Басты жаңалықтар

 «Smart Aqtóbe» мобильді қосымшасы шықты

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында  Ақтөбе қаласының әкімдігі «Smart Aqtóbe» қосымшасын жасап шығарды. Әкімдік пен қала тұрғындары арасындағы байланысты нығайтуды мақсат ететін қосымшаны кез келген қала тұрғыны ұялы телефонына жүктей алады.

Қалалық әкімдіктің ақпараттандыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аманат Рахимовтың айтуынша, мобильді қосымша қала тұрғындары үшін барынша ыңғайлы әрі түсінікті етіп жасалған.

— Мобильді қосымшада қала бойынша барлық мемлекеттік мекемелердің ақпараты жинақталған. Қала тұрғындары ендігі жерде балабақшалар, мектептер, дәріханалар мен емханалар, спорттық мекемелер мен қосымша білім беру орталықтары туралы ақпаратты осы жерден таба алады. Сонымен қатар бұл мобильді қосымша арқылы әуе, теміржол кассаларына бармай-ақ билет сатып алуға болады. Тұрғын үй, жер кезегін де бақылап отыру мүмкіндігі қарастырылған, — деген Аманат Рахимов алдағы уақытта жобаға қоғамдық көліктердің бағыттарын көрсетіп отыратын бөлігі мен коммуналдық төлемдер жасайтын бөлігін қосу жоспары барын айтты.

Сондай-ақ бұл жерден тұрғындар Ақтөбе қаласы туралы барлық мәліметтермен танысып, Ақтөбе қаласының әкімі мен оның орынбасарларының қабылдауына жазыла алады.  Ал «Ақтөбе жастары» деген бөлігінде жастар практикасы туралы ақпарат жазылған. Бос жұмыс орындарымен танысып, өз түйіндемеңді  қалдыруға да болады.

Айта кетейік, мобильді қосымшаны әкімдіктегі ІТ мамандар жасап шығарған. Ол үшін бюджеттің бірде-бір теңгесі жұмсалмапты.

Қосымша әзірге пилоттық режимде жұмыс жасайды. Тұрғындар ұсынысы арқылы әлі де толықтырулар мен өзгерістер енгізілетін болады. Қазір тұрғындардың қосымшаны Android жүйесі арқылы жүктеп алу мүмкіндігі бар. Ал iOS жүйесі келесі аптадан бастап іске қосылмақ.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button