Басты жаңалықтарЭкономика

«Ақтөбе Hub» өңірлік орталығы құрылады

Республика бойынша Ақтөбеде бірінші болып трансформация жобасы қолға алынды. Аталған жобаны «CSI» стратегиялық бастамалар орталығының қолдауымен «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүргізіп жатыр. «CSI» командасы екі күн бойы Ақтөбеде мемлекеттік мекеме өкілдері, кәсіпкерлер, дәрігерлер, ұстаздар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен стратегиялық сессия өткізді. Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.

Білім, медицина, экология, туризм, жол және тұрғын үй құрылысы, инвестиция тарту секілді салалардың қызметін ұйымдастыру — трансформацияға, яғни өзгеріске ұшырайды. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, стратегиялық сессияға қатысқан жүзден астам адам тоғыз топқа біріккен. Олар облыстың осал тұстарын ой-талқыға салып, зерттеп, шешудің жолдарын табуға тырысыпты.

— Біз бір жұдырық болып жұмылсақ, барлық міндеттерді орындаймыз. Бастамаларымызды қолдайтын, трансформацияға дайын, ниеттес жандар бар кезде ғана жоғары көрсеткіштерге қол жеткіземіз. Бұл қарапайым міндеттер және біз оларды орындай аламыз. Бәріміз өңір халқының лайықты өмір сүргенін қалаймыз, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Ермек Имантаевтың айтуынша, әкімнің аудандарға жұмыс сапарлары және халықпен кездесулерінің қорытындысы бойынша өңірді басқарудың жаңа тәсілдерін қолдану қажеттілігі анықталды. «Аймаққа трансформация, яғни түбегейлі өзгеріс қажет. Бұл — қазіргі проблемаларға қатынастың өзгеруі, сол проблемаларға адамдардың бейімделуі, түрлі салалардың көшбасшыларын іздеу. Трансформация жобасын бастаудың басты себептері — осы. Трансформация жобасы аяқталған соң «Ақтөбе HUB» өңірлік орталығы құрылады. Орталық Ақтөбе облысын жаңа заманға бейімдеумен айналысады. Облыс әкімі осыған сәйкес зерттеулер мен сараптамалық талдаулар жүргізуді тапсырды. Біз бұл жұмысты жүргізу үшін серіктес ретінде стратегиялық бастамалар орталығын таңдадық. Бұл — тәжірибесі бай, білікті мамандары бар, елдің болмысын білетін ірі ұлттық консалтингтік компания. «CSI» мамандары өңірдің ерекшеліктерін, экономикасын терең зерттеуге қызығушылық танытып отыр. Біздің серіктестігіміз екі жаққа да пайдалы болмақ деген пікірдемін», — деді Ермек Имантаев.
Басқосу кезінде «CSI» компаниясының серіктесі Олжас Құдайбергенов трансформация жобасы аясында стратегиялық сессия өткізудің мақсатын былайша түсіндірді:

Мұндағы мақсат —  қатысушылар бір-бірімен тығыз байланыста болып, бір-біріне сенетіндей жағдай туғызу, сөйтіп шай үстінде айтылатын, бірақ жиналыстарда айтыла бермейтін проблемаларды шығару. Стратегиялық сессия кезінде бұл проблемалар анықталды да. Оның үстіне, ұжымның ауызбіршілігі артып, келешекте ортақ тапсырмаларды бірігіп шешетіндей атмосфера қалыптасты.

Ақтөбе облысының трансформациясы жобасы жыл бойы жалғасады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button