Басты жаңалықтар

Тышқан — жыл басы

Доңыз жылын табысты аяқтап, жыл қайырудың басы саналатын Тышқанды қарсы алдық. Талай жылдың тауқыметін тартып, көп жылдың қызығын көрген біздің халық әр жылға тиісті баға беріп, соған сай келер жылды да алдын ала болжайды. Тұрғындардың мұндай сенімі кейде дөп түсіп отырады.

Мүшелдік жыл санауымыз да Тышқан жылынан басталады. Кейбір елдерде атжалман жылы деп те атап жүр. Жылдың қандай болатыны жыл иесінің мінезіне де қатысты. Сондықтан да кәдімгі тышқанға сипаттама беруді жөн көрдік.

Тышқан десе кілтүйлердегі қаптарды тесіп, тамақ ұрлайтыны еске түседі әуелі. Сосын бала күнімізде мысықтардың тышқан аулағанының куәсі болғанбыз сан мәрте. Айтпақшы, басты кейіпкерлері мысық пен тышқанның іс-әрекетіне құрылған, сөзі жоқ «Том и Джерри» мультфильмін де қайталап көре беретінбіз, сотқар балалардың тышқан ұстап алып, қыздарды қорқытып, қуып жүретіні де есімізде. Ал енді біреулер керісінше тышқаннан қорықпайды, үйлерінде ақ тышқанды торға сақтап, асырайтынын қайтерсің. Ата-әжелеріміздің ашаршылық жылдары тышқан аулап жеп, жан сақтағандарын да естідік.

Жалпы, сүтқоректілер тобына, кеміргіштер отрядына жататын тышқандар туралы не білеміз? Тышқанды тану үшін әуелі профессор Е.Арын әзірлеген биологиялық орысша-қазақша түсіндірме сөздікке үңілдік. Ол жердегі сипаттама былай өрілген:

«Тышқандар — ұсақ кеміргіштер тұқымдасы. Олардың дене ұзындығы 12,5 сантиметр, құйрығы 10,5 сантиметрге дейін болады. Тышқандардың Отаны — Азия, әрине, кейбір түрлері бүкіл дүниежүзіне таралған. Африкада (Сахараны есептемегенде), Еуразияда, Малай архипелагының кейбір аралдарында, Филипинде 40 түрі кездеседі. Тышқандар дәнді дақылдармен, астықпен, өсімдік тамырларымен, жидектермен, шөппен және басқа да жәндіктермен қоректенеді. Түнде белсенді. Оңтүстік аудандарда және үйлерде жыл бойы көбейе береді».

Кейбір ғалымдар тышқандардың егеуқұйрықтардан пайда болғанын айтады. Егеуқұйрықтар мен тышқандарды бөлу шартты ұғым екен. Бұлай бөліп қарастыру тышқандардың көлеміне негізделіпті. Әйтпесе «Уикипедия» ашық энциклопедиясында басқа тұқымдастарға жататын кейбір тышқандарды (мысалы, бұғы тышқанқалталы секіргіш) да ешқандай ғылыми негіздемесіз тышқандар деп атайтыны жазылған.

Тышқандар — кеміргіштер тобының беделді әрі кең тараған өкілдері. Мойындары қысқа, табандары өте жұқа, құйрықтары кейде денесінен де ұзын келеді. Әрине, кеміргіш болғандықтан да біраз залал келтіруі мүмкін, бірақ көбі зиянсыз. Өздері — көптеген жыртқыш аңдардың олжасы. Айтпақшы, ақ зертхана тышқаны —  үй тышқанының бір түрі.

***

Келер жылдың иесі — кеміргіштер туралы қызықты мәліметтер интернетте жетіп артылады.

Тышқан сөзі (орыс тілінде «мышь») санскрит тілінде «ұрлау» деген сөзден шыққан. Олар әрдайым осы атауына сай тіршілік қылып келеді. Тышқандар тіпті желім мен сабынды да ұрлап жейді. Мұны тышқандардағы метаболизмнің деңгейінің жоғарылығымен түсіндіруге болады. Олар ылғи да әйтеуір бір азықпен қоректеніп тұру керек.

Кеміргіштердің тістері өмір бойы өседі екен, сондықтан да үнемі бірдеңе кеміріп, тістерін егейтін көрінеді. Тіпті темірді де мүжуге бар.

Тышқандар тамақ талғамайды, олар өздерінің арасындағы өлгендерді де, өлгелі жатқандарды да жей алады. Кейбір елдерде кеміргіштерді түрлі тағам жасауда қолданады. Ал олардың өздері тойып тамақ ішпейтін көрінеді, себебі, тойғандығынан хабар ететін сезімі ерекше дамыған. Айтпақшы олар түйеден гөрі шөлге шыдамды келеді.

Ирландияда жабайы атжалмандар батпақ бақаларының кеңінен таралуына кедергі келтіріп қана қоймай, олардың жойылып кетуіне себепкер болды, анығы, бақаларды жеп қойған.

Атжалмандар мен тышқандар жалғыз өмір сүре алмайды, көп болып жүргенді қалайды. Бір тобырда екі мыңнан астам кеміргіш болады. Олардың өмір сүру ұзақтығы — екі жыл.

Тышқандардың иіссезгіштігі сондай, тамағына қосылған аз мөлшердегі уды да сезіп қояды екен. Сондықтан да олар ұзақ өмір сүреді.

Тышқандар — өте сезімтал. Атжалмандардың қауіпті орындардан жаппай көшіп кететіні де белгілі. Алайда олардың қауіпті алдын ала қалай сезіп қоятыны әлі күнге дейін анықталмай отыр.

Тышқандар мен атжалмандардың есте сақтау қабілеттері де ерекше деп танылып отыр.

Кеміргіштер өте ақылды келеді. Олар жаңа ортаға тез бейімделе алатын қасиетімен де ерекшеленеді. Кеңістікке керемет бағдар жасай алады, өздеріне керекті жолдарды есте сақтап алады. Мысалы, шетелдік зерттеушілер зертханалық кеміргіштер көзі байлаулы күйінде бұған дейін жүріп өткен шытырман жолымен қайта өте алатынын байқағандарын жазыпты. Олар мұрындарының жанындағы кішкентай талшық (мұрт) арқылы заттарды сезіп, қараңғыда жол тауып кетеді екен. Кішкентай ғана құлақтары өте жақсы естиді.

Германияда ақ тышқанмен кездесу — бақыт әкеледі деген наным бар. Ол елде альбиностарды өлтіргендер сотта жауап береді.

Кеміргіштер — табанды, батыл. Жабайы тышқандар тобыры тапқан олжалары үшін, тіпті өзінен он есе үлкен жануарға да, мысалы, итке де шабуылдауға бар.

Үндістанда Карни Мата атты атжалмандар храмы бар. Ол жерде он мыңдаған кеміргіш өмір сүреді.

Ежелгі Египетте тек мысықтарды ғана емес, тышқандарды да бальзамдаған екен. Олар тышқаннан жасалған тағамдарды асқазан ауруларына қарсы қолданған. Атжалмандар мен тышқандар екі метрге дейінгі биіктікке секіре алады.

Тышқандардың ең сүйікті асы — нан. Барлығымыз тышқандарды ірімшікті жақсы көреді деп ойлаймыз. Алайда, британдық ғалымдар мұны қателік деп отыр. Кеміргіштер  қант мөлшері жоғары тағамдарды ұнатады екен. Мәселен, дәнді дақылдарды, жемістерді жейді. Ал ірімшіктің иісі мүңкіген тағамдар оларды шошытады екен.

Иерусалим университетінің ғалымдарының мәліметінше, тышқандар адамдарға қатты ұқсайды. Егер тышқанды адамның бойына жететіндей үлкейтіп, қаңқаны жазса, адам мен тышқанның буындары ұқсас орналастырылғанын байқауға болады екен. Сүйектердің саны да бірдей дегенді айтады. Олар адам гендерінің функциясын тышқандар арқылы зерттеудің оңай екенін де мәлімдеді.

Тышқандар өсімтал келеді. Алғашқыда тышқандар Солтүстік және Оңтүстік Америкадан басқа барлық құрлықта өмір сүрген. Ал қазір олар адамдар арқылы Жердің барлық жеріне тарап кетті, аралдарда да өмір сүреді. Барлық климаттық белдеулер мен аймақтарда: тропикалық, жапырақты, қылқанжапырақты ормандарда, шалғында, шалшықта, жазықтықта, жартылай шөлді аймақтарда, тауда (4000 метр биіктікке дейін) кездеседі.

Қыран, жапалақ, түлкілердің негізгі азығы, осы — кеміргіштер. Тышқандардың кесірінен егістің жақсы шықпауы мүмкін. Тышқандардың қысқа жинаған азықтары толық тұтынылмаса, жаңа жерде жаңа өсімдіктер (балқарағай, орман жаңғақтары, емен жаңғағы) өсіп шығады.

Тышқандар еңбекқор, кешқұрым және түнде ерекше белсенді. Астық піскен уақытта қысқы азықтарын күндіз де дайындайды. Көпшілігі жартылай жер үсті өмір салтын ұстанып, дақылдармен қоректенеді.

Әлемде әрбір секунд сайын 30 тышқан өмірге келеді. Салыстырмалы түрде айта кетейік, әлемде әрбір секунд сайын бір ғана адам туылады. Кеміргіштерге жетілу үшін 1,5-3 ай әбден жеткілікті. Қарапайым тышқандардың өмірі шамамен 6-9 айға созылады, кейбірі 1 жылға дейін, ерекше түрлері 3-5 жылға дейін өмір сүруі мүмкін. Аналық тышқан бір сәтте 6 тышқанды туа алады. Олардың жүктіліктері шамамен 21 күнге созылатын көрінеді. Яғни, жылына 6-10 реттен балалайтындары да болады.

P.S. Қысқаша түйіндесек, жаңа мүшелді бастайтын тышқандар — көпшіл, өте сезімтал, табанды, еңбекқор, ақылды, батыл. Мұндай мінезге бай жыл иесінің халыққа жайсыздық танытпауы тиіс.

Жаңа Тышқан жылы ойлаған мақсаттарды іске асыруға оңтайлы әрі табысты болмақ. Олай дейтініміз, табанды тышқандар табысқа жету жолында барлық мүмкіндіктерді қолданады. Көпшіл, кез келген адаммен тез тіл табысып кететін мінезі оның жеке басына қажетті мәселелерін шешіп алуына да көмектеседі. 

Тышқан жылы жұмысбастыларға жемісті жыл болмақ. Оның ішінде, биыл саясатта, ғылым мен шығармашылық салада кәсіби шеберлікті шыңдауға мүмкіндік болады.

Жыл иесі өте сезімтал болғандықтан жаңа жылда бизнесте жүргендердің де ісі берекелі болмақ, өйткені, олар қауіп-қатерді алдын ала сезіп, «саудада достық жоқ» екенін ескеріп, серіктестерден барынша сақ болады. Тышқандардың күй талғамайтынын ескерсек, кіріп келе жатқан жыл денсаулық мәселесінде де қиындық туғызбайды деп сенеміз.

Жаңа жылда адамдардың тышқан мен мысық құсап араздаспай, керісінше, татулықта, бірлікте, тыныштықта болуын тілейміз.

Интернет материалдары бойынша әзірлеген Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button