Мәдениет

Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек…

Ұлттық мерекеміз Наурыз тойында қазақ ұлттық киімімізді киіп шықпау мүмкін емес. Біз көптеген мәдени шараларға сән беретін қазақ ұлттық киімдерін тігуді жастарға үйретіп жатқан Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты кәсіби шығармашылық факультетінің тігін шеберханасында болған едік.

Тігін шеберханасы. Аяқ және электр машиналары тізіліп тұр. Түрлі үлгіде тігілген дайын ұлттық киімдер бірінен бірі өтеді. Моншақтармен әшекейленген бас киімдер және үкілі бөріктер де көздің жауын алады. Мата қиындыларынан құралған, ірілі-ұсақ моншақтардан түзілген түрлі картиналар қабырғада ілінулі тұр.

Аталған институтта алты жылдан бері жұмыс істеп, студенттерге тігіннің қыр-сырын үйретіп жүрген  оқу шебері Гүлнұр Кенжеғалиева бізге: «Кейбіреулер «бас ауыртады» дейтін тігін машиналарының тарсылынан мен рахаттанамын. Жанымның қалауы – тігін тігу. Оның үстіне, дипломдық тақырыбым қазақтың ұлттық киіміне қатысты болды да, мен тіккен ұлттық киімнің оюларын моншақпен әшекейледім. Маған моншақтармен жұмыс істеген ұнайды», – деп әңгімесін айта жүріп, студенттер жасаған киімдерді, бұйымдарды көрсетті.

Оқу шебері көрсеткен әдемі де жауһар бұйымдарды студенттердің өздері дайындағанына сүйсіне қарайсың. Дұрыс шықпаса, қайта әдемі етіп жасауға ықыластанатын еңбекқор жас тігіншілердің, әсіресе, асқан шыдамдылықпен ұсақ моншақтарды тізіп отыратыны да өзі таңдап келген мамандыққа, кәсібіне адалдығын көрсетіп қана қоймай, өнерге жаны құмар екенін де ұқтырғандай.

Оқу шеберінің айтуынша, бұл оқу тігін шеберханасында бірінші курсқа келген студент түрі көп қол тігісті – крестеп, бүрмелеп тігу, одан қалды, тышқан ізді үйренеді екен.

Алғашқы сабақтарға студенттер онша қызыға қоймайды. Себебі қыздарға үйретіп жатқанда, әсіресе, бірінші курста дұрыс болмаса, «сөгіп, қайта тік» деп жатамыз, еңбегінің еш кеткені кімге жақсы, оңай емес.

Бұл кезеңнен өткен соң аяқ машинаға отырып, тігістерді үйренеді. Одан соң электр машинасына отырады. Ерекше ептілік пен  темірдей жүйке, мықты шыдамдылықты қажет ететін жұмыс әуелгіде өнбейтіндей көрінетіні рас. Кейін студент қыздарымыздың өзі «көз қорқақ, қол батыр» екен ғой дейді. Ал төртінші курста өз еркімен жұмыс істейді. Диплом тақырыптары бойынша жасаған бұйымдарын осы институтқа қалдырады. Бірінші курста ештеңе білмей келген жас тігіншілерді төртінші курста шеберханадан шығара алмайсың… (күліп) өйткені олар өздеріне, мамаларына бірдеңе тігіп алады. Бір жылдары «апай, үйде мен кесе де жумайтын едім» деген қызға осы жерден көйлек тігуді үйретіп жібердік қой. Өз қолыңмен жасалып жатқан дүниенің бір туындыға айналғанын көргенде, үлкен жеңіске жеткендей қуанасың, – дейді оқу шебері Гүлнұр Кенжеғалиева.

Тігінді үйреніп жатқан қыздар ұлттық киімнің неше түрін жасапты. Бейне бір он саусағы майысқан шеберлер дерсің… Оқу шебері олардың біразын бізге көрсетіп: – Мысалы, мына иығында шашағы бар ұлттық киім үлгісін біз интернеттен алғанбыз, оны бір студент жасап шықты. Ал сырттай оқитын студент өзінің мына бір еңбегін «Бәйтерек» деп атаған. Бас киімінде Астана қаласындағы «Бәйтерек» кешенін бейнелеген. Көйлегі де қазіргі үлгі (суретте), – деді. Кәсіби шығармашылық факультетінің студенттері үнемі шеберханада оқу шеберіне көмектесіп жүреді. Солардың кейбірі – Фариза Әлібаева, Фарида Тілеубаева мен Ақбота Әбілова оқу шебері ұсынған дайын тұрған ұлттық киімдерді бізге киіп көрсетті. Студент тігіншілер юбка, көйлек, ұлттық киім – бәрін де өздері тігіп алуды үйренгендерін және мұның базардан сатып алғаннан қарағанда, әлдеқайда арзан әрі тиімді екенін айтты. «Мәселен, ұлттық киімнің матасы мен ою-өрнегі, моншақтарын қосқанда, ең азы 3-5 мыңға тігіп алуға болады. Әрине, қымбат мата, қымбат заттарды алатын болсаң, әдемі де болады, бағасы да ұшынып кетеді», – дейді жас тігіншілер. 

Биыл сәуір айында Студенттер сарайында кәсіби шығармашылық факультеті студенттерінің есептік концерті мен көрмесі ұйымдастырылмақ. Мұнда студенттердің өз қолдарымен тіккен киімдері сахнада көрерменге көрсетіліп, картиналары, басқа да жұмыстары көрмеге қойылады.

Наурыз күні де бұл киімдер оқу орнындағы мерекелік шаралардың сәні болды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Суретте: Кәсіби шығармашылық факультетінің студенттері –  Фариза Әлібаева, Фарида Тілеубаева мен Ақбота Әбілова.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button