Басты жаңалықтарӘкімдер есебі

Ноғайты тұрғындарын не мазалайды?

Ащы ауылдық округінде ауыл әкімі Нұржан Жанин тұрғындар алдында есеп беріп, атқарылған істер туралы баяндады. Сонымен бірге осы жиында көпшілік көңіліндегі проблемалар да қозғалды. Жиынға қатысқан аудан әкімі Қайрат Отаров бірқатар мәселелер бойынша түсінік беріп, биылғы жылдың межелері жөнінде де хабардар етті.

1394 тұрғыны бар Ащы ауылдық округінің орталығы — Ноғайтыда  бір орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, жаңа модульді кітапхана, Мәдениет үйі, 50 балаға арналған балабақша, 4 аралас сауда дүкені, «Ауыл» телетаратқышы, бір кафе, орталық тұрғындарын ауызсумен қамтып отырған «Байғанин» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны, пошта, байланыс бөлімшелері және теміржол стансасы жұртшылық игілігіне қызмет етеді.

Округте 24 шаруа қожалығы тіркелсе, сол шаруа қожалықтары мен жеке тұлғалардың  иелігінде  1551 ірі қара, 4424 қой-ешкі, 539 жылқы және 5 түйе  өсірілуде. Биылғы қысқа 16 478 тонна  мал азығын дайындау  жоспары бекітіліп, тапсырма уақтылы орындалған. Оның үстіне жергілікті кәсіпкерлер  құрама  жемді  ауыл  тұрғындарына қолжетімді бағамен жеткізіп  берген. Мұнымен бірге мал індетіне   қарсы екпелер мен тексеру жұмыстары жүргізілуінің нәтижесінде округте  ауру малдар  тіркелмепті.

Осындай қалыпты тіршіліктің астарында азды-көпті шешімін күткен түйіндер де жоқ емес. Біз ауыл тұрғындармен кездесіп, тілдесу барысында солардың бірқатарына қанық болдық.

Су тапшылығы неден?

Аудандағы «Байғанин» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны  205 жеке тұрғын үйді және 6 әлеуметтік нысанды ауызсумен қамтамасыз етуде. 175 нүктеге су есептегіш құрылғылары орнатылған. Жыл ішінде тұтынушылардан 147 487 теңге жиналып, қаражат тиісті шотқа аударылған. Ноғайты елді мекенінің қақ ортасынан теміржол өтіп жатыр. Теміржолдың  арғы бетіндегі 54 үй  мен бергі бетіндегі 2 үйді «Теміржол Жылу Атырау» ЖШС-ның су айдау бекеті ауызсумен жабдықтап отыр. Бұрын теміржол стансаларына су жеткізіп келген мекеме жекешелендіріліп, енді Атырау облысы Қызылқоға ауданының Сағыз елді мекенін сумен жабдықтайды. Бұл серіктестіктің скважинасы ауылдан 3 шақырым жерде. Расында, ауыл тұрғындары ауызсудан таршылық көрмесе де, жаз мезгілінде малға су таппай қиналып қалады.  Екі  жылдан бері  жағдай осылай болып тұр.

Ауылдағы су шаруашылығы мекемесінің бұрынғы басшысы, зейнеткер Зәлжан Сүйеуов былай дейді:

  • Атырауға суды 1975 жылы қосқан. Содан бері сол жаққа тоқтаусыз су айдап жатырмыз. Соңғы онжылдық көлемінде атыраулық мұнайшылардың компаниясы Кереген деген жерден 5  скважина қазып,  80 метр тереңдіктен  су айдап жатты. Осы мұнай серіктестіктері  банкроттыққа ұшыраған соң  Керегенді  бізге қосты. Теміржолдағы су станциясы жеке мекемеге тиесілі болғандықтан, олар Ноғайтының үйлеріне  ауызсу жүргізуден бас тартты. Мен ауыл тұрғындарына мекеме арқылы су кіргіздіріп алайық деп бірнеше рет ұсыныс жасадым.

Оның айтуынша, жеке су айдау бекетіндегі құрылғылармен  ауыл тұрғындарына суды қосып  бергенімен, тұрғындар  судың ақшасын төлемегендіктен қайта жаптырып тастаған. Ал теміржолдың арғы-бергі бетіндегі тұрғын үйлер судан  тапшылық көріп отырған жоқ. Кезінде ауылға су беретін мекемеде  қызмет еткен ақсақал серіктестік иелерімен келісіп, Ноғайтыдан 3 шақырым жерден скважина қаздырып, насос орнатып, мал суаруға қолайлы  етіп жасап берді. Арғы беттің адамдары малдарын осы құдықтан суарып жүр. Оған арнайы келісімшарт жасалған. Ал ауыл халқының басым көпшілігі орналасқан бергі бетте жазғы уақытта мал суаруға мүмкіндік жоқ.

Аудан әкімі Қайрат Отаров өз сөзінде ауыл үшін маңызды екі бөгеттің  жайына тоқталып,  республика деңгейінде шешілетін  мәселелер тізіміне  енгізілгенін хабарлады. Бұдан он бес жыл бұрынғы Қаракез бөгетінен бүгінде ойдым-ойдым шұңқырлар мен жыралар ғана қалған.

  • Комиссия мүшелері осы ескі бөгеттің жай-жапсарымен танысты. Құрылғылар арқылы кезіндегі көпірден қалған судың арнасын өлшеп, бұрынғы жүйесін бағамдап көрді. Қазір облыстағы бөгеттерге сараптамалық-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мәселеге де аз қаражат жұмсалмайды. Егер оң шешімін тауып жатса, жазғы уақытта екі елді мекеннің малын толықтай сумен қамтамасыз етуге болады, — деді аудан әкімі.

Ескі бөгетті жаңарту мәселесіне қатысты ауыл әкімінің де пікірін тыңдағанбыз. Ол былай деді:

  • Қардың аз түсуі мен жердегі тоңның жұқалығынан екі жылдан бері бөгетке су жиналмады. Жиналған күннің өзінде де көктемде еріген қар суы маусымның аяғына дейін кеуіп кетеді. 2016 жылы осы ауылдық округтің әкімі болып келгенде, Ноғайты бөгеті болды. Жолды күрделі жөндеуден өткізіп жатқан «БҚ «Сине Мидас Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлерінің көмегімен  ауыл шетіндегі  қараусыз жатқан  «Үшінші бөгет», «Қарақұдық», «Мұнайлысай»  бөгеттерін қалпына келтірдік. Төңіректе ауылдық округтің шекарасына  кіретін бірде-бір құдық жоқ. Жеріміз шөлейтті аймақ, су өте тереңнен шығады. Бір скважина қазу  5 миллион теңгеге шамалас.

Скважинадан су көзіне жету үшін шамамен 80 метр тереңдік қазылып, су насоспен тартылып алынады. Оған тағы да үш фазылы электр қуатын беретін генератор керек. Оның бағасы — 400-500 мың теңге. Теміржол стансасының бергі бетіндегі тұрғындарды сумен қамтып отырған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қарасты су мұнарасы мен оның насосы да әбден ескірген.

Ауылдан бір жарым шақырым Ақтөбе-Атырау  тасжолы төселіп жатыр. «Сине Мидас Строй» жол құрылысы мекемесі ауылдың 50 тұрғынын әртүрлі мамандықтар бойынша жұмысқа қабылдаған. Соның ішінде «SR Security» компаниясына Ноғайтының 25 азаматы күзет қызметіне алынған. Қазір қыс мезгілінде  жұмыс қарқыны бәсеңдеген.

Қос облыстың арасын жалғайтын жолдың құрылысы жаз айында аяқталып, пайдалануға берілмекші. Әлі салынып бітпеген тасжолдың ауылға дейінгі 1 шақырым 400 метрлік көтерме жолын қайта жөндеу құзыры аудандық тұрғын үй-коммуналдық мекемесінің еншісінде.

Ауыл әкімінің айтуынша, Ақтөбе-Атырау  тасжолын  салып жатқан «Сине Мидас Строй» мердігер компаниясына ауылға дейінгі 1,5 шақырымды құрайтын көтерме жолды қайта қалпына келтіруге көмек сұрап, жазбаша хат жіберілген. Тасжол бойында «ҚазАвтожол» компаниясының тапсырысымен жол-пайдалану пункті салынып жатыр. Оның негізгі мақсаты —  жолды тазалау, ішінара жөндеу жұмыстарын да атқарады.

Жастар кәсіпкерлігі жанданса…

 Ащы ауылындағы Сағыз орта мектебінде бүгінгі күні 243 оқушы білім алуда. Мектепалды даярлық тобындағы 32 бала, 43 оқушы шағын орталықта оқытылады. Үш қабатты мектепке өткен жылы 67 миллион  925 мың теңгеге  күрделі жөндеу жүргізілген.  2018 жылға дейін сұйық отынмен жылытылған мектеп одан беріде  қатты отынға ауыстырылған. Бірақ күрделі жөндеу жүргізілген мектептің  жылыту жүйелері ауыстырылмаған. Жылыту жүйелеріне астыңғы қабаттан су жіберетін қазандықтың  тозығы жеткен. Мектепті түгел жылытуға қатты отынның қуаты жетпейді, оны кейбір сыныптарға кіргенде аңғару қиын емес. Ата-аналардың демеушілігімен денешынықтыру пәні мұғалімдері спортзалдың жылыту жүйелерін ауыстырып, жөндеу жұмыстарын жасаған. Мектеп асханасында аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың  55 баласына  күніне бір реттік тамақ беріледі. Кейбір пәндердің мұғалімдері жетіспейді.

  • Физика, ағылшын тілі пәндерінен мұғалімдер керек. Бастауыш сынып және математика пәнінен екі мұғалім зейнет жасына жетіп отыр. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы ашылды. Сол арқылы математика пәнінен жаңа мұғалімді жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша жұмысқа қабылдаймыз. Сұраныс жібердік. Ауылда жоғары оқу орнын математика пәні бойынша сырттай бітірген маман бар, — дейді мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Жұмағазина.

Ноғайтыдағы балабақшада 50 бала тәрбиеленеді. Мекеме соңғы кезде сұйық отыннан қатты отынға алмастырылып, 106 тонна көмір әкелінген. Бірақ мұндағы көмірдің жылуы нашар.

Мемлекеттік сатып алу бағдарламасы арқылы жеңіп алған отынның тапсырыс берушісі және жеткізіп берушісі бар. Бұл аудандық білім бөлімінің қарамағындағы мекеме.

Ащы ауылдық округіне газ құбыры тартылмаған. Ауыл әкімінің айтуынша, көгілдір отынның сметалық құжаттары дайын. Мемлекеттік сараптамадан өткен. Бұл жұмыстың толық аяқталуына бюджеттен 239,6 миллион теңге қарастырылған.

Ауылда жеке кәсіпкерлікпен айналысуды бастаған жастар да жоқ емес. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша Жастар ресурстық орталығының жолдауымен оқып, 505 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған ауыл тұрғындары Айзат Жолаева тігін машинасын, Арман Бекқали дөңгелек жөндеу құралдарын алып, қазіргі уақытта жұмыстарына кірісіп те кеткен.

Аудан әкімі тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде мал сою пункттерін кеңейту, ет өңдеу цехына көңіл бөлу, мал бордақылайтын шағын шаруа қожалықтарын көбейту, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, жылыжай кешендері құрылысын қолға алу, жаңа тасжол бойынан жолаушылар үшін демалыс орындарын ашу секілді биылғы жылдың міндеттерімен таныстырды.

Тұрғындар тарапынан жастарды тұрақты жұмыспен қамту, оларға жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік жасау, бөгеттерді тазалап қайта қалпына келтіру, дәрігерлік амбулаторияға жөндеу жұмыстарын жүргізу, көгілдір отын кіргізу мәселелеріне қатысты сауалдар қойылып, оларға нақты жауап берілді.

Есеп беру жиынына қатысқан облыстық қоғамдық кеңестің экология, табиғатты пайдалану, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары жөніндегі комиссиясының төрағасы Келдібай Еспағамбетов Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған мәселелер бойынша ой қозғап, ауыл тұрғындарының өз мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша мал басын өсіру, оның өнімдерін пайдалану бағытында ұмтылыстар әлі де кемшін екенін тілге тиек етіп, бұл тұрғыдан серпіліс жасау қажеттігін айтты.

                                                                                        Бекет АЙСҰЛТАН,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button