Құқық

Қылмыс пен жаза

Елімізде 11 қаңтардан бастап бірқатар заң күшіне енді. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған болатын. Бұл заң бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 10-тарауының 69-бабына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 72-бабына өзгерістер енгізілді. Бұл құжаттарға сәйкес, зорлау, браконьерлік, мал ұрлығы, есірткі тарату, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау және қорықшылар қызметі инспекторларының өміріне қол сұғу, мас күйде көлік жүргізу және басқа да ауыр қылмыстар бойынша жауапкершілік, соған сай жаза да қатаң болатын болды. Енді осыған жеке-жеке тоқтала кетейік. 

Балаларға зорлық көрсеткендер өмір бойы бас бостандығынан айырылады

Жоғарыдағы құжатқа сәйкес, ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-124 баптарына өзгерістер енгізілді. Бұдан былай зорлау орташа ауырдан ауыр қылмыс қатарына ауыстырылады және бұл қылмысқа қатысты тараптардың ымыраласуына жол берілмейді. Егер бұрын «зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп, не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жыныстық қатынас жасаған» адамға 3-5 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы қолданылып келсе, енді оған қатысты 5-8 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

Енді балаларға қатысты жасалған зорлау қылмыс «аса ауыр қылмыс» деп танылады. Егер зорлық  «көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса, оларды кәмелетке толмаған баланың ата-анасы, өгей әкесі, педагог не оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттер ҚР заңымен жүктелген өзге адам жасаса, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, он екі жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады».

14 жасқа дейінгі балаларға қатысты жасалған жыныстық зорлық қылмыстар үшін 20 жыл бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал педофилия бойынша айғақтарды бұрмалағаны, жасырғаны, хабарламағаны үшін де жауапкершілік көзделген. Бұл әрекеттер ауыр қылмыс санатына кіретін болады.

Жаңа құжатқа сәйкес, адамды бопсалау, мүлкiн жою, бүлдiру немесе алып қою қатерін төндіру арқылы, не жәбiрленушiнiң материалдық немесе өзгедей тәуелдiлiгiн пайдаланып, жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттердi жасауға мәжбүр еткен адам 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді, не сол сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Егер бұл әрекет кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса, 3000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мас күйіңде рульге отырсаң, өмір бойы жаяу жүресің

Биылдан бастап ішімдік ішіп, мас күйінде көлік жүргізген адамдар 10 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы көлік жүргізу құқынан айырылуы мүмкін. Еліміздің бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, мас күйінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық заңнамаға жаңа бап енгізіледі.

«Бұл татуласу мүмкіндігі болмайтын, ауыр қылмыс түріне жатады. Егер бұрын ішімдік ішсін, ішпесін, адамды көлікпен қағып, өлтіріп алған жағдайда жаза бірдей болса, бұдан былай мас күйінде осындай қылмыс жасаса, 10 жылға бас бостандығынан, өмір бойы көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Сондай-ақ, бүгінде мас күйінде рульге отырған жүргізуші екі жылға дейін көлік басқару құқығынан айырылып, 40 тәулікке дейін қамауға алынса, енді олар бір жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 10 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады», —  деді бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, жүргізушілер белгілі бір мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан мас күйінде көлік басқару кезінде ұсталса, өмір бойы тек таксидің не автобустың қызметін пайдаланатын болады, яғни ол көлік жүргізу куәлігінен өмір бойы айырылады. Оған қоса жаңа талап бойынша мас жүргізушіні 30 күнге дейін қамауға алуға рұқсат етіледі.

Мал ұрлығына қатысты арнайы бап енгізілді

Жаңа заңнамаға сәйкес, қасақана қылмыстар үшін де жауаптылық күшейтіледі.  Ұрлық, тонау және қарақшылық мақсатта үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз бұзып кіру арқылы жасалған қылмыстар ауыр қылмыстар қатарына көшіріледі. Демек, ұрлық жасағандар татуласудан үміт күтпеуіне болады. Тіпті залал орны толтырылса да, кешірім берілсе де, ұры қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды.

Әсіресе, мал ұрлағандар жауаптылықтан құтыла алмайды. Қазақстанның Қылмыстық Кодексіне «Мал ұрлығы» деген арнайы бап енгізілмек. Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Парламент Сенатының отырысында бұл қылмыс үшін басқа ұрлық түрлеріне қарағанда енді қатаң жаза қолданылатынын айтты.

«Қазір мал ұрлығы елдің берекесін кетіріп отыр. Тергеу практикасын зерделеу мал ұрлығының қылмыстық кәсіпке айналғанын көрсетіп отыр. Оны ұйымдастыратын, орындайтын, сатып алатын, жүк таситын, базарда өткізетін қылмыстық топтар қалыптасқан. Бұл қылмыстарға қамқоршылық жасайтын шенеуніктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар. Бұл әрекет нақты ұйымдасқан қылмыстық белгісі бар қылмыстар болып табылады. Қазір мал ұрлаған адам залалын өтесе, қылмыстық іс қысқартылып, түбегейлі тергеу жүргізілмейді, соның салдарынан қылмысты негізгі ұйымдастырушылар мен басқа қатысушылар анықталмайды, яғни қылмыстық байланыс ашылмай қалады. Статистика бойынша, мұндай істердің 60 пайызға жуығы татуласумен аяқталып жатыр. Басты себебі, ұрлаған малды қайтарып, кешірім беріп жатады. Сондықтан осы қылмыс түрімен күресті күшейтіп, жауаптылықты қатаңдату керек», — деді ол.

Заңнамаға енгізілген жаңа бап бойынша ұрылар жай құрам болып мал барымталаса — 5 жылға, егер адамдар топ болып, алдын ала сөз байласу арқылы ірі мөлшерде ұрлық жасаса 7 жылға дейін, бірнеше рет немесе мал тұрған қора-жайды бұзып кіру арқылы қылмыс жасаса — 10 жыл, ал аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып жасаса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қысқасы, бұдан былай мал ұрлығы ауыр қылмыс санатына жатады және ұрлық жасаған адамның келесі тараппен татуласуына еш мүмкіндігі болмайды.

Заңсыз аң аулау — қылмыс

Заңсыз аңшылық, балық аулау, өсімдіктерге қатысты әрекеттер «теріс қылықтар» қатарынан «ауырлығы орта қылмыстар» санатына көшіріледі. Жаза мөлшері де күшейтіледі. Айыппұл көлемі 10 миллион теңгеге дейін артады.

«Бүгінде мұндай қылмыстар үшін күдікті 50 тәулікке қамалатын болса, ендігі жерде 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделіп отыр. Ал егер мұндай қылмыстар табиғи қорықта жасалса, қызыл балықты немесе жалпы балықты катермен ауласа, сирек кездесетін, «Қызыл кітапқа» енгізілген аңдарды ауласа — 6 жыл, ал аса ірі көлемде немесе қылмыстық топ болса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу бекітіліп отыр. Осындай қылмыстық жолмен тапқан бар мүлкі, қылмыс құралдары, көлігі, қайықтары, мылтығы тәркілеуге жатады», — дейді бас прокурордың орынбасары.

Киіктерді заңсыз аулаушыларға қатысты дербес, қатаң жауапкершілік енгізілді.

Жаза қатал: 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Айыппұл төлеп, ымыраға келуге мүмкіндік жоқ. Табиғатты қорғайтын инспектордың, егерьдің, қорықшының өміріне қауіп төндіріп, күш қолданғаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр. Бұл жерде де татуласу деген болмайды.

Сонымен бірге жаңа заңнамаға заңсыз есірткі айналымы үшін электрондық ақпарат ресурстарын пайдалануға қатысты арнайы бап енгізілмек. Яғни, ендігі жерде есірткі құралдарын заңсыз тұтыну, оны тарату, есірткіге қатысты жағымды көзқарас қалыптастыруға бағытталған қандай да бір ақпарат таратқандар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал оны интернет арқылы, басқа да жолдармен таратса 15 жылға дейін, егер оны кәмелеттік жасқа толмаған балаға осы жолдармен таратса, өмір бойына бас бостандығынан айырылады.

Бұл өзгерістердің барлығы 11 қаңтардан бастап заңды күшіне енді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button