Жаңалықтар

Құқық бұзушыларды қоғамдық көмекшілер «құрықтайды»  

Пилоттық жоба

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықовтың төрағалығымен өткен жиында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Облыс әкімдігінде болған жиынға бірқатар басқарма, мекеме басшылары, құқық қорғау органдары мен Ақтөбе қалалық әкімдігінің өкілдері қатысты.

Облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры Нұрбек Тұрышевтың аймақта құқықбұзушылықтың алдын алу, бұл іске қоғамды тарту жөніндегі іс-шаралар жоспары турасында баяндады. Оның айтуынша, құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселесінде тек жергілікті атқарушы және құқық қорғау орындарына ғана иек артып отырмай, сонымен қатар бұл мәселеге жалпы қоғам болып араласу қажет.

Біз құқықбұзушылық жағдайлардың болғанын күн сайын естиміз. Мұндай тәртіп бұзушылықтар көшелерде, белгілі бір орындарда тіркеліп жатады. Алайда қылмыскердің ізін суытпай ұстау оқиғалары әрдайым бола бермейді. Сондықтан бұл мәселені бірігіп шешу үшін жалпы қоғамның да бейжай қарамағаны абзал. Осыған байланысты өткен жылы облыс әкімінің төрағалығымен болған жиында құқықбұзушылықтың алдын алу, бұл іске көпшілікті тарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Бүгінгі күні осы жоспардың аясында арнайы топтар жасақтап, бұл іске қоғамдық көмекшілерді тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл пилоттық жобаны криминогендік учаскелері бар Ақтөбе және Хромтау қалаларынан бастағанды жөн көрдік, — деді Н.Тұрышев.

Оның айтуынша, Ақтөбе қаласының Тургенев көшесі бойындағы Халыққа қызмет көрсету орталығынан бастап Абай даңғылына дейінгі аралықтағы ойын-сауық ғимараттары орналасқан жерлер, скверлер, сол маңдағы орман алқабымен қатар көп қабатты үйлер, бірқатар білім беру мекемелері шоғырланған аумақтар  криминогендік учаскелер қатарына жатқызылады. Былтыр осы аймақтың өзінде 68 қылмыстық жағдай, оның ішінде зорлау, ұсақ бұзушылықтар жасау, топтасып төбелесу, тонау деректері тіркелген. Осындай оқиғалардың салдарынан бірнеше қайтара денеге зақым келтіру жағдайлары болған.  Бұл учаскелерде тіркелген құқықбұзушылықтардың басым бөлігі — жеке адамға тиісу, олардың заттарын тонау.

Жиында прокуратура органының өкілі осындай аумақтарда полицейлермен қатар олардың жұмысын күшейтуге қоғамдық көмекшілер тартып, рейдтер ұйымдастырудың негізгі мәселелеріне тоқталды.

— Рейд жүргізу ісі полицейлер мен қоғамдық көмекшілердің өзара бірлесіп шешкен уақытына байланысты ұйымдастырылады. Ол үшін қадағалайтын аумақ, жұмыс уақыты белгіленеді. Рейд кезінде топтың жұмысында полиция өкілі жетекші саналады. Қоғамдық көмекшілер 3 адамнан, яғни  белгілі мекеме қызметкерлерінен құралған азаматтық топтан тұрады. Олар белгілі бір уақыт ішінде жоғарыда аталған аумақтарды тексеріп, бақылау жүргізеді. Егер сол аумақтан құқықбұзушылық жағдайларға куә болса, онда дереу топ жетекшісіне немесе «102» нөміріне хабарлауы керек. Ең бастысы — қоғамдық көмекшілер тәртіп бұзушылармен кикілжіңге бармауы тиіс. Олар әрбір рейд сайын есеп жүргізеді, — деген Нұрбек Тұрышев өз сөзінде қоғамдық көмекшілердің аптасына, айына қанша уақыт рейдке шығатыны жайында да айтып өтті.

Сондай-ақ жиында қоғамдық көмекшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жұмысын ынталандыру сияқты мәселелер де сөз болды. Полиция департаменті «Ең үздік қоғамдық көмекшіні» анықтайтын болады.

Біз қоғамның қолдауының  арқасында құқықбұзушылықпен күресте үлкен нәтижелерге қол жеткіземіз, — деді жиында аға прокурор Нұрбек Тұрышев.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп ұжымы мен ата-аналар комитетінің ұйымдастыруымен білім ордасында ата-аналар кезекшілікке шығады. Олар мектепішілік тәртіпті және ғимарат алаңын, әсіресе үзіліс кездерінде оқушылардың іс-қимылын бақылап, қадағалайды. Қазіргі күні Ақтөбе қаласындағы №2, №3, №37, №44 және №61 мектептерде осындай шара жүзеге асырылып жатыр.

Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, республика бойынша Ақтөбеде бірінші болып қолға алынып жатқан мұндай пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін бірқатар еңбек ұжымдарымен, жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесулер өткізіліпті.

Тұрғындардың қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету әрдайым полицейлердің қолынан келе бермейді. Қоғамдық  тәртіпті сақтау — қоғамдық мәселе. Біз бәріміз қоғамдық тәртіп туралы заңды сақтауымыз керек. Ол үшін біздің қоғамның әр мүшесі бұл іске жауапкершілікпен қарауы тиіс, — деді жиынды қорытындылаған сөзінде Рахат Сыдықов.

 Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button