Жаңалықтар

Жетпіс жасын қажылықта қарсы алған

Ол жетпіске толған тойын аста-төк дастарқан жасап, қыруар қонақ шақырып, бүгінгі күні дәстүрге айналғандай салтанатпен атап өткен жоқ. Рас, осындай ниет те болған бастапқыда. Тіпті шақырылатын қонақтардың тізімі де жасала бастаған.

Алайда отбасындағы ойласу барысында қажылыққа бару туралы ұсыныс та қозғалып қалды. Бұл ізгілікті қадам бірден қолдау тапты. Сөйтіп, елдің белгілі азаматы Елкей Әбубәкіров жетпіс жасын кіші қажылықта қарсы алды.

— Адам баласы жасы егделене келе өткен өмір жолына көз жүгіртеді. Барлығын сараптайды, өзінше бағалайды, тәубеге келуге бейімделеді. Сондықтан да мен қажылық сапарына баруымды кездейсоқтық деп айта алмаймын. Өзіміздің ата-бабамыздың кезінде мешіт ұстап, имандылық жолынан ауытқымағандығын айтпағанда, өзіміз де іштей бір Аллаға сиынып, құбыламызға бағыт ұстап өстік қой. Бұл ниетімді балаларым да қолдады. Ал өзім сол сапарға барғаныма тағдырыма мың да бір ризамын, Аллаға шүкіршілік етемін, — деді ол бізбен сұхбаттасу барысында.

Ол дүниеге келген Ойсылқара деп аталатын мекен өзінің ерекше атауымен қай кезде де өткен-кеткен жұртшылықты таңғалдырады. Ең алдымен көзге түсетіні осында киелі жер бар: бағзыдан келе жатқан аңызға сүйенсек, Ойсылқара әулие жерленген қорымға әлі күнге дейін сиыну үшін алыстан ат арытып келіп жатады.

Бүгінде өмірінің бір белесіне көтеріліп отырған Елкей аға Әбубәкіров осы жерде туып-өсті. Бір тұста жайылып, енді бір бұрылыста қысаң тұстан өтіп барып, көлбей ағып жатқан Ойсылқара өзені сол балаң кезінен жанына жақын. Осында ашылған мектептің есігін алғаш ашқандар да осылардың қатары болатын. Ол кездегі жаңа ғана арнаулы білім алып келген жас мұғалім Жұмабай Имекешов әр қиырдан бас қосып, жан-жағына үрке қарап отырған тоғыз баланың қолдарына қалам ұстатып, әліппе бетін ашқызды. Сол елуінші жылдардың орта тұсында ауылдағы мұғалім қадірі қандай еді?! Балақандар баяғы шыбық ұстаған молданың алдын көрген шәкірттер секілді моп-момақан бола қалатын. Ал ата-аналардың өзі ауылдағы ұстаздың алдын кесіп өтпейтін. «Мұғалім келе жатыр!» деп оның жастығына қарамастан ерекше құрмет көрсететін.

Осындай ұлағатты жаннан білім алған шәкірттер талапсыз болған жоқ. Бәрі дерлік бір-бірімен жарысып оқып, үздік білім алуға ұмтылды. Сол топтың алдыңғы қатарынан көрініп жүрген Елкей бала ауылдағы сегізжылдық мектепті бітірген соң аудан орталығына барып, білім жолын жалғастырғаннан гөрі, белгілі бір мамандық игергенді жөн көреді. Сондықтан да Темір совхоз-техникумына жол тартады. Мақсаты — мал маманы болу.

Ауылдан алғаш ұзап шыққан балаң жігіт бір замандары Қарақамыс атты жәрмеңкесі болған тарихи қалада оқыған жылдарында көп нәрсе үйренді. Мұнда да кітаптан бас алмай оқып, техникумды үздік тәмамдады.

Он сегіз жасар жас маманды Новоресей аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшылығы қуана қарсы алады. Бүгінгі күннің өлшемімен жас бала деген жоқ, жауапты учаскелердің біріне жолдама берді. Сөйтіп, ол Мағаджанов атындағы кеңшардың төртінші бөлімшесіне зоотехник қызметіне кіріседі. Бірақ көңілді бір ой мазалай береді. Ол — қайткенде де жоғары білім алу.

Дегенмен ауылда бір жылдай алаңсыз еңбек етеді. Үстіне жұмыс киімін киіп алып, малшылармен ауа райының қандай қысылтаяң кезеңінде де бірге жүреді. Күн-түн демейді, уақытпен санаспайды. Ал жаз айында алғашқы еңбек демалысын алып, Орал қаласына жол тартады. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының зоотехниктер даярлайтын факультетіне құжатын тапсырып, техникумды үздік бітіргенінің нәтижесінде негізгі пән саналатын — биологиядан белгіленген сынақты сәтті тапсырады. Осылайша, мағаджандықтар бір жылдай жұмыстас болып, үйренісіп қалған «маман баладан» аяқасты қол үзіп қалады.

Темір техникумында мамандықтың негізін қалап үлгерген қынулы жігіт енді көп қиналмайды, оның үстіне өндірісте бел шешіп еңбек еткені және бар. Мұнда да қатарының алдыңғы легінен көрінеді, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. 1973 жылы институтты үздік бітірген ол туған өңірге қызыл дипломмен оралады. Қолындағы құжатында «ғалым-зоотехник» деп жазылған.

Енді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бағыттауымен Қарғалы ауданынан бір-ақ шығады. Осындағы Партияның ХVІІІ съезі атындағы шаруашылықтың бас зоотехнигі қызметіне кіріседі. Ол кезде басшылық қызметтерде бірыңғай өзге ұлт өкілдері болған ауданда да ол білім-білігін көрсете білді. Соның нәтижесінде облыс бойынша «Үздік зоотехник» атағын иеленді.

Облыстық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылуы да нақ осы тұс еді. Партия сынынан өтіп, шыңдалғаннан кейін Мұғалжар ауданындағы «Жұрын» кеңшарын басқаруға жіберіледі. Облыстағы іргелі шаруашылық саналатын бұл ұжымның іргесі осы тұста бұрынғыдан да нығая түседі.

Бір қызығы, Елекеңнің өмірінде жеті саны ерекше рөл атқарады. Мәселен, Партияның ХVІІІ съезі атындағы кеңшарда жеті жыл еңбек етсе, «Жұрында» да сонша уақыт басшылық тізгінін ұстапты. Осы екі аралықта жеті жыл бойы Ақтөбе мемлекеттік мал тұқымын асылдандыру стансасының директоры болғаны бар.

Арада біраз уақыт өткенде Мұғалжарға қайта оралуы да бір сабақтастық ізін байқатқандай. 2004 жылы аудан әкімі болып тағайындалған ол ауыл шаруашылығы да, өндірісі де бар сан-салалы өңірдің көптеген өркенді өзгерістерінің бастауында тұрды.

Елекең зейнет демалысына шыққан соң да дамыл тапқан жоқ. Бүгінде «М-Техсервис» мекемесі бас директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.

Жалпы Хромтау өңірінен шыққан Әбубәкіровтер әулеті өздерінің азаматтық биік тұлғаларымен, ағайындар арасындағы сыйластығымен көпшілік құрметіне ие.

Ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтерде болған Елеусіз ағасы жақында ғана Хромтау ауданының құрметті азаматы атанды.

Інісі Құлмырза біраз жыл өздерінің атамекені саналатын аумақта — Жамбыл атындағы колхоздың басқарма төрағасы болып жемісті еңбек етті. Нағыз қызық көрер қынулы шағында өмірден өткені өкінішті.

Аймырза інісі дәрігер болып, халыққа қызмет етіп, ел алғысына бөленді. Басқа бауырлары да абыройлы еңбектерімен көрініп жүр.

Адам ұрпағымен көктеп-көгереді. Үлкен қызы Гүлсім өзінің ұстаздық кәсібіне қоса, заңгерлік мамандықты та меңгерді. Бүгінде әлеуметтік салада қызмет тізгінін ұстап, халыққа пайдасын тигізуде.

Ғалымжаны өз жолын қуып, мал маманы болғанымен, беріректе ол да заңгерлік жолын ұстанды. Қазір қаладағы тәжірибелі судьялардың бірі. Кенжесі Рүстем медицина саласында заманауи технологиямен жұмыс істейді.

Немерелері де азамат болып келеді. Осының бәрі — Елкей ата мен өмірлік серігі Бибатпа әженің көз қуанышы, көңіл тынысы.

Айтпақшы, ғасырдан аса ғұмыр кешіп, күні кеше ғана өмірден өткен, Хромтау өңірінің шежіреші ақсақалы атанған Жоныс Тұрмұхамбетов — осы Бибатпа апаның әкесі. Кешегі күні Әкімәлі Қаржауұлы секілді ел ішіндегі ескі көз таланттардың өлең-жырларын жинап, қолымызға ұстатып кеткен де осы кісі болатын. Елекең де қайын атасының ғибраты мол әңгімесін көп тыңдапты, бүгінде соны өз ұрпақтарына жеткізеді.

Ілгеріден жалғасқан ізгі дәстүрлерді жалғастырушы Елекең сынды ағалар қатары көбейе түссе, қандай жарасымды болары еді!

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button