Басты жаңалықтарМәселе

Мұғалім болу    үлгерімі төмен түлектердің таңдауы  ма?

Жақында өткен Үкімет мүшелерімен өткізілген жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға педагогикалық мамандар мен институттарды тәртіпке келтіру керектігін тапсырған болатын.

Биылдан бастап мұғалім болғысы келетін түлектерге талап күшеймек. Педагогикалық мамандықтарға құжат тапсыруға ниетті талапкер ұлттық бірыңғай тестілеуден 70 балдан кем ұпай жинамауы тиіс. Білім және ғылым министрлігі шектеулі балды 70 ұпайға арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы министр Асхат Аймағамбетов педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесуде айтты. Оның айтуынша, педагогикалық мамандықтарға құжат тапсыратын түлектердің 70 пайызы — ұлттық бірыңғай тестілеуден ең төмен балл жинағандар.   

ШЕКТЕУЛІ БАЛЛ — 70 ҰПАЙ?

Елімізде жыл сайын 50-60 мың педагог маман университеттерді бітіреді екен. Олардың тек 10 мыңға жуығы ғана мектепке жұмысқа қабылданады. Ал көпшілігінің мектепте жұмыс жасауға ықыласы жоқ.

Ең үздік мектеп түлектерінің арасында мұғалім мамандығын таңдаушылар тым аз. Бұған білім беру гранттарын тағайындау конкурстарына қатысуға берілген өтініштерден байқауға болады. Мықты талапкерлер педагогика бағытын үшінші не төртінші кезекте таңдайды екен.

«Бұдан педагогикалық мамандықтарға мектепте сабақты жақсы оқымаған түлектердің көбірек түсетінін байқаймыз. «Алтын белгі» иегерлерінің 12 пайызы ғана педагогтік мамандықты таңдайды», — дейді Асхат Аймағамбетов.

2018 жылы педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шектеулі балл 50 болған-ды. Былтыр бұл көрсеткіш 60 балл болды.  Биылдан бастап министрлік шектеулі ұпайды 10 балға жоғарылатып, 70 балға дейін көтермек.

ТАЛДАУ НӘТИЖЕСІ:

100 АДАМ ОҚУҒА ТҮСІП, 800 ТҮЛЕК БІТІРЕДІ

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір еліміздегі 85 университетте педагог мамандар даярланады. Дегенмен, олардың арасында сапасы сын көтермейтіндері де жетерлік. Сол себепті министрлік олардың санын  85-тен 20-25-ке дейін қысқартуды жоспарлап отыр.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов университеттерге талдау жүргізгенде оқуға 100 адам түсіп, 800 адам бітіріп шығатынын анықтаған.

«Сапалы білім беретін университеттер студенттерді ойланбастан шығарып жібереді. Ал «шаңсорғыштар» мұндай жастарды жинап алады. Сөйтіп, оларға диплом береді», — деді Білім және ғылым министрі министрліктің алқа отырысында.

Бұл мәселені шешу мақсатында министрлік дипломдарды цифрландыруды қолға алмақ. Біріншіден,  «blockchain» электрондық дипломдары (жүйесі) әзірленеді. Екіншіден, тарихи ақпарат цифрландырылады. Министрлік деректер қорын 1970 жылға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Айта кету керек, жақында ғана сот шешімімен Шымкенттегі ең үлкен университет жабылды. Аталған университетте 30 мыңнан астам адам оқыған. Онда шын мәнінде дипломдар «басып шығарылған» екен.

АДАСҚАН ТОПТАР

  • Университеттің басшысы ғана емес, мұғалім отбасынан шыққан адам ретінде бірнеше проблемаларды атап көрсеткім келеді. Елімізде лицензияларында педагогтерді даярлауға арналған қосымшалары бар 85 жоғары оқу орны жұмыс жасайды. Олардың саны 85-тен 25-ке қысқаратын болды. Саннан сапаға көшкеніміз дұрыс.

«Жұбанов керуені» жобасы аясында жыл сайын аудан мектептерін аралаймыз. Мысалы, өткен жылы 12 аудандағы 290 мектепке бардық. 3 мыңнан астам оқушымен кездесу өткіздік. Сонда аңғарғаным, сыныпта 25 оқушы болса, соның 25-і де сауалнамаға «жоғары оқу орнына барамыз» деп жауап береді.  Бұрын, біз мектепте оқыған кездері бір жылда көп дегенде 2 бала жоғары оқу орнына түсетін. Қазір мектеп түлектерінің бәрі жаппай жоғары білім алуға ұмтылады. Сол себепті, жоғары оқу орнына түсуді «трендке» айналдырған қоғамның көзқарасын өзгертуіміз керек.

Біздің университет те саннан сапаға көшіп жатыр. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде қазір 15 мыңға жуық студент білім алуда. Жыл сайын бізде оқу үлгерімі нашар мыңға тарта студент оқудан шығарылады. Мұның себебі неде? Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысында жоғары оқу орнына қабылдану үшін шектік балл —  50 ұпай болуы мәселені күрделілендіріп жатыр. Осы оқу жылынан бастап оқу ақысын миллион теңгеге дейін көтеру жоспарда бар. Бұл да сапаны арттыруға сеп болады деп ойлаймын, — дейді  Қ.Жұбанов атындағы

Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор  Бауыржан Ердембеков.

Біздің дерек:

*** 1999 жылы әлемде 90 млн студент болса, 2019 жылы 200 млн студент болған. Студенттердің саны арту тенденциясы Қазақстанда да бар. 2016 жылы елімізде 477 мың студент болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 542 мыңға жеткен.

Қазір аталған жоғары оқу орнында 4542 студент педагогикалық мамандықтарда оқып жатыр.

  • «Серпін» жобасы туралы ерекше тоқталып өткенді жөн санаймын. Жалпы біздің университет биылдан бастап «Серпін» бағдарламасы бойынша оқитын студенттерді оқуға қабылдаудан бас тартып отыр. «Серпін» бағдарламасы бойынша берілетін гранттарға Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлері ие бола алады. Бұл облыстар неліктен таңдалған? Өйткені аталған аймақтарда демографиялық өсім жақсы. Жыл өткен сайын бала туу көрсеткіші көбейіп жатыр. Сонымен қатар бұл аймақтарға басқа өңірлерден көшіп келушілер көп. Дегенмен әлеуметтік нысандар аз. Мектеп пен балабақшаларда орын тапшы. Жұмыссыздық та басты мәселе. Ал еліміздің кейбір аймақтарында бала туу деңгейі төмен. Кадр тапшы. Соның салдарынан кей өңірлердегі өндіріс орындарына еңбек күші жетіспей жатыр. Міне, «Серпін» бағдарламасының арқасында осы олқылықтың орны толады. Жоғарыда аталған бес облыстың жастары Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Рудный, Павлодар, Арқалық, Петропавл, Қарағанды, Жезқазған, Өскемен, Семей қалаларындағы университеттер мен институттарда білім алады. Сол өңірлерде еңбек жолдарын бастауларына болады. Дегенмен, «Серпінді» бітірген жастар оқу жылының басында жұмысқа тұру үшін жергілікті мектептерге тіркеледі де, арада көп уақыт өтпей, өз облыстарына кетіп қалады. Нәтижесі жоқ. Бұл — бір. Екіншіден, «Серпін» жобасы бойынша оқитын жастар біздің өңірдің жастарының «орнын» алып қояды. Басқа өңірдің жастары ақысыз білім алғанша, алдымен өзіміздің облыстың түлектеріне гранттарды бөлуіміз керек, — дейді ректор.

Қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінде «Серпін» бағдарламасы бойынша 5 облыстан келген 425 жас оқып жатыр.

Ректор мектеп түлектерінің арасында мұғалімдік мамандықты амалдың жоқтығынан таңдайтындардың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіреді.

  • Мысалы, медицина университетіне оқуға түсу мақсатында ұлттық бірыңғай тестілеуде биологияны таңдаушы талапкерлер көп. Әрине, олардың бәрі бірдей медициналық жоғары оқу орындарының грантын иелене алмайтыны анық. Сосын, амал жоқ, педагогикалық оқу орнына барып, жаратылыстану факультетіне құжат тапсырады. Бірақ олардың бәрі бірдей университет бітірген соң, биологиядан сабақ бермейді. Мұғалім болғысы келмейді. Адасып жүрген осындай топтар да бар, — дейді Б.Ердембеков.

P.S.

Сонда амал жоқтықтан мұғалім болғысы келетіндер мен оқу үлгерімі төмен түлектер мұғалім болса, ұлт болашағы қандай болмақ? Ал біз білім сапасын айтамыз…

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button