Спорт

Есеттің рекорды

Жақында №1 олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінде 2003-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен облыстық чемпионатта 45 келіде Есет Серік рекордқа қол жеткізді. Ол бозкілемде 5 қарсыласын 11:0 және 12:0 есебімен жеңіп, биылғы біріншілікте 55 ұпаймен сенсация жасады. Сондай-ақ чемпионаттың «Үздік балуаны» атанды.
Есет өте жылдам. Кілемде сауатты әрекет етеді. Өзіндік айла-тәсілдерін жиі қолдана отырып, чемпионатта рекорд орнатты. Қарсыласына бір ұпай бермей жеңу облыста алғаш рет болып отыр. Бұл Есеттің дайындығының қандай дәрежеде екендігін көрсетеді, — дейді халықаралық дәрежедегі төреші Әліби Аманжолов.
Есет Серік еркін күреспен сегіз жылдан бері шұғылданады. №4 Облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв даярлайтын балалар мен жасөспірімдер мектебінде шеберлігін шыңдап жүр.

Бапкері Мейрамбек Есбергенов шәкіртінің облыстық біріншілікте топ жарғанына дән риза.

— Шәкіртімнің жетістігіне қуанып отырмын. Есеттің бойындағы қайсарлығы мен еңбекқорлығы оны осындай дәрежеге жеткізді. 8 жылдан бері қол астымда дайындалып келе жатыр. Жаттығуды жібермей, өзін үздіксіз дамытып отырады. Шәкіртімнің болашағы бар, мықты спортшы болатынына сенемін, — дейді жеңімпаздың жаттықтырушысы.
Аталмыш жарысқа облыстың 10 ауданы мен 2 спорт мектебінен 150 спортшы қатысты. Біріккен Әлемдік күрес Федерациясының (UWW) талаптарына сай 13-14 жастағы жасөспірімдер 10 салмақта жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады.

Есет Серік енді наурыздың 16-19 аралығында Павлодарда өтетін Қазақстан біріншілігінде облыс құрамасының намысын қорғайды.

Облыстық денешынықтыру

және спорт басқармасының

баспасөз қызметі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button