Басты жаңалықтарЖеңіс

Қайталанбас ерліктің үлгісі

Биыл Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына — 95 жыл. Ал 14 қаңтар күні оның қаза тапқанына 76 жыл болды. Бұл күні қобдалықтар дәстүрден жаңылған жоқ. Әдеттегідей Әлиясын еске алды. Батырдың кіндік қаны тамған Бұлақ пен Әлия ауылдарында орнатылған ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталған шарада ару қыздың аңызға айналған ерлігіне шырақ жағылды. Батыр қызға арнап ас беріліп, рухына бағышталып Құран оқылды.

1944 жылдың 14 қаңтары — қысқа ғана ғұмырында қайталанбас ерліктің үлгісін жасап, өшпес із қалдырып кеткен Әлия Молдағұлованың қаза тапқан күні. Батыр қыздың ел сүйсінерлік ерлігін еске алуға арналған шара оның кіндік қаны тамған Бұлақ ауылында басталды. Әлияның бюсті жанында өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Болат Құлов, әлиятанушы, «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес, Ауған соғысының ардагері, «Ербақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев, батырдың туыстары мен ауылдастары, мәдениет басқармасының мамандары мен оқушылар қатысып, гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Бұдан соң ел ағалары Әлия ауылындағы «Рахман» мешітіне барып, батыр қыздың рухына арнап Құран бағыштады. Кейін жылдағы дәстүр бойынша Әлия Молдағұлованың ескерткішінің жанына жиналды.

Батыр қызын бір минут үнсіздікпен еске алған қобдалықтар Әлияның Әлия ауылындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, 76 шырақ жағып, «76» санын бейнеледі. Бірнеше жыл қатарынан аудан көлемінде ұйымдастырылып келе жатқан шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Болат Құлов Әлияның ерлігі ел жадында мәңгі сақталатындығын айтты.

— Бүгін аудан көлемінде Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған бірқатар шаралар ұйымдастырылып, өтіп жатыр. Бұның барлығы ерлікке деген құрмет.

Қобда батырлар мекені екені ел аузында айтылып жүр. Жыл сайын ауданның ұйымдастыруымен «Қобыланды оқулары» өтеді. Бүгін «Әлия оқулары» өтіп жатыр. Ұрпағымыз «Қобыланды батыр» жырын жаттап, ақын-жазушыларымыздың, батырларымыздың ерліктерін насихаттап жазған шығармаларын оқып өссе, елінің нағыз патриоты болмақ.

Өзі ерлікпен қаза тапса да, Әлияның ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Қанша ғасыр өтсе де біз Әлияны ұмытпаймыз. Оны еске алып, рухына Құран бағыштау — біздің міндеміз, азаматтық парызымыз. Әлия — мәңгі есімізде, — деді Болат Құлов.

Бұдан кейін сөз алған әлиятанушы, «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес Әлияның ерлігі ешқашан ұмытылмайтындығын, ал Әлия ауылында өтіп жатқан шара өскелең ұрпақты Отанын сүюге тәрбиелейтіндігін айтып, аудан басшылығына ризашылығын білдірді.

 Әлия Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктің үлкен үлгісін көрсетті. Он тоғыз жасқа толмай-ақ өшпес ерлікпен қаза тапқан қазақтың қаршадай ғана қызы тарихта ескерткіш тұмар болып қалды. Әлияның ерлігіне тек қазақ халқы ғана емес, көрші Ресей азаматтары да басын иеді. Ерлік ешқашан ескірмейді. Оның есімі халқының жүрегінде мәңгі сақталады.

Әлия батырлықтан гөрі әулиелікке аяқ басып жатыр. Ақын Фариза Оңғарсынова  «Тыңдаңыздар, тірі адамдар» атты  поэмасында:

  • Шүберекке түйіп от жанымызды,

Буыны да қатпаған тәнімізді.

Ажалменен тайталасып,

Оққа балғын кеудені айқара ашып,

Қара жердің құшағын аймаладық,

Қалай бүгін жүрсіңдер пайдаланып,

Қымбат түскен біз үшін сол күндерді, — дейді.

Міне, бүгін ұйымдастырылып жатқан шараға жастардың қатысуы — кейінгі ұрпақтың патриоттық тәрбиесінің өте жоғары екендігінің көрінісі, — деді Ғалымжан Байдербес.

Бұдан соң еске алу шарасы ауылдық Мәденит үйінде «Әлия дастан» атты мерекелік шарамен жалғасты.

«Ақтөбенің» анықтамасы:

Ақтөбе облысында Әлия Молдағұлованың еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы, яғни 70 жылдық мерейтойы республикалық көлемде 1995 жылы ұйымдастырылыпты.  Оған Алматыдан Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі Әбіш Кекілбаев бастаған делегация қатысқан. Делегация құрамында ақын Фариза Оңғарсынова, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов секілді белгілі тұлғалар болған. Халқымыздың ғасырлар бойғы дәстүріне сай, той аясында айтыс, күрес, бәйге өткізілді. Бір ғана аламан бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен 162 жүйрік қосылған екенн.

Ал 2005 жылы 80 жылдық мерейтойы, 2015 жылы 90 жылдық мерейтойы сол дәстүр бойынша Әлияның туған ауылында өтті.

Дәл осы күні Әлия ауылындағы «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығында  әскери-патриоттық ойын өтіп, командалар өзара күш сынасса, аудан волейболшылары ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен Кеңес Одағының Батырына тағзым етіп, Әлия атындағы Кубок үшін тер төкті.

Ал аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Әлия туралы отты жырлар мен әуезді әуендерге арналған «Ұлы ерлік шежіресі — ұрпаққа ұлағат» атты аудандық Әлия әндері мен оқулары сайысы батыр атындағы мектепте жалғасын тапты. Сонымен қатар «Ерлікке тағзым» атты сурет көрмесі ұйымдастырылып, «Әлия — батыр қызы халқымның…» атты шығармашылық байқауы өтті. Үш бөлімнен тұратын аудандық сайысқа ауданның барлық ауылдық округтерінен келген оқушылар қатысты. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Талдысай орта мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрболат Игэлэгке бұйырса, 1-орынды Қобда орта мектебінің 6-сынып оқушысы Мейрамбек Қосниязов, 2-орынды Бұлақ негізгі мектебінің 6-сынып оқушысы Жанель Ермек, ал 3-орынды Терісаққан орта мектебінің 5-сынып оқушысы Данагүл Жаманова иеленді.

Шара соңында батыр атындағы мектепте ас беріліп, ол туралы естеліктер айтылды.

Айта кетейік, республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автожолының бойында орналасқан Әлия ауылында 1000-нан астам тұрғын бар. 25 шаруа қожалығы мен 27 жеке кәсіпкер тіркелген Ауылдың ауылішілік жолдары толықтай асфальтталып, орталық көшелері жарықтандырылған. Ауыл 2011 жылы су құбырымен, 2014 жылы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген.

Қобда ауданы әкімінің орынбасары Болат Құловтың айтуынша, батыр қыздың 95 жылдық тойына орай жол жөндеу жұмыстарына 1 млрд 252 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бүгінгі күні бөлінген қаржының 700 миллионы игеріліп,  Әлияның туған ауылы Бұлақтағы жол күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Сонымен қатар биыл Әлия ауылындағы мектеп ғимаратына да жөндеу жұмыстары жасалмақ. Оған аудандық бюджеттен 17 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген.

P.S. Бұл күні Әлия ауылының тұрғындары батырдың рухына тағзым етіп, оның ерлігі жан-жақты ұлықталды. Айта кетейік, бұл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мен Әлияның 95 жылдығына арналған мерекелік-ұлықтау шараларының басы ғана. Қобдалықтар маусымда өтетін үлкен тойға дайындалып жатыр. 

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button