Спорт

Ақтөбеде қысқы арнайы олимпиада басталды

Ақтөбеде ерекше қажеттіліктері бар арнайы спортшы балалар мен жасөспірімдер және жастар арасында қысқы арнайы Олимпиада өтіп жатыр.  Осыған орай кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ақтөбе облысы бойынша департаментінің «ANTIKOR ORTALYGY» сервистік ғимаратында баспасөз мәслихаты өтті.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Сыдықов республикалық жарысқа еліміздің 9 аймағынан — Нұр-Сұлтан, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе облыстарынан 200-ге жуық ерекше қажеттіліктері бар арнайы спортшы балалар мен жасөспірімдер және жастар қатысып жатқанын, олар шорт-трек, қар үстінде жүгіру, флорбол секілді қысқы спорт түрлері бойынша өзара сынға түсетінін айтты. Ақтөбенің намысын облыстық команда құрамындағы 90-ға жуық спортшы қорғайтын болады.

Арнайы олимпиада мен паралимпиада ойындарының айырмашылығы не? Паралимпиада ойындарына мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатысатын болса, арнайы Олимпиада ойындарына менталды ерекшелігі бар, яғни ақыл-есінде ауытқуы бар жандар қатысады екен.

Еліміздегі қысқы арнайы Олимпиаданың негізін қалаушыларының бірі, «Special Olympics КAZAКHSTAN» қоғамдық бірлестігінің бас директоры Ольга Бахарева биыл бұл арнайы Олимпиада додасына 30 жыл толып отырғанын атап өтті.

— Арнайы олимпиадалық бағдарламаға республика бойынша 20 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар спортшы қатысады. Олар 15 жастан бастап спорттың 5 түрі бойынша жыл сайын халықаралық жарыстар мен оқу  жаттығуларына барады. Оларға волонтерлер мен демеушілер көмек көрсетеді. Алдағы 2021 жылы дүниежүзілік арнайы Олимпиада ойындары Швецияда өтеді. Соған баратын үздік спортшылар осындай ел ішіндегі сайыста іріктеледі. Швецияға баратын спортшыларымыз қысқы спорттың 6 түрі бойынша дайындалатын болады. Арнайы Олимпиада ойындарында біз юнифайд-спорт бағытын ілгерілетуге, дамытуға жұмыс істейміз. Бұл бағыт арнайы спортшыларымызды инклюзивті әлеуметтендіруге арналып отыр, — дейді Ольга Бахарева. Одан әрі ол өз сөзін былай түйіндеді:

  • Ақтөбе — көрікті қала. Ұнады. Әсіресе, Димаштың туған жері болғасын тіпті жақсы көріп қалдым. Мен өзімді оның жанкүйерімін деп есептеймін. Таң атса болды, күнұзақ Димаштың әнін тыңдап жүремін. Ерекше даусы бар, ғажап әнші. Оны тәрбиелеген ата-әжесіне алғысымды айтып, басымды иемін.

Арнайы спортшы Жанат Мұқашев флорбол спортында екі командада үш адамнан болатындығын, залда доппен ойнайтын ойын екендігін әңгімелеп берді.

Қысқы арнайы олимпиаданың Ақтөбеде өтуіне Ақтөбе облысы әкімдігі, облыстық спорт басқармасы және «Wite&Case Kazakhstan» ЖШС мен «Coca Cola» ЖШС қолдау көрсетіп отыр.

Кешеден бері арнайы спортшылар шорт-трек  бойынша «Олимп» хоккей кортында, қар үстінде жүгіретіндер №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, флорбол шеберлері «Химик» стадионында өтіп жатыр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button