш жыл қатарынан қорғауым керек. Бұл — былтыр аудан көлемінде бірінші рет ұйымдастырылған шара», — дейді отыз жастан асқан атбегі.

Қазіргі күні қолымда екі бәйге атым бар. Оның бірі — таза қанды ағылшын, екіншісі — поляк тұқымдас жануар. Екі жылқыны да Ақтөбе қаласынан сатып алдым. Жылқыларымды бәйгеге өзім жаратамын. Олар  топ жарып, бәйге алған кезде, еңбегіміздің еш кетпегенін, ең бастысы — ауданымыздың, оның ішінде ауылымыздың аты аталып жатқанда бойымызды қуаныш кернейді, — дейді Тағыберген.

Оның айтуынша, бабы мен бағы келіскен сәйгүлік шабысынан жаңылмайды. Тағыберген баптаған жүйріктердің мұндай кездері көп болған. Енді иесі оларды жүлде қоры қомақты жарыстарға қосуды жоспарлап отыр. Өткен жылдары Атырау облысындағы аста ұйымдастырылған бәйгеден оның аты бірінші келіп, облыс мерейін асырса, Ақтөбе ипподромында ұйымдастырылған жарыста мәре сызығын үшінші болып кескен жүйрік көп кешікпей Алға қаласындағы Сабантойда да бәйгені бермеген.

Әрбір атбегі жылқыны әртүрлі жаратады. Кейбір атты жеңіл-желпі жаратасың. Ал енді беруін өз бабында жарату қажет. Бұл жануардың жаратуды көтеру деңгейіне байланысты болады. Сол сияқты кейбір аттар суытқанды жақсы көреді. Ағылшын және поляк тұқымдас жануарлардың бір-бірінен ерекшелігі  мықты. Поляк жылқысы ағылшынға қарағанда жеңіл, сонысымен ұшқыр келеді. Алайда қазіргі күні көптеген азаматтар таза қанды ағылшын тұқымдас жүйріктерді баптап, бәйгеге қосып жүр, — деді әңгіме арасында Тағыберген.

Ол  атта шаппайды, тек баптайды. Бәйгеде оның баптаған жылқыларын ауылдағы Ерхан мен Еламан атты екі шабандоз мінеді. «Біз олардың ат үстінде сенімді отыратынына сенеміз. Алда бізді үлкен бәйгелер күтіп тұр. Өйткені биыл елімізде көптеген іс-шаралардың, мерейтойлы даталардың аталып өтілетінін білеміз. Қазіргі күні ауыл азаматтары болып әлеуметтік желіде «Атбегі — ауыл балалары» деген арнайы чат аштық. Сол ортада бір-бірімізбен пікір алмасып, жан-жақта өтетін бәйгеге қатысты жаңалықтарды, жалпы жылқы малын күтіп-баптау сияқты ақпараттармен бөлісіп отырамыз. Олардың қатарында шабандоз балаларымыз да бар. Соңғы кезде ауылымызда шабандоз балалардың саны артып, бәйге жылқыларының қатары көбейгені қуантады. Бір-бірімізді демеп, үнемі қолдау танытып жүреміз», — дейді ол.

Тағыбергеннің төрт баласы бар. Қазір ол екінші сыныпта оқитын ұлын атқа баулып жүр.

Ерекше бала — Ерхан

Ауылдағы №1 шабандоз — Ерхан Ырысбаев. Ол — атбегі Бахтиярдың ұлы. Біраз жүлдені қанжығаға байлап қайтқан жас шабандоз бәйге атын мініп, талай жерде өнер көрсеткен. Ауыл айналасындағы жарыстарда алған жүлделерін айтпағанның өзінде, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан бөлек, Ақтөбе, Қостанай өңірлеріндегі дүбірлі додаларда Ерхан мінген сәйгүлік топ жарып, талай мәрте мәре сызығынан бірінші болып өткен.

— Ат бәйгесінде жылқының шабысы мен оның жүлделі орындардан көрінуіне шабандоздың ықпалы мықты. Себебі кәсіби шабандоз ғана ат үстінде сәйгүліктің мүмкіндігін іштей сезеді. Бірақ мен өзімді кәсіби тұрғыда жетілген шабандоздар қатарына жатқызбаймын. Бұл өнерді әлі меңгеруім керек. Меніңше жабағы үйреткенде тақымың мықты болуы қажет. Қазір жасым 14-те.  Алты жасымнан атқа отырдым.  Асау жабағыларға да міндім. Жабағыға мінген кезде тақымыңды берік ұстап, үстінде қорықпай отырып шапсаң, аттың өзі-ақ басылып қалады, мөңкігенін қояды. Ал қорқып, өзің шошынып отырсаң, жылқы сезеді де, одан бетер мөңки жөнеледі. Сабақтан келе сала мал жайлап, тайымды күтіп-баптауға кірісемін. Атырау, Батыс Қазақстан сияқты облыстарда өткен ат жарыстарына шабандоз ретінде қатыстым, біреудің атымен шаптым. Талай бәйгеде жүлдегер атандым. Мұндай кезде ат иесі мені де сый-сияпатсыз қалдырмайды. Яғни алған жүлденің 10 пайызын маған береді. Осы күнге дейін еңбегімді жеп кеткендер болған жоқ, қайта ризашылықтарын айтып, алғыстарын білдіріп жатады. Бәйгеде қалып қойған кездерім де болды. Астымдағы атым болдырып қалған кезде, жануарды көп шаршатпауға тырысамын. Себебі оның мүмкіндігін іштей сезесің. Үлкен бәйгелерде жеңіске жету  — бабы келіскен жүйрікке де, шабандозға да тікелей байланысты. Мысалы, өзімді шабандоз ретінде айтсам, сөреге тұрған кезде мен іштей сол атқа барынша  сеніммен қараймын. Сосын бәйге басталған кезде тақымыммен атты демеп отыруға тырысамын. Әрине, жылқының күтімі бапкеріне тікелей байланысты. Қасымдағы сыныптас достарым Еламан мен Мирас та мен сияқты жылқыға құмар. Бәріміз де жабағы, тайларымызды баптап, алаңда бірге шауып жүрміз, — дейді шабандоз бала.

Жабының жалына жармасқан

Ауыл азаматтарының бірсыпырасы жылқы малын асылдандыру бағытында мемлекеттің шарапатын да сезініп жатыр. Осы бағытта мемлекеттік грантқа қол жеткізгендердің бірі —  Жағабұлақ ауылының тұрғыны Ержан Нұрланұлы.

Бұрын таза қанды ағылшын тұқымды жылқым болды. Бір жағдайларға байланысты құнан кезінде сатып жібердім. Қазіргі күні қазақтың жабы жылқыларын жабағы кезінен жуасытып, балаларды атқа отыру мәдениетіне баулып жүрміз. Біздің мақсатымыз — жастарымызды туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, олардың бойында патриоттық сезімді ояту. Ең бастысы — балаларды еңбекке баулу. Ата-бабаларымыз жылқы малын ерекше қастерлеген, сол дәстүрдің ізін жалғап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу — біздің парызымыз. Басқасын айтпағанда, ауылда туған балалар жылқының қадыр-қасиетін сезініп өсуі тиіс. Оның ішінде қазақтың «Жабы» тұқымды жылқыларының қасиетін, күш-қайратын кейінгі ұрпақ білуі керек. Жабы — нағыз қазақы жылқы. Өзге жылқылармен салыстырғанда, оның артықшылығы да аз емес. Сол үшін ауылда бәйге ұйымдастырып, балалар атқа шауып жүр. Қуанатымыз — балалар аттан құласа жыламайды, қайта жылқының жалына жармасып, жанталаса мініп, топтан қалмауға тырысып жатады, — деді Ержан.  

Қазақ қашанда жылқысының санын айтпаған ғой. Ержан алдағы уақытта Қамбар ата тұқымын көбейту мақсатында әрі оны асылдандыруға күш салмақшы. «Мамандығым — эколог. Алайда мемлекеттен берілетін мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы мал шаруашылығымен айналысқанды жөн көрдім. «Атқа мінген қазақтың кеудесін ешкім баса алмайды» дегендей, балаларымыз осылай жылқыға үйір боп өссе, еліміздің бірлігі мен тұрақтылығы нық әрі ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі сақталып қала бермек», — дейді ол.

Бекнардың бәйгесі

Ақпанның алғашқы күнінде Жағабұлақ ауылында тоғыз жабағы жарысқа түсіп, «Кермаралға» мінген Мұхтарға ел азаматтарының алғысы шексіз болды. Осы жарыста  жабағысын «Мөлдір» деп атаған шабандоздың мықтылығына сол жердегі жұрт куә. Себебі 3 шақырымдық жарыс кезінде омбы қарға сүрінген жабағының жалынан айырылмай, қайта қарғып мініп, шабысын жалғастырған Бекнардың бұл бәйгеден орын алатынына көпшілік күмәнмен қараған еді. Алайда астындағы атына сенген Бекнар мәре сызығын екінші боп кесіп өтіп, 3 мың теңгені қалтасына басып алды. Жабағысын Жібек жал деп атаған  Арсен есімді балақайдың өнері де көпшіліктің көңілін көтерді.

Бүгінде алтыншы сыныпта оқитын Бекнар:

— Екінші сыныптан бастап атқа мінемін. Үшінші сыныпта бәйгеде шаптым. Қазір ағам Ержанның жабағысын мініп, жарысқа қосып жүрмін. Бастапқыда асау еді, үйретіп алдым. Үйде смартфон қарап отырғаннан гөрі, атқа мінген әлдеқайда пайдалы. Ең бастысы — таза ауада жүресің, тынығасың. Өз басым атқа мінгенді жақсы көремін. Ағаларымның атымен бірнеше рет бәйгелерге қатыстым. Ат үстінде отырғанда қорықпау керек. Аттан құлаған кездерім де болды. Жайдақ атқа қарғып мініп, шауып кете беремін, — дейді ол.

P.S. Жағабұлақ ауылының азаматтары ат спорты өнерін дамытуда тек жабағы, тай жарыстарын ұйымдастырумен ғана шектелмей, болашақта балаларды көкпар ойынына тартуды да ойға алыпты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Ақтөбе-Жағабұлақ-Ақтөбе

Басқа жаңалықтар

Back to top button