Спорт

Ауыл қыздарының жүлдесі

Ауыл спортының жандануы оның шалғайлығында емес, ұзақ жылғы тұрақты еңбектің нәтижесінде болады. Жеңістің жүлдесін алуға қалада тұрып, әмбебап спорт кешенінде дайындықтан өту міндетті емес.

Бүгінде облыстың барлық ауылдарында мектептердің материалдық-техникалық базалары жақсарып,  спорт алаңдары ашылды. Оқушылардың көптеген спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндік туды. Ақшатау орта мектебінің оқушылары әуелден спортқа бейім. Аудандық, облыстық жарыстарға белсене қатысады. Бір ерекшелігі, бұл ауылда қыздардың спортқа деген құлшынысы жоғары. Көрсеткіштері де өзгелерге қарағанда көш ілгері. Мектеп жаттықтырушысы Мінсізбай Жайлыбаев 30 жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеп, бірнеше облыс чемпиондарын шығарды.

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Р.Валиевтің жүлдесіне арналған 2003-2005 жылы туған жасөспірімдер мен қыздар арасында белбеу күресінен халықаралық турнир өтті. Бұл турнирге Ойыл ауданының спортшылары облыс құрамасы қатарында еніп, бас қалада өнер көрсетті. 60 келі салмақ бойынша Ұлболсын Елубаева 2-орынды еншілеп, алғашқы үштіктен көрінсе, 75 келі салмақта Ақшатау орта мектебінің 10-сынып оқушысы Толғанай Мансатова 1 орынға ие болып, турнирдің жеңімпазы атанды. Бұл додада Ақтөбе облысының спортшылары жалпы командалық есепте 3-орын алды.

Мектеп жанынан қол белбеу күресінен үйірме төрт жыл бұрын ашылды. Құрамында 10 қыз бар.  Турнирдің алдында Ұлболсын мен Толғанай облыстық чемпионаттан іріктеуден өтіп, 1-орын алды. Екеуі де Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері. Қол белбеу күресімен мектепте 10 жасынан бастап айналысты. Одан бергі нәтижелері өте жақсы. Осы қарқыннан таймаса, алдағы уақытта Азия, әлем біріншіліктеріне қатысуға мүмкіндік туады, — дейді мектептегі алғашқы жаттықтырушысы М.Жайлыбаев.

Айта кетсек, Ақшатау орта мектебі — спорттың бұл түрімен айналысатын аудандағы жалғыз білім ошағы.

С.НАРЕГЕЕВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button