Жаңалықтар

Жеңіске 75 жыл: арнайы бағдарлама, бір реттік төлем

Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы кең көлемде аталып өтілмек. Жеңістің мерейтойлық жылын атап өту және оған дайындықты ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов бұл бағытта Орталық кеңеспен бірлескен шаралар жүзеге асырылып жатқанын, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар тарапынан мерейтойлық датаны жоғары деңгейде атап өту турасында арнайы бағдарламаның әзірленіп жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылын қорытындылаған жиында 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялап, елімізде еріктілердің бұл жылда атқарар негізгі жұмыстарының бағытын айқындап берген еді. Соның бірі — «Үміт» жобасы. Яғни еріктілер Жеңістің 75 жылдығы аясында Екінші дүниежүзілік соғыстағы отандастарымыздың ерлігін баяндайтын құжаттарды іздестірумен айналыспақ. Сондай-ақ ведомствоаралық комиссияның отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен және «Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесімен бірге Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне бірдей бір реттік төлем сомасын белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды. Ол өз сөзінде: «Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, тарихи миссияны орындап, фашизмді жеңуге үлес қосқан қазақстандықтарды ардақтау — жалпымемлекеттік ауқымдағы шара. Біз күш-жігерімізді оларды жан-жақты қолдауға бағыттауымыз қажет. Ешбір ардагер назардан тыс, қамқорлықсыз қалмауы тиіс»,— деді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірмановтың айтуынша, бүгінгі күні облыста 93800 зейнеткер бар. Оның  5256-сы —  тыл ардагері. Одан бөлек соғыс ардагерлеріне теңестірілген 942 адам, Ұлы Отан соғысына қатысушы мүгедектерге теңестірілген 509 адам бар.

Соңғы дерек бойынша облыста Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер жауынгерлердің саны — 35. Соғыс ардагерлерінің үшеуі — Мұғалжар, екеуі — Хромтау аудандарында тұрса, қалғандары — Ақтөбе қаласының тұрғындары. Соғысқа қатысқан ардагерлердің ең жасы — 1927 жылы туған. Жасы бойынша 1917-1918 жылдары туған Ұлы Отан соғысының ең үлкен жауынгерлері саналатын ардагерлеріміздің бірі Мұғалжар ауданында, енді бірі облыс орталығында тұрады. Қазіргі күні соғыс ардагерлерінің тізімінде 1920 жылы туған 4 адам бар.

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толмақ. Бұл сұрапыл соғыста Отан үшін от кешіп, Жеңісті жақындатқандардың арасында ақтөбелік майдангерлердің де үлесі зор. Ресми мәліметтер бойынша, Екінші дүниежүзілік соғысқа Ақтөбе өңірінен 122423 адам шақырылған. Соның 36192-сі елге оралмаған. Ақтөбеден 36 Кеңес Одағының Батыры, 9 «Даңқ» орденінің толық кавалері шықты. Бүгінгі ұрпақ Кеңес Одағының Батырлары, ақтөбелік жауынгерлер — Әлия Молдағұлова, Иманғали Білтабанов, Қожабай Жазықов,  Абдулла Жанұзақов, Малкеждар Бөкенбаев, Ідіріс Үргенішбаев сияқты басқа да батырларымыздың есімін ардақ тұтады.

Қазір облыста Жеңістің 75 жылдығына арналған арнайы бағдарлама, іс-шаралар жоспары әзірленіп жатыр. Ең бастысы — соғыс жауынгерлерінің барлығы баспанамен қамтылды, жылдағы дәстүр бойынша оларға жағдай жасалады. Ешбірі назардан тыс қалмайды. Жыл сайын Жеңіс мерекесі қарсаңында майдангерлерімізге облыс, қала әкімдерінің құттықтауларымен қатар, сый-құрметтер көрсетіліп жүр. Жергілікті билік өкілдері ардагерлерімізді үйіне барып құттықтайды. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын таппақ. Бүгінгі күні осы бағытта дайындық жұмыстары басталып кетті, мұндай іс-шаралар облыс, аудан әкімдіктерінің бақылауында. Жастары ұлғайғасын олардың көпшілігі үйлерінен шыға алмайды. Сондықтан медицина қызметкерлері ардагерлеріміздің денсаулығын өз бақылауларына алып, дәрі-дәрмектері уақытылы жеткізіліп тұр. Өкініштісі, майдангерлеріміздің арасында төсек тартып жатқандары да бар, — деді Кеңес Бірманов.

Жеңістің 75 жылдығын атап өту және оған дайындықты ұйымдастыру жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысында мерейтойлық жылда мынадай шаралар жоспарланған. Ол — әскери шеру өткізу; Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің ескерілмей қалған молаларын және көмілмей қалған қалдықтарын анықтау бойынша іздеу жұмыстарын жүргізу; ардагерлердің ТМД елдерінің аумағында өткізілетін шараларға қатысуы; соғыс жауынгерлеріне әлеуметтік көмек көрсету; мерейтойлық медальдар тапсыру, мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастыру.

P.S. Кеңес Бірманов ресейлік іздестіру тобы жүргізген шаралар барысында бір жауынгердің мүрдесі табылғанын, оның ақтөбелік екені, алайда анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып: «Ресейдің іздестіру отрядтары ақтөбелік бір жауынгердің мүрдесін тапқан. Әзірге ол жайында ешқандай ақпарат жоқ. Болжам бойынша, жауынгердің Жағабұлақ немесе Шеңгелши жерінде туғаны, ал соғысқа Мәртөк аймағынан шақырылғаны ғана айтылады. Алайда бүгінгі күнге дейін оған ешбір адамның іздеу салмағаны белгілі. Тума-туыстары жоқ, ешкім білмейді. Сол жағы белгісіз болып тұр. Бұл жайында аудан әкімдіктеріне хабарланғанымен, әзірге нақты жауап болмай тұр. Бүгінгі күні бұл бағытта әскери комиссариаттар жұмыс жасап жатыр», — деді ол.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button