Жаңалықтар

Үздік тергеушілер анықталды

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстық полиция департаментінде үздік тергеуші және үздік анықтаушы анықталды. Олар сотқа жолдаған қылмыстық істердің саны және сапасы жағынан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген.

Тергеуші мамандығы қашанда сауаттылық пен біліктілікті, төзімділік пен ыждаһаттылықты талап етеді. Бұл мамандықтың иелері қылмыскерлерді құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы оның ақ пен қарасын айырып, Қылмыстық кодекстің баптарына сүйене отырып, тергеу амалдарын жүргізеді, оны сотқа жолдайды.

Осы тұрғыда іріктеуден өтіп, «үздік тергеуші» атанған Жанар Исмағұлова — Ақтөбе қаласы Астана ауданы №1 қалалық полиция бөлімінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты.

Жас та болса ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеуші өткен жылы 100-ден астам істі сотқа жөнелтіп, сондай-ақ, 17 ауыр санаттағы қылмыстық істі тергеген.

Жұмысына аса жауапкершілікпен, қолға алған ісіне тиянақтылықпен қарайтын Жанар осылайша өткен жылы облыс бойынша «Үздіктергеуші» атанды.
— Мен бала кезімнен полиция қызметкері болуды армандадым. Осы салаға келуіме алдымен менің жинақылық пен тәртіпті ұнататыным әсер етті деп ойлаймын. Сондай-ақ ішкі істер саласында еңбек ететін ағама да еліктедім. Полиция формасын кию, халыққа қызмет ету, қылмыстық істерді анықтау — бұл менің басты арманым болды. Өз арманыма қол жеткізу жолында бұрынғы мамандығымды тастап, осы салаға келдім. 2014 жылы Ақтөбе заң институтын аяқтап, кейін білімімді толықтырып, ішкі істер саласына қызметке орналастым. Қазір Астана ауданына қарасты №1 қалалық полиция бөлімінде тергеуші болып жұмыс істеймін. Алғаш осы қызметке келгенімде тәжірибелі тергеушілердің жанында жүріп, олардың тергеуді жүргізу әдістері мен тәсілдерін үйрендім. Тергеуші сауатты және кез келген саладан хабары болу керектігін түсіндім. Себебі қылмыс әртүрлі салада, әртүрлі бағытта орын алады. Бұған қоса ой ұшқырлығы, сезімталдық, ыждағаттылық қасиеттер де қажет. Мұндай қасиеттер қылмыстық іске жүйелі талдау жасап, оның ақиқатына көз жеткізу үшін керек. Сондай-ақ кез келген адаммен тез тіл табыса білсең, ісің алға басады, — дейді Жанар.

Үздік тергеушінің айтуынша, бүгінгі күні облыста пәтер, көлік және қалта ұрлығы көбейіп отыр. Оның ішінде өзге өңірлерден келіп, үй тонайтындардың саны артқан.

Мен осы қызметке алғаш келгенімде пәтер ұрлығы мен көлік ұрлау ісін қолға алдым. Басында өте қиын болды. Қасымдағы тәлімгерлердің, басшылардың көмегімен, қолдау білдіруімен қылмысты ашып, екі айдың ішінде істі сотқа жолдадым. Жалпы жыл сайын 70-80 қылмыстық істі сотқа жіберіп отырамын, — дейді тергеуші.

Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша «Үздік анықтаушы» деп танылған Ақтөбе қаласы Алматы ауданы №3 қалалық полиция бөлімінің аға анықтаушысы, полиция аға лейтенанты Айболат Баймұрзин әртүрлі санаттағы қылмыстық істерді сотқа жолдайды. Олардың қатарына аса ауыр, ауыр, орташа ауыр және орташа санаттағы қылмыстар бар. Өткен жылы Айболат 70 қылмыстық істі анықтап, кінәлілерді тапқан.

Былтыр 100 қылмыстық істің 70-і сотқа жолданды, қалғаны қылмыс құрамы болмауынан және екі жақтың келісуіне байланысты қысқартылды. Атап айтсақ, бұлардың дені — ұрлық, алаяқтық, бұзақылық қылмыстар. Соңғы уақытта менің тәжірибемде алаяқтық, ұрлық деректері көп тіркеліп отыр. Олардың ішінде«жұмысқа тұрғызып беремін», «жер алып беремін» деп азаматтарды алдап соғатын алаяқтардың саны артқан, — дейді А.Баймұрзин.

Астана қаласындағы қаржы полиция академиясын, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі Алматы академиясын аяқтаған ол 2016 жылы Елек полиция бөліміне анықтаушы болып қызметке келген. Бүгінгі күні Айболатаға анықтаушы болып жұмыс жасайды.

  • Біздің басты міндетіміз — қылмыстық істерді тергей отырып, өзгелердің мұң-мұқтажына көңіл бөлу, қоғамда құқықбұзушылықты болдырмау. Осы орайда біз азаматтардан түскен арыз-шағымдар бойынша қолға алынған қылмыстарды ашып, анықтап, оларды сотқа жібереміз. Сот қылмыскерге әділ шешім шығарып, жәбірленушілердің құқығын қорғайды.

Міне, өткен жылдың аяғында облыс бойыншатергеушілердің жұмыстарына жүргізілген талдау нәтижесі бойынша қылмыстық істерді кідіртпей, сотқа жолдаған еңбегіміз бағаланып, «үздік» атанып отырмыз. Өте қуаныштымыз. Халыққа қызмет ету, ел игілігіне жұмыс жасау — біздің басты парызымыз, — дейді аға анықтаушы.

Айта кету керек, Жанар мен Айболат алдағы уақытта тергеушілерге арналған республика көлемінде өтетін үлкен іс-шараға Ақтөбе облысының атынан қатысатын болады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button