Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде «қарапайым заттар экономикасының» қарқыны қалай?

«Біздің мақсатымыз мемлекеттің тұрақтандырушы рөлін сақтай отырып, нарықтық институттар мен құрылымдардың толыққанды дамуын қамтамасыз ету.  

Осы ретте «Қарапайым заттар экономикасын» естен шығармаған жөн. Бұл біздің жұмысымыздың басым бағыты».

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ

халыққа арнаған Жолдауынан.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында ерекше маңыз берген «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы әр облыста былтырдан бері іске асырылып келеді. Ақтөбеде де осы жоба аясында атқарылған жұмыстар аз емес. Бір ғана дерек: өткен жылы өңірде жалпы сомасы 8,7 миллиард теңгенің 85 жобасы мақұлданған.

«Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту шеңберінде басым жобаларға жеңілдетілген несие берудің бағдарламасы былтыр іске қосылды. Жобаны жүзеге асыру барысында кедергілерді жедел анықтау және жою мақсатында Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жобалық кеңселер құрылған-ды.

Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Дидар Боранқұловтың айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша аймақтық жобалық кеңседе жалпы сомасы 24 миллиард теңгенің 127 жобасы қаралып жатыр.

— Оның 85-і, яғни жалпы құны 8,7 миллиард теңгеге бағаланған жобалар мақұлданып қойылды. Олардың көпшілігі аграрлық несие корпорациясының оң шешімін алған. Кеңінен тоқталсақ, жобалардың дені мал шаруашылығын, майлы дақылдарды дамытуға, жем-шөп дайындауға және ауыл шаруашылығы өнімдерін бастапқы өңдеуге бағытталған. Тағы 10 жоба қаржы институттарында қарастырылып жатыр. Қалған жобалар бойынша құжаттар жинау жүріп жатыр.

Мәселен, «АсАмир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Вкусно» сауда маркасымен 2018 жылдан бастап мұздатылған жартылай фабрикаттарды өндірумен айналысады. Бүгінгі таңда кәсіпорын өзін нарықта сапалы жартылай фабрикаттарды өндіруші ретінде көрсетті. Цехтың жобалық қуаты — 150 тонна дайын өнім, ал жұмысшылар саны — 25 адам.  Қазір өндірістің жобалық қуатын жылына 450 тоннаға дейін арттыру, қосымша 30 жұмыс орнын ашу, өндірілетін өнімнің сапасын әлемдік стандарттарға дейін жақсарту жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жоба «Қарапайым заттар экономикасы» басым жобаларын несиелеу тетігі аясында кепілдік беру құралы бойынша қолдау тапты және Ақтөбе қаласындағы «Еуразиялық Банк» акционерлік қоғамы филиалымен қаржыландырылды, — дейді Дидар Боранқұлов.

Ал «АсАмир» ЖШС директоры Жеңіс Дельманова: «Біз шығарылатын өнім желісін молайту үшін несие алдық. Мысалы, қолданыстағы өндірісті жаңғырту үшін жабдықтар сатып алынып жатыр. Бізде жергілікті компаниялармен шикізат сатып алуға және өңірдің сауда желілеріне дайын өнім жеткізу жөнінде келісім бар. Әрі қарай Қазақстанның көршілес облыстарының нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, өндірістік қуатты бір ауысымда 1800 келіге дейін жеткізу ойда бар», — деп атап өтті.

Несие берілетін және жоспарланған жобалардың арасында бұрын өндірілмеген өнімге басымдық берілетінін айта кеткен ләзім. Бір ғана мысал, биыл қуаты 5 тоннаға дейін жететін гофрокартон қорабын өндіретін цехты іске қосу жоспарға енген. Мұндай жеңілдікпен қаржыландыру кәсіпкерлерге ең алдымен өнімді арзан бағамен ұсынуға, өңірдегі аталған бизнес түрін дамытуға мүмкіндік беретіні белгілі.

— Өңірлік жобалық кеңсе облыс бойынша 2017-2018 жылдар кезеңіне және былтырғы 8 айда қағаз және гофрокартоннан жасалған қорап нарығы көлеміне талдау жүргізген еді. Талдау ыдысқа (гофрокартон мен қағаздан жасалған) деген тұрақты сұранысты және жоғарыда көрсетілген кезеңде облысқа 235 миллион теңгеден астам сомаға 646 тонна гофракартон әкелінгенін көрсетті. Бұл ретте  өнімге деген сұраныстың жыл сайын еселеп өсіп жатқанына ерекше мән беру керек. мысалы, 2017 жылы импорт көлемі 19,2 тонна болса, 2018 жылы 344,2 тонна, ал өткен жылдың 8 айында 283,4 тонна гофракартоннан ыдыс әкелінді.

Өнімнің осы сегментіндегі нарықтағы трендті ескере отырып, біз аталған тауарды жеңілдетілген несиелеуге жататын тізімге енгізуді ұсындық. Ұсыныс орталықтағылардан қолдау тапты. Қаржыландыруды алуға өтінімді банк мақұлдады және қазіргі уақытта жоба инвестициялық сатыда, яғни құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілі.

Ақтөбе облысы бойынша балмұздақ, гофракартон, құс еті және фармацевтикалық препараттар, таңқурай өсіру және қайта өңдеу, нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, бетоннан жасалған құрылыс бұйымдары, хирургиялық және ортопедиялық құралдар, т.б. экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіштерінің тізіміне енгізілді.

— Сонымен қатар, кәсіпкерлердің назарына құжаттарды жинау жұмысын жеңілдету мақсатында және бағдарламаның әлеуетті қатысушыларын бағдарлау үшін біз бизнестің 10 түрі бойынша бизнес-жоспарлар әзірледік. Бизнестің түрлері бойынша бағыт тауарлар мен өнімдерді талдау негізінде, өткізу нарығының немесе сұраныстың болуына қарай, жалпы шикізаттың қолжетімділігін ескере отырып жасалды. Жобалардың өтімділігін қамтамасыз ететін басқа да факторлар ескерілді, — деп атап өтті өз сөзінде жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы.

Құрамына кәсіпкерлікті дамыту саласындағы мемлекеттік органдар, «Даму» қоры, банктер кіретін жобалық кеңсе кәсіпкерлердің жеңілдетілген несие алуына, осылайша, барынша қолдау көрсетуге әзір.

БІЗДІҢ ДЕРЕК

 Облыстық кәсіпкерлік басқармасынан білгеніміздей, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сай Ақтөбе облысында тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны — 68,6 мың. Бұл, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 4,2 пайызға көп.

Кеңес кәсіпкерлердің арызын аяқсыз қалдырмайды 

Өткен жылы ақтөбелік кәсіпкерлерден бизнесті қорғау мәселелері жөнінде 177 өтініш түсіп, оның 126-сы оң шешімін тапқан. Сол арқылы кәсіпкерлік қызметтің 17 субъектісінің жалпы сомасы 3 миллиард 91 миллион теңгеден астам мүліктік құқығы қорғалыпты. Бұл деректер облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында белгілі болды.

Шағымдардың басым бөлігі жер қатынастары мен сәулет, салық салу, субсидиялар, сатып алу және жергілікті атқарушы органдармен өзара қарым-қатынас мәселелері бойынша екен. Солардың ішіндегі ең өткір мәселелер кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің былтыр өткен 12 отырысында қаралды. Олардың бірі Мәртөк ауданында Орынбор облысының бизнес-омбудсменінің қатысуымен өтсе, екіншісі  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментімен бірлесіп ұйымдастырылды. Кеңес барысында қаралған 46 мәселенің 35-і оң шешімін тапты. Палата салық, кеден, сәулет және қала құрылысы, жер және басқа да 24 саладан əкімшілік кедергілерді анықтады. Оның ішінде 9-ы өңірлік және 15-і республикалық деңгейде. Ал кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің құқығын бұзған 9 мемлекеттік қызметкер түрлі жауапкершілікке тартылған. Мысалы, өткен жылдың ақпан айында өңірлік кәсіпкерлер палатасына Әйтеке би және Алға аудандарының екі шаруа қожалығының қожайынынан өтініш түсті. Фермерлер мал ұрлығына байланысты полицейлердің жұмысына наразылық білдірген. Шаруашылық басшыларының айтуынша, олардың өтініштері бойынша тергеу жұмыстарының ұзақ жүргізілуіне қарамастан, ұрлық сол ашылмаған күйінде қалып отыр.

— Полиция қызметкерлерінің жұмысын кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қарап, материалдарды прокуратураға жібердік. Қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша, Ақтөбе облысы полиция департаменті басшысының бұйрығымен, жауапты мамандарға сөгіс жарияланды, — деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының құқықтық бөлімінің басшысы Нұрлан Махамбетов.

Бизнестің мәселелерін талқылаудың жаңа форматы — квест-сессиялар. Былтыр облыс әкімі орынбасарларының, кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының қатысуымен екі сессия өткізілген. Тағы бір осындай жиынға көршілес Ресей Федерациясының құзырлы органдарының өкілдері қатысқан. «Мұндай форматтағы іс-шараның басты мақсаты — кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде бизнес субъектілерінде пайда болатын әкімшілік кедергілерді анықтау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, бизнесті құқықтық қамтамасыз ету мен ақпараттық қолдауда көмек көрсету. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын кеңестің төрағасы ай сайын жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдайды», — дейді әңгімелесушіміз.

Айта кетейік, облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button