Басты жаңалықтарМереке

Ширек ғасырлық мереке

Ақтөбеде Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 25 жылдығы аталып өтті

Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, қазіргі және алдыңғы шақырылымдардағы мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары, қоғам мүшелері қатысты.

Шараның ашылуында алдымен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова сөз сөйлеп, баяндама жасады. Ол соңғы ширек ғасыр ішінде мәслихаттар дамудың ұзақ жолынан өтіп, өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосқандығын, сондай-ақ аймақтағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысқанын атап өтті.

Облыстық мәслихат хатшысы өз баяндамасында айтып өткендей, 25 жыл ішінде Ақтөбе облысы, қаласы және аудандары бойынша 1267 адам депутаттық мандат алған. Сондай-ақ осы уақыт аралығында 2882 мәслихат сессиясы, он мыңнан астам тұрақты комиссия отырысы өткізілген. Бүгінде Ақтөбе облысының депутаттық корпусы  5 саяси партия өкілдерінен,  204 депутаттан тұрады.

Облыстық мәслихат хатшысының баяндамасынан соң, облыс әкімі Оңдасын Оразалин сөз алып, мәслихаттың қазіргі және алдыңғы шақырылымындағы депутаттарын мерейтойларымен құттықтап, елімізде жасалып жатқан реформаламардың іске асырылуына өзіндік үлес қосып жүрген халық қалаулыларына алғыс білдірді.

— Сонау тоқсаныншы жылдардағы бір саяси жүйеден екінші жүйеге, бір экономикалық құрылымнан екіншісіне ауысқандағы қиындықтарды атқарушы органдармен бірге тең көтеріскен мәслихат депутаттары болатын.

Өйткені олар қарапайым халықтың ортасынан шығып, күнделікті тіршілікте тауқыметін бірге көтерісіп келеді. Қиындық болса бірге жеңіп, бірге қуанатын да осы белсенді азаматтар.

Қазақстан Республикасының мәслихаттары ширек ғасыр ішінде қыруар жұмыстарды атқарды. Мемлекеттің ішкі және сыртқы, қаржы және инвестициялық саясатына сай келетін нормативтік құжаттарды екшелген түрде заң елегінен өткізіп қабылдады.

Құқықтық мемлекеттің негізгі бейнесі де осы мәслихаттардың қызметінде шоғырланған. Сондай-ақ, Қоғамдық кеңеспен тізе біріктіре қызмет жасайтын  тұрақты комиссиялар облысымыздың дамуына қатысты бюджеттік бағдарламаларды, инвестициялық мәселелерге байланысты жобаларды талқылайтын отырыстарда, әлеуметтік мәселелерге басты назар аударып қарайтынын ерекше атап өткім келеді. Қарапайым тұрғындардың тұрмысын оңалтуға  септігін тигізетін қандай бағдарлама болмасын шынайы талқылап, оң шешім қабылдаудағы еңбектеріңіз зор.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл — біздің ұстанатын басты қағидатымыз»  деп атап өткен еді. Алдағы уақытта осындай оң өзгерістердің бастауы мәслихат жұмыстарында көрініс табатыны сөзсіз, — деп өзінің жылы лебізі мен сенімін  білдірген облыс әкімі бірқатар депутаттарға арнайы Алғыс хат пен мерекелік медальдар табыстады.

Бұл күні облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталса, облыстық мәслихат депутаты Гүлжанат Ерғазина Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатын иеленді.

Бұдан өзге халық қалаулыларына ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.

Шара соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button