АуылБасты жаңалықтар

Жабылған ауылда жұрт бар ма?

Кеңес Одағы тарағаннан кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында барлық ауылдардың күйі кетіп, қалаға көшу басталды. Тіпті аудан орталықтарында да үйлер бос қалып жатты. Мал санымен қоса адам саны да азайып, тіпті кейбір елді мекендерде бір-екі үй ғана қалды.  Кезінде дүрілдеген Исатай ауданының орталығы Ақыраптың қалай құрдымға кеткені елдің есінде. Жұмыссыздық жайлады, механизаторлар көк темірді құшақтап қалды, төрт түліктің құны түсті. Аласапыранда әркім өз басын күйттеп, қозғалысы көп жерлерге көшті. Қазір ше? Заман өзгерді. Ауылдарға жан кірді. Аттасаң алдыңнан үйір-үйір жылқы, бағусыз сиыр жол бермейді. Әр үй сайын бір-бір көліктен бар. Жастар жұмысты таңдап, қожайынға талап қоятын халге жетті. Әр ауылда малшы, бақташы іздеген бір адам. Олай болса ауыл неге жабылады? Оған сұрақ көп, жауап та сонша.

Темір ауданындағы Бәшенкөл, Шитүбек, Теректі ауылдары елді мекен статусынан бірнеше жыл бұрын айырылған. Яғни, жабылды. Халық көшіп кеткендіктен бірен-саран отбасылар мал шаруашылығымен айналысып қалды. Қазір ауылды ұстап, отын өшірмей отырғандар шаруа қожалықтары. Ауылдың сәні мен мәні де мектеп. Мектеп болмаса, ауыл көшеді, тұрғын болмаса, мектеп жабылады. Жаңағы үш ауыл бала саны тым аз болғандықтан ең әуелі мектебімен қош айтысқан.

Ауыл жабылғанымен, тіршілік тоқтаған жоқ. Онда да адамдар бар. Біз олармен байланысты үзбейміз. Рас, ол жақтарға ауызсу, көгілдір отын бармайды. Ауызсуды құдықтан ішеді. Бәрі мал шаруашылығымен айналысып отырғандар. Бір қуанарлығы, электр жарығын ұстап отырмыз. Теректі елді мекенінде бес үй қалды.  Бәшенкөл мен Шитүбекте мұнай көздері табылды. Қазір мұнай компаниялары жұмыс істеп жатыр. Болашақта қозғалыс көбейіп, жұмыс күшін іздеген адамдардың қоныстануы да ғажап емес. Мен сол ауылдарға барып тұрамын. Қиындық тудыратын мәселелері болса, шешуге тырысамыз, —дейді Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетов.

Теректі елді мекенінің байырғы тұрғыны Сайын Қапановтың айтуынша, мұндағы жұрт округ, аудан көлеміндегі  іс-шараларға белсене қатысып,  демеушілік көрсетіп тұрады. Жарықтың өшпей, үздіксіз беріліп тұрғанына шүкіршілік етеді. Малын өсіріп, ұл-қызын оқытып, аяқтандырып, қаладан үй алып беріп отыр. Ондағы адамдарға керегі басшылардың зейіні мен ықыласы ғана.

Мұндай ауылдар облыстың барлық аудандарында бар. Ауылдың жабылуы қалаға немесе аудан орталығына алыс-жақын орналасқандығына қарамайды.

Мәртөк ауданында да үш ауыл жабылған. Газетіміздің алдыңғы санында жазғанымыздай, Хазірет селолық округіне қарасты Жездібай ауылы жабылудың аз алдында тұр. Облыс орталығынан 70 шақырым жердегі бұл елді мекенде иесіз үйлер көбейіп, түтін саны азайған. Мектеп төрт жыл бұрын жабылған. Жаз болса қос ауылдың 100 адамын жұмысқа тартатын  «Березовка» шаруа қожалығы ғана үмітті бірлеп тұр.

Ауылға керегі көгілдір отын болса, газ құбыры іргесінен өтіп жатса да оның игілігін көре алмай отырғандар бар. Өйткені сол құбырдан газ тарту үшін де көптеген талаптар орындалуы тиіс. Заңды түрде құжат жасақталуы керек. Оның бәрі қомақты қаржыға келіп тіреледі.

Сонымен, жабылған ауылдардың жолы жайсыз болғанымен, жағдайы күйсіз емес. Мал бар жерде пайда да бар.  Көліктен кенде емес. Мектеп жасындағы балалары село орталықтарында ағайын-тумалары жоқ болса,  интернатта жатып оқиды. Бірақ мал бағу да оңай шаруа емес. Бейнетті де көретін солар.

Қазір есептік кездесулерде тұрғындар жеке бастың мәселесінен гөрі ауылдың ортақ проблемасын көбірек көтереді. Жастардың тұрақтамай, қалаға ағылуы кейбір ауылдарды «қартайтып» барады. Сондықтан үкімет тарапынан перспективасы бар ауылдарға әлеуметтік нысандар салынып, ауызсу, газ жүргізіп, жыл сайын  ауылдың ажарына қан жүгіріп келеді. Оған қоса жергілікті кәсіпкерлер қызмет көрсету орындарын ашып, шаруа қожалықтары іргесін кеңейте бастады. Бұл еңбек күшіне сұранысты көбейтіп тұр.  Десе де ондай жұмыстарға жастар бара бермейді. Жастардың ауылда көп тұрақтамауының себебі де жоқ емес.

Ойыл ауданы Саралжын селолық округіне қарасты Қоңырат елді мекені де бастауыш мектебі жабылған ауылдардың бірі. Алайда ол жерде білім ошағы жабылғанымен, елді мекен статусынан айырылған жоқ. 1 ЖШС, 4 ірі шаруа қожалығы бар ауылдың өрісі малға толы. Шаруа қожалықтарымен қосқанда 14 түтіні бар Қоңыратта мемлекеттік мекемеден жалғыз  фельдшерлік-амбулаториялық пункті бар. Онда екі-ақ адам жұмыс істеп, жалақы алады. Шаруаға жайлы ауылдың табысы — үлкендердің зейнетақысы мен төрт түлігі. Бірақ село әкімі Абат Қаратауұлы бұл ауылдың болашағына бел шеше кірісіпті. Ауылда бос тұрған үй көп. Тұрғын үй мәселесі шешілген ауылға 4-5 жас отбасын әкеліп, оларға жұмыс тауып беруді көздеп отыр. Ауыл іргесіндегі «Тәжібай-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдағы уақытта мал бордақылау кешенін салмақшы.

Қоңырат елді мекенінде барлығы 80 адам тұрады. Бірақ мектеп жасындағы балалар жоқтың қасы. Екі бала үшін мектепті ұстау өте тиімсіз болғандықтан бастауыш мектепті жабуға мәжбүр болдық. Олар қазір село орталығындағы интернатта жатып оқиды. Егер ауылға келіп мал өсіріп, құс бағып, егін, бау-бақша саламын деген жанға жергілікті әкімшілік тарапынан қолдаулар бар. Бос тұрған үйлердің біріне орналаса алады. Келушілердің есебімен тұрғындар саны қайтадан көбейіп жатса, бастауыш мектебін ашу жоспарда бар, — дейді село әкімі Абат Мүбараков. Бұл үміттің де орындалуы әбден мүмкін. Өйткені, айналасы малға толы ауылдың тұрғындары да тұрақты болмақ. Қалай болғанда да ауылды жабуға жол бермеу үшін аудан, село әкімдері  ауқымды шараларды қолға алуда.

Ауыз судың құны — 6 жарым миллион теңге

Байғанин ауданының орталығына қарасты «Қазақстан» елді мекені бүгінде шаруа қожалығының қыстауы, жаз жайлауы болып қалған. Бұрын 18 үйлі ауыл аудан орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан. Қазір онда «Адай Ерсін» шаруа қожалығы мал өсірумен айналысып отыр.

Бұл ауылда бұрыннан ауызсудың болмауы тұрғындардың көшуіне себеп болған. Өйткені ол жерде тұщы судың қоры жоқ. Ондағы тұрғындар қаладан, аудан орталығынан үй алды. Қазір екі-үш үй ғана қалған Қазақстан елді мекенінің тұрғындары қыс айларында және жаңбырлы күндерде жолдың азабын көреді.

Ауылдың келешегі жоқ болғасын бұдан бірнеше жыл бұрын жауып, жерін мал шаруашылығын дамыту мақсатында шаруа қожалығына берді. Төрт үй қалдық. Ең қиыны — ауызсу. Оны 5 шақырым жердегі құдықтан тасып ішеміз. Таза ауызсу шығару үшін 92 метр тереңдікке дейін қаздырдым. Бәрібір ащы болып шықты. Енді 130 метр тереңдіктен шығару үшін тәуекел етемін. Әр метріне 45-50 мың теңгеден төлейміз. Сонда бұған алты миллион теңгеден астам қаражат кетеді. Басқа амалымыз жоқ. Малымыз да таза су ішуі керек. Ұялы байланысымыз үйдің, қораның төбесінен ғана ұстайды. Қыста аудан орталығына дейін қарды аршып, жолды өзіміз салып аламыз. Бірақ бәріне шүкіршілік ету керек. Жағдайымыз жаман емес. Осы саланы таңдап, мақсат еткеннен кейін ыстық-суығына көнесің. Әйтпесе бейнетсіз рахат жоқ. Ал ауылда қалған төрт түтін бір үйдің балаларындай татумыз,— дейді шаруашылықтың басшысы Ғазиз Сауыт.

Ауылдан адам көшкенмен…

Есесіне аудан орталықтарындағы халық саны өсті. Елді мекендері ең көп жабылған — Қобда ауданы. Қарабұлақ, Қазақай, Еңбекші Адай, Құрайлы, Абдыбұлақ, Жайылма, Ащықара, Тентекқара, Ешкіқырған ауылдарының орнын бүгінде шаруа қожалықтары басқан. Соңғы он жылда он шақты ауылынан айырылған ауданның орталығы қай жағынан да тұрғындарға жайлы. Ұлы жолдың бойында орналасқан аудан орталығы шалғай елді мекеннің тұрғындары үшін тиімді болып, олар осында көбірек қоныс аударған.  Мұнда қозғалыс көп болғандықтан жұмыс көзі де бар. Қалаға бір сағаттық жер. Қатынастан қиындық жоқ. Сол себепті алыс ауылдардағы ағайынның есебімен орталықта түтін санымен қоса адам саны едәуір өскен.

Ауылдың жабылуына себеп көп. Жолдың шалғайлығы қыс айларында аудан орталығына барып келуді қиындатады. Оның үстіне екі күннің бірінде аудан орталығына келіп тұруың керек. Атаулы әлеуметтік көмекке құжат жинау, үкіметтің бағдарламаларына қатысу үшін де күнара аудандық мекемелерге бас сұғасың. Бұрын шалғайдағы ауылдар бірден облыс орталығына көшетін. Қазір аудан орталығынан жер телімін алып, үй салып жатқандардың қарасы көп. Бүгінде облысымыздың барлық аудандарында газ, су, жол, медицина, басқа да қызмет көрсету мәселелері шешілген. Елді мекендерден, селолық округ орталықтарынан аудан орталығына қоныс аударушылардың көптігі кейбір селолық округтердің  жабылуына әкеліп соқты. Тағы бір себеп, қазір әркімнің қаладан үй алуға мүмкіндігі бар. Тұрғын үй алуға үкіметтің жеңілдетілген бірнеше бағдарламалары жұмыс істеп жатыр. Жастардың көбіне қаладан үй алып тұрақтап қалуы ауылдағы адам санын азайтты. Адам азайғасын бала саны да кеміп, орта мектеп негізгі мектепке, негізгі мектеп бастауыш мектептерге айналады. Орта мектептегі бала саны 81 оқушыдан кем болмауы керек болса, 41 оқушымен негізгі мектепті ұстап тұруға болады. Бірақ кей ауылдардағы мектептерде бала санының жетіспеушілігінен осының өзі үлкен проблемаға айналып отыр.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button