Басты жаңалықтарМәселе

Көмір бар жерде… өмір бар ма?

Облыстың 90 пайызы газбен қамтылды десек те, қатты отынға деген сұраныс әлі де бар. Жалпы әлеуметтік нысандарға жылыту маусымына 39 030,7 тонна қатты отын керек болса, бүгінгі күні жоспар 100 пайыз орындалып тұр. Ал облыс тұрғындары үшін 37 380 тонна көмір әкелінген.

— Қазіргі таңда  облысқа 495 вагонмен 34 650 тонна көмір жеткізілді. Одан басқа 12 теміржол  тұйықтарында 2 470 тонна көмір бар. 210 тонна көмір жол үстінде. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы Ақтөбе жол бөлімшесімен бірлесіп, вагондардың кедергісіз келуіне күн сайын тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр. Әлеуметтік нысандарды тиімді отын түрлеріне ауыстыру жалғасын таба береді. Айталық, қатты отын мен сұйық отын тұтынатын нысандарды газ және электр тогына көшірсек, сонымен қатар сұйық отыннан гөрі көмірмен жылыту шамамен 189,7 миллион теңге қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді, — дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаев.

Демек, тұрмыстық көмір облыс халқының сұранысына сай жеткізіліп отыр. Қыс біткенше көмір тапшылығы болмайды. Бұрындары тезек пен ағаш жағып отыра беретін шалғай ауылдардың өзі отынның бұл түріне көшкелі қашан. Қыс түссе, алдымен жылылықты ойлайтын тұрақты тұтынушылардың басты уайымы — осы.

Тұтынушы мен тасымал

Заманның ағымына қарай ауылдық жерлердің өзінде жаппа пештер темір құбырларға ауысқан. Оларды көмірден басқа отын жылыта алмайды. Ал кәдімгі ошақпен пеш жағатындардың өзі ауласында тонна көмірі жатпаса, көңілі көншімейді. Өйткені құшақ-құшақ ағаш пен қапшық қидың жалынынан бір шелек көмірдің қызуы асып түседі.

Дегенмен қазір бұрынғыдай таңға дейін шоғы жайнап жататын көмір жоқ. Соңғы келген көмірлер ағаш сияқты лап етіп, қызуы ерте сөнеді. Салмағы да болмайды. Бұл тонналап сатушылар үшін өте тиімді. Бұрынғыдай өлшеп алатын кез келмеске кеткен.

Көмірдің де көмірі бар. Жеке кәсіпкерлер немесе жүк көлігі барлар қатты отынды қаладан, жақын болса теміржол бойындағы аудандардан тасиды. Ақтөбе қаласындағы «Жіңішке» мен 41-разъездегі көмір қоймасында көмірдің тоннасы — 14-15 мың теңге. Жыл сайын көмір алушылар азайып барады. Бұрынғыдай ұзын-сонар кезек  байқалмайды.

Жеке тұрғындар үшін көмірді тасымалдаушылар — жүк көлік иелері. Көмірдің құны теміржол бойындағы аудандарда арзандау болады. Кейбір аудандарда қаланың бәсімен бірдей. Тасылатын ауылдар алыстаған сайын бағасы да қымбаттай береді. Шалғай елді мекендерде қара отынның бағасы 25 мың теңгеге дейін барады. Сонда камазшылар әр тоннадан 10 мың теңгеге дейін пайда көреді. Олар жанармайдың қымбатшылығы мен жолдың қашықтығын алға тартады. Айтқандары қисынға келеді. Көмір тасу оңай шаруа емес. Бір КамАЗ тіркемесімен 20 тоннаға дейін әкеледі. Оны әр ауылды жағалап өткізгенше апталап уақыт кетеді.

Қазіргі таңда облыста көмір тапшылығы жоқ. Барлық жерде жылу беру маусымының барысы жергілікті атқарушы органдардың тікелей бақылауында.  Екі қоймада да отын жеткілікті. Әлеуметтік нысандарға жаз ортасында әкелініп, үйіліп жатыр. Алайда әңгіме оның сапасында болып отыр…

Сапасыздық салдары

… Мектептерге келетін көмірдің сапасы соңғы бес жылда түсіп кетті. Келесі жылы жақсы көмір келеді деп күткенімен, бұл жағдай жыл сайын қайталана береді. Бірер жыл бұрын қаржы үнемдейміз деп сұйық отынмен жылытылып отырған бірнеше мектеп қатты отынға ауыстырылды. Мұның бюджет үшін қаншалықты ұтымды болғанын кім білсін, мектептер үшін тиімсіз болып отыр. Ақыры, бұл мәселе аудан әкімдерінің есебі жиындарында көтерілді…

Қазіргі таңда облыс тұтынушылары үшін көмірдің екі түрі бар. Бірі — қызуы жақсы, жылтыр қара, жануы тез, жеке адамдар алатын отын. Ал екіншісі — бюджеттің көмірі. Оны көбіне әлеуметтік нысандар, яғни мектептер мен балабақшалар, клубтар мен амбулаторлық-фельдшерлік пункттер жағады. Алайда соңғы жылдары осы жолмен келетін көмірдің сапасы сын көтермейді. Қызуы жоқ, ұсақ күлі көп, тас көмірлер  мектептердің ауласында үйіліп жатқанымен, от жағушыларға жақпай тұр. Күлденген көмір мектептерді жылыта алмайды. Кейбір мектептерде үрлеме қондырғының күшімен зорға жанып отыр. Соның салдарынан мектептердің жылуы бір қалыпты емес. Ауылдағылар әзірге күннің қарасып тұрғанын айтады. Ал сары аяз қысса, жаңағы отын ғимаратты жылыта алуы неғайбыл.

Облыстық білім басқармасының берген мәліметі бойынша облыста 402 мектеп бар.  304 мектептің жеке жылыту қазандығы жұмыс істеп тұр.  23 мектеп сұйық отынмен жылытылса, 155 мектеп көгілдір отынның рахатын көріп отыр. Электр тоғы арқылы 15 мектеп жылитын болса, 74 мектеп орталық жылыту жүйесіне қосылған. 9 мектеп қосымша пешпен жылып, ал қалған 126 мектеп көмір жағады.

Бюджеттің көмірін ең көп тұтынатын өңір — Әйтеке би ауданы. Ондағы барлығы 30 мектептің 23-і көмір жағады. 6 балабақша, 6 селолық әкімшілік ғимараттар, 13 аумблаторлық-фельдшерлік пункт қатты отынды қажет етеді. 2019-2020 жылдарға  ауданның әлеуметтік нысандарына 7655 тонна көмір керек. Қазіргі таңда аудан көмірмен толық қамтылып тұр. Өзге өңірлерге қарағанда қысы қаттылау болатын ол жақта да мемлекеттік мекемелерге әкелінген көмірдің қызуы әлсіз.

Мектепке келетін көмірдің сапасы жоқ. Арнайы үрлеу қондырғысы арқылы жанады. Бұрын мектепте жылылық көрсеткіші  18-20 градус болатын. Қазір 13-14-тен аспайды. Бірақ жағып отырмыз. Тасы көп, оны бөлек іріктеп аламыз. 250 тонна көмірмен  қыстан шығамыз. Әзірге қыс жылы болғандықтан мектептер салқын емес, — дейді Сарат жалпы орта білім беру мектебінің директоры Жанар Қайдақова.

Бұл тірлік облыстың барлық мектептеріне тән жағдай. Тіпті кейбір мектептер көмірді елеп жағып отырғандарын айтады. Мектептерге Қарағандының көмірі арман болғалы біраз болды. Сапасыз арзан көмірлер Екібастұз, Қаражыра, Богатырь, Майкөбеннен келеді. Бұл көмір қаладағы «Жіңішке» көмір қоймасына вогонмен келіп түсіріледі де, сол жерден аудандарға таратылады.

Біз тек орынды ғана босатып береміз. Ал көмірді әкеліп, оны тиісті орындарға жеткізумен тендерді ұтқан адамдар айналысады. Онда біздің жұмысымыз жоқ. Бір вагонда 70 тонна көмір болады. Бюджеттің көмірі аудан, ауылдарға тамыз айына дейін тасылып болады. Бізде қазір жеке тұрғындар тұтынатын көмір бар. Бірақ бұрынғыдай емес, тұтынушылар азайып кетті, — дейді «Жіңішке» көмір қоймасындағылар.

Ондағылардың айтуынша көмір Қарағандының өзінен емес, айналасындағы шахталардан келеді. Олар нағыз көмір емес. Кейбірі піспеген. Сондықтан тез жанып, қызуды ұзақ ұстай алмайды. Жалпы көмірдің қызуы тығыздығына байланысты болады. Ондай көмірлер 3-4 жылға дейін қуатын сақтап тұрады. Қазіргі көмірлер бір жыл жатса болды, қуаты кете бастайды.

Көмір шахталарында кім бірінші ақшасын төлейді, сол жақсы көмірге ие болады. Тіпті Оңтүстік жақ арнайы адамын жіберіп, тәуір көмірлерді тиетіп, сапалы көмірлерді алып қалуға тырысады екен. Сөйтіп, көмір іріктеліп, ұсақтары бір жерге жиналып қала береді. Ал соңынан алған адам сол көмірлерге тап болады. Бұл әрі арзанға шығады. Мекемелерге келетін көмірдің сапасы осындай боп келеді.

Үнем мен бейнет

Бұдан бірнеше жыл бұрын қаржыны үнемдеу мақсатында бірнеше мектептер сұйық отыннан қатты отынға көшкен. Алайда қаржының жеке кәсіпкерлердің қалтасын толтырғаннан басқа пайдасы көрінбеді. Арзан, сапасыз тас көмір арқылы тағы ақша үнемделді. Есесіне оның бейнетін ауылдық жерлердегі мектептер көріп отыр. Жеке тұрғындар бағасына емес, сапасына қарайды. Сондықтан олардың талғамына сай қатты отын жеткізіледі. Ал бюджеттің ақшасын балалар оқитын мектептер мен балабақшалар әлеуметтік нысандардың арзан көмірімен үнемдеу кімге пайда, кімге зиян? Не десек те есептегі барлық мектептер көмірмен қамтылып қойды. Келесі қыстың көмірі қандай болмақ? Бұл алдағы күннің еншісінде…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button