Жаңалықтар

Жемқорлыққа қарсы белсенді іс-қимыл — жарқын болашақтың кепілі

Сыбайлас жемқорлық әдетте күшті әрі зиянды жағынан кез келген елдің экономикалық және  әлеуметтік дамуына әсерін тигізеді. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында жемқорлық деңгейін түбегейлі қысқартуға, мемлекет пен қоғам өмірінің түрлі салаларында оны тудыратын себеп-жағдайларды жоюға қабілетті превентивтік сипаттағы кешенді шараларға жетекші рөл берілген.

Осы орайда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досановпен сұхбаттасқан болатынбыз.

— Ғалымбек Нұрмыханұлы, өткен жыл қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында қандай өзгерістер, жаңалықтар болды? Ең алдымен осыған тоқсалсақ.

— Өткен 2019 жыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласы өзгерістерге өте бай болды десек болады.Ең алдымен, еске түсіре кетсек, аталған жылдың 13 маусымында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның алдын алу саласындағы айрықша кешенді құзіреттерге ие, тәуелсіз құқық қорғау органы – Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылған болатын.Яғни, бүгінгі біздің Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағдарланып, мемлекет саясаты жемқорлықтың алдын алудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Алқалы түрде тұжырымдалған «Қазақстан халқының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою»  миссиясы аясында қызмет етудеміз.

Заңнамадағы өзгерістер туралы тоқталатын болсақ, Тәуелсіз Қазақстанымыздың тарихында ең алғашқы рет бірінші басшылардың өз қарамағындағылар үшін жауапкершілігі заңнамалық тұрғыда бекітілді.2018 жылы «Астана — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің тұсаукесері барысында Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев: «Біз басшылардың жеке жауапкершілігі туралы мәселені көтереміз. Барлығы басшы болғысы келеді, бірақ ешкім жауапкершілік арқалағысы келмейді», — деген болатын.

Осылайша, тура бір жыл өткен соң, 2019 жылғы 26 қарашада Мемлекет басшысы Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды. Бүгінгі күні саяси санатына жататын мемлекеттік қызметкер өздеріне тікелей бағынышты тұлғалар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған жағдайда отставкаға беруге міндетті. Заңның жаңа редакциясына сәйкес саяси басшының өз қызметін доғаруға өтініш беруінің басты шарты — оған тікелей бағы­нышты қызметкерге қатысты заңды күші­не енген соттың айыптау үкімі болуы не­ме­се ақталмайтын негіздер бойынша қыл­мыстық істі тоқтату туралы шешімнің қабыл­дануы. Басшының жұмыстан кетуге өті­ніш беретін мерзімі – 10 күнтізбелік күн. Екінші шарт — тікелей бағынышты қызмет­кер жасаған қылмыс басшы саяси лауа­зымға тағайындалған күнінен бастап 3 ай өткеннен кейін жасалуы.

Саяси емес А және Б корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері болып табылатын барлық басшыларға қатысты оларға тікелей бағынысты адамдар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған жағдайда Заңмен тәртіптік жауапкершілік енгізілді.Бұдан басқа мемлекеттік орган немесе оның белгілі бөлімшесіндегі сыбайлас жемқорлық ахуалына кері әсерін тигізетін өзі басқарып отырған ұжымдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу міндетін елемегені үшін де басшысының жауапкершілігі енгізілді.

Үшінші маңызды жаңалық – нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу.Бұл механизм заңнамалық және заңға тәуелді актілерді әзірлеу сатысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар нормаларды анықтауға және жоюға мүмкіндік береді.

— Transparency International ғаламдық индексі туралы жиі естиміз. Осы жылы қандай нәтижеге қол жеткіздік?

— Transparency International халықаралық үкіметтік емес ұйымының 2019 жылғы «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі» атты зерттеуінің жыл сайынғы нәтижелерін жариялауы болып табылады.

Қазақстан максималды 100 балдың 34 балын иеленіп, 180 мемлекеттің арасында 113 орынға тұрақтанды. Осылайша, былтырғы жылмен салыстырғанда индексті 3 балға және 11 орынға жақсарттық.Жалпы 2018 жылы 31 балл иеленіп, 124 орында болғанбыз. Бұл Қазақстанның сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне қатысқан уақыт аралығындағы ең жоғарғы көрсеткіші екендігін ерекше атап өткен жөн. Еліміз тарихи максимумға қол жеткізіп, едәуір жоғары нәтижелердікөрсетті.

Жалпы алғанда, бұл индекстің тарихында ешқандай мемлекет 100 балл алмағанын атап өткім келеді. Биыл көш басын Дания және Жаңа Зеландия (87) бөліссе, үшінші орынды Финляндия (86), төртінші орынды Сингапур, Швеция және Швейцария (85) алды. Рейтингтің аутсайдері қатарына — Сомали (9), Оңтүстік Судан (12) және Сирия (13) ілікті.  Посткеңестік елдердің басым көпшілігі Қазақстаннан едәуір төмен орналасқан.

Мәселен, Молдова 32 балмен 120 орын; Украина, Әзірбайжан және Қырғызстан 30 балмен 126 орын; Ресей 28 балмен 137 орын, Тәжікстан мен Өзбекстан 25 балмен 153 орын, Түркменстан – 19 балмен 165 орын алды.

Өздеріңіз байқағандай, Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасындағы көшбасшылығын біршама нығайтты.

— Мемлекет саясаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған деген болатынсыз, бұл бағытта Сіздер қандай жұмыстар атқардыңыздар?

— Дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жалпы іс-қимылдың 80%-ын құрайды, ал қылмыстық-құқықтық әсер ету шаралары, бар болғаны 20%-ақ.Дәл осылай, бүгінгі күні Агенттік те сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда алдын алу шараларын кең көлемде қолданып, олардың үлесін арттыруға ұмтылуда.Осы орайда «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» — деген халық даналығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға да қатысты айтуға болады.

Жалпы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасатты қоғам қалыптастыру мәселелеріне Агенттік басты назарды қоюда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама бізге көптеген механизмдерді берген болатын.

Соларға қысқаша тоқталып өтейік. Сыртқы талдау қорытындысы бойынша біз заңнамалық актілерде, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бизнес-процестерінде, оның ішінде мемлекеттік сатып алу мен тапсырыстарды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа алып келетіне жағдайлар мен себептерді жою жөнінде тиісті ұсынымдар енгіземіз. Департаментімізбен 2019 жылы 16 мемлекеттік субъектілерді қамтитын 12 сыртқы талдау жүргізіліп, 100-ден астам сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды, оларды жою бойынша ұсыныстар енгізіліп, бүгінгі таңда олардың 81%-ы орындалды.

Өскелең ұрпақ арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру және парасаттылық қағидатын дәріптеу мақсатында департаментпен білім басқармасы және жоғары оқу орындары бірлесіп, 37 мыңнан астам оқушы мүше болып табылатын 399 «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары және 24,5 мың студент мүше 41 «Саналы ұрпақ» студенттік клубтары құрылып, жұмыс жасауда. Жыл бойы осы клубтармен жастар арасында жемқорлыққа қарсы сипаттағы 2 854 іс-шара өткізілді.Жоғарыда аталған жобалар шеңберінде, облыстың барлық мектептері мен жоғары оқу орындарының білім алушыларын қамтитын тоқсан сайынғы «Бірыңғай адалдық сағаттары» өткізілді.Сонымен қатар, бүгінгі күні жемқорлыққа қарсы қоғаммен бірлескен іс-қимыл одан әрі дами түсті. Бұған мысал ретінде билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, арнайы мониторингтік топтың белсенді жұмыстарын ерекше атап өткен жөн.

Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесе жүзеге асырылып отырған «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі — тұрмыстық жемқорлықтың алдын алуға, азаматтардың өміріне қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған. Жобалық кеңсе қызметінің тағы бір негізгі бағыты — мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету.

Бүгінгі күні облысымызда «OPEN SPACE» форматындағы 53 кабинет, сервистік әкімдік форматындағы 7 ғимарат бар. Бұндай кеңістіктер мемлекеттік органдар қызметінің іс жүзіндегі ашықтығын қамтамасыз етеді.

Сервистік әкімдіктер бүгін Ақтөбе қаласында, Алға, Хромтау, Мәртөк және Шалқар аудандарында ғана бар. Осы сұхбатты пайдалана отырып, қалған аудан басшыларын аталған жұмыстың тиісті деңгейде жүзеге асыру мәселелеріне назар аударуға шақырғым келеді. Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету — заман талабы.

Осы орайда,  біздің департамент жанында «Antikor ortalygy» атты сервистік ғимарат ашылған болатын. Яғни, бүгінгі күні азаматтарымыз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша еш кедергісіз ақпарат пен заңгерлік көмек алып, департамент басшылығының жеке қабылдауында бола алады.

Жуырда ғана, Мемлекет басшысының 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб құрылған болатын. Оның құрамында мәдениет, БАҚ, денсаулық сақтау, білім беру сынды сала белсенділері бас қосты.

Штаб негізінен қоғам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытындағы ақпараттық жұмыс жүргізуге, облыс орталықтары мен шалғай жатқан ауыл халқының арасында парасаттылық пен адалдық қағидаларын дәріптеу болып табылады.

Бүгінгі күні штаб құрамында 15-тен астам қоғам белсенділері, депутаттар, профессорлар, ардагерлер мен журналистика саласының майталмандары, білім және денсаулық сақтау салаларының еңбек сіңірген ардагерлері бар.

Штаб жұмысы өткен жылдың қараша айында басталғанына қарамастан, бүгінгі күні штаб мүшелерімен 30-дан астам шара, білім беру мекемелеріндегі «Адалдық сағаттары» сынды көптеген шаралар ұйымдастырылды.

Алдағы уақытта өңірдегі барлық аудан тұрғындарымен кездесу, жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға және қайырымдылық бағыттағы бірқатар шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті азаматтық қоғамның көмегінсіз жүзеге асыру қиынға соқпақ. Сондықтан да, арнайы мониторингтік топ құрамына мүше болып, қоғамдық бақылау жүргізуге атсалысам деуші, ақпараттық-ағартушылық штаб құрамына еніп, тұрғындар арасында жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастырамын деуші азаматтар болса, — Antikor ortalygy-ның есігі қашанда айқара ашық.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік сатып алулар жөнінде «Шенеуніктер мен түрлі делдалдарды пайдаға кенелтіп отырған бұл табыс көзін жабатын кез келді», —деген болатын. Бұл туралы сіз не айта аласыз?

— Өте орынды сұрақ. Мемлекеттік сектор шығыстарының негізгі бөлігін құрайтын мемлекеттік сатып алу – кез келген ел экономикасының тұрақты дамуын қалыптастырудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Қазіргі уақытта республикамыздағы мемлекеттік сатып алу үдерісіне 18 мыңнан астам тапсырыс беруші және 80 мыңнан астам өнім беруші тартылған. Жыл сайын мемлекеттік сатып алу көлемінің өсу процесі байқалады. 2016 жылмен салыстырғанда бюджет бұл салаға жұмсалатын шығындарды 3 есеге арттырған. Бүгінде бұл сома 6 трлн теңгені құрайды.

Бұл елдің барлық шығындарының жартысы болып табылады. Осындай қыруар бюджет қаражатының айналымы өз кезегінде жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің республикада тіркейтін әрбір алтыншы сыбайлас жемқорлық фактісі мемлекеттік сатып алу саласында жасалады. Олар бойынша мемлекетке келген залал көлемі 2,5 млрд теңгені құрады.

Жалпы қылмысты жүзеге асырудың негізгі тәсілдері ретінде – бұрынғысынша, нақты бір өнім берушінің мүдделерін қолдау, құқыққа сыйымсыз қолдау көрсету, техникалық ерекшелік құжаттарын пайдаланып айла-тәсілдерді жүзеге асыру, жалған актілерге қол қою қалып отыр. Ақтөбе облысында 2019 жылы мемлекеттік сатып алу саласына қатысты 14 қылмыстық іс, салыстырмалы түрде 2018 жылы 9 қылмыстық іс тіркелген.

Өткен жылы тіркелген 14 істің 7-уі бүгінгі күні сотқа жіберілген, 2 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қалған істер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған салада мемлекетке тиген залалдың жалпы сомасы 37 млн теңгені құрады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу кезіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Агенттікпен кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Біріншісі, бұған дейін айтқандай, жемқорлық тәуекелдерін талдау және мониторинг нәтижелері бойынша, соның ішінде заңнамалық сипаттағы ұсыныстар енгізу.

Екіншісі, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу бойынша практикалық жұмыстар жүргіземіз.

Агенттікпен мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады, біздің басты мақсат — аталған саладағы сыбайлас жемқорлық жасауға мүмкіндік беретін тетіктердің барлығын жою болып табылады.

—  Сұхбатымызды қорытындылай келе, осы күрделі мәселеге қатысты  облыс тұрғындарына айтарыңыз бар ма?

— Әрине, облыс тұрғындарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға белсенді қатысуға шақырғым келеді. Жалпы, қоғамдық бақылауға қатысуға, «параны алмауға» және «бермеуге», өсіп келе жатқан жастарымызды парасаттылық, адалдық және адал еңбек қағидаттарына сай тәрбиелеуге шақырамын.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық көріністерімен кездесе қалған жағдайда немесе бұрын жасалған қылмыстар жөніндегі ақпаратқа ие болсаңыз,республикалық  1424  Call-орталығына хабарлау қажеттілігін тұрғындар назарына жеткізгім келеді.

Қазіргі заңнамаға сәйкес расталған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарға біржолғы ақшалай сыйақы қарастырылған.

Осылайша, сыбайлас жемқорлық көріністеріне «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қамтамасыз ету арқылы қазіргі заманғы мемлекет азаматтарының жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз.

 Сұхбаттасқан Нұрмұханбет Әбділдаұлы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button