Жаңалықтар

Мүгедектік кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі емес

Семинар

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе филиалының өкілдері «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қоры мен облыстық кәсіпкерлік басқармасымен бірге мүмкіндігі шектеулі адамдарға кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру семинарын өткізді. Биылғы алғашқы семинар «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне арналды.

— Біз оларда пайда болған кез келген мәселені шешуге атсалысып, жобаларын қолдауға дайынбыз. Басты міндетіміз — мүмкіндігі шектеулі адамдарға бизнесте көмек көрсету.

Еңбекке қабілетті мүгедектерді кәсіпкерлікке барынша тарту мақсатында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының гранттары мен шағын несиелері қарастырылған. Кәсіпкерлер палатасы мүгедектігі бар адамдардың кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және олардың бизнес-идеяларын іске асыруға мүмкіндік беруге дайын. Біз «Бизнес кеңесші» бизнес-мектебі аясында қысқа мерзімді оқыту курстарын да, сондай-ақ бүгінгі күні танымал оқыту — «Бастау» жобасын да ұсынамыз, — деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Диана Жұмабаева.

Бұл курс бойынша оқыту тегін. Аталған бағдарламалардың түлектері бизнес-идеяларын сәтті қорғағаннан кейін бизнесті дамытуға грант түрінде өтеусіз қаржыландыру мүмкіндігіне ие болады.

— Мүгедектік бизнесті құруға кедергі емес. Мемлекет ерекше адамдарға өз бизнесін ашуға мүмкіндік беретін бірқатар бағдарламалар әзірледі.

Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жұмысқа орналасу мәселесі өте қиын. Жеке бизнес — өзін-өзі дамытудың жақсы мүмкіндігі. Біздің оқу курстарында бизнес-тренерлер өз ісін барынша аз қаржыландырумен қалай ашуға болатынын, қандай бизнес түрлері сұранысқа ие екенін айтып береді. Кәсіпкерлікті оқыту курстарына қатысуға өтінімдер Ақтөбе облысының «Атамекен» палатасының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында қабылданады, — деп хабарлады семинарды ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ, семинар аясында «Атамекен» палатасының бизнес-тренері қатысушылармен кәсіпкерлік психологиясы, өз ісін ашу және тіркеу, бизнес-жоспарды қалай құру керек, кәсіпкерлік қызметті қандай заңдар белгілейді, нарықтық мүмкіндіктерді талдау деген не, т.б. туралы айтты.

Семинар соңында қатысушылар жеке кеңестер алды.

«Мұндай семинарлар біз үшін өте маңызды. Өйткені біз бизнесті жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары туралы тікелей мамандардың өзінен біле аламыз. Мүгедектер арасында осындай курстарға барғаннан кейін мемлекеттік бағдарламалардың қатысушысы болып, өз ісін ашқандар бар екен. Біз де өз мақсатымызға қол жеткізіп, бизнес-жобаларымызды жүзеге асырамыз деп үміттенеміз», — деді семинар тыңдаушылары атынан Л.Ахметова.

Семинар барысында өз кәсібін бастаған мүгедектердің өзекті мәселелері де қозғалды. Келесі семинар енді екінші деңгейдегі банк өкілдерімен кеңейтілген құрамда өткізілмек.

Айта кетейік, өткен жылы «Бастау» және «Жас кәсіпкер» жобалары аясында еңбекке жарамды 106 мүгедек адам арнайы курстан өтті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button