Абай — 175Пікір

Рухани жол көрсететін мақала

Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

облыс әкімінің насихат тобының мүшесі.

Президенттің «Ұлы Абай және ХХІ ғасыр» атты мақаласы қоғамдағы әр азаматтың бойына жаңа міндеттер жүктейді. Тек ат үсті шолып шыққанның өзінде мақаланың мазмұны кез келген азаматтың руханиятына ой салып тұр. Мысалы, мақалада қазақ жастарына, әсіресе оқушыларға, руханият саласының өкілдеріне жол көрсетіп, бағыт-бағдар беретіні анық байқалады.

Бүгінгі күні елімізде түбегейлі саяси өзгеріс керек деген ойлар да жиі айтылады. Бірақ бұл мəселе бойынша ұлттық мəмілеге келудің, мемлекет мүмкіндіктерін шынайы бағалаудың жəне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қараудың маңызы зор екендігін Президент арнайы атаған. Ой мен ұсыныс бұрын да айтылып жүр, өкінішке қарай, қоғамда осындай ұсынысты өз мүддесіне тартып жүргендер де баршылық. Мұндай байбалам салатындар еліміздің болашағын байыптамайды, жай ғана популистік идеяларға табан тірейді. Мақалада осы мәселеге де Президент баға берген. Бұл өте орынды және болашақта ескеретін жәйт. Популизм теріс тенденция ретінде дүниежүзілік сипат алды. Біздің арамызда тіпті ғылыми дәрежесін бүркеніп, шынайы демагогияны жеке мүддесіне пайдаланып жүргендер де жоқ емес. Ұлы Абай мұраларына сүйеніп бағалайтын болсақ,  осындай даңғазаға құмар адамдар «Қу тілменен құтыртып, кетер бір күн отыртып» — мұның бәрі Президент мақаласында толық дәлелденіп айтылған.

Нәтижесінде мұндай ұстанымның Тәуелсіздіктің қарышты қадамын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін əлсірететін қауіпті үрдіс екендігі байқалады. Мақалада бұл ретте «Қадамымызды анық басып, əлемде жəне елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет», — деген түйін азаматтарға ой салады.

Мақаладағы қоғам мүшелеріне салқын ой салатын дүние — ұлтымыздың қадір-қасиетін арттырып, халқымыздың бəсекеге қабілеттілігін жетілдіруге баса мəн беруіміз керек деген ұсыныс. Сондай-ақ қоғамның дамуына кедергі келтіретін, береке-бірлігімізге іріткі салатын жағымсыз қасиеттерден арылу қажеттігі туралы айтылған ойлар біздің қоғамға құнды мәселе.

Мақаладағы дереу ой салған мәселе — қоғамдағы əлеуметтік жауапкершіліктің əлсіреу себебі. Президент бұл өзекті және маңызды мәселені Абай мұралары арқылы тұжырымдап, әлеуметтік жауапкершіліктің тез орнына келетін оңай шаруа емес екенін атап өткен. Осы күрделі мəселенің шешімін Абайдың «Толық адам» арнасынан іздеу керек екенін көрсеткен. Мақалада бұл сипат тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тəн сипаттама екендігі айтылған. Ұғымды Абай сонау он тоғызыншы ғасырда талдап, адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралатынын көрсетіп, жазып кеткендігі мақалада дәлелденген.

Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», — деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек, жылы жүрек керек екенін қадап айтқан. Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Және бұл қазақ халқының өмірлік философиясы екенін де анық баяндаған.

Мақалада осындай таным-түсінікпен өмір сүрген халқымыздың қиын жағдайда бола тұра, өзге ұлттарды бауырына басқаны да айтылған. Қазақтың өзі асқа жарымай қиналса да, бір үзім нанды айналасындағылармен бөлісу — парыз деп санағаны да мақалада толық көрсетілген. Себебі қазақ халқы әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу бола білген.

Мақалада осы құндылықтарды дəріптеп, бүгінге жеткізу арқылы халқымыздың ұлт ретінде сақталуы үшін барын салғаны айтылады. Осыны ескере отырып, Президент алдағы уақытта мақтаншақ пен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттайды.

Сөз соңында айтарым, Мемлекет басшысының бұл мақаласы — еліміз үшін өте маңызды және мемлекеттік құрылым, руханият аясындағы мәні зор бағдарлама.

Басқа жаңалықтар

Back to top button