Басты жаңалықтар

Ақтөбеліктер генерал-лейтенант Жансен Кереевті еске алды

Сәрсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен генерал-лейтенант Жансен Кереевтің 90 жылдығына орай  еске алу шарасы өтті. Шараға генералдың  інісі Амангелді Жұпаров келді. Сондай-ақ Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының  курсанттары қатысты.

Артында өшпес із қалдырған азаматтың рухына тағзым еткен облыс әкімі Оңдасын Оразалин гүл шоғын қойды. Сондай-ақ ҚР Қарулы Күштері ардагерлері РҚБ Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Қажымұқан Сәтеновтің атынан гүл себеттері қойылды. Көпшілік генерал-лейтенантты бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ақтөбе өңірінің тарихында өр тұлғалар аз болған жоқ. Ұрпағы ұлағат тұтып, құрмет көрсетер азаматтың бірі —  бүкіл саналы ғұмырын Отан қорғау ісіне арнаған  генерал-лейтенант Жансен Кереев. Даңқты жерлесіміз Ойыл мен Бабатай өзендері қиылысқан Бабатай ауылында дүниеге келіп, кешегі кеңестік кезеңде әскери баспалдақтың биік сатысына шыққан. Кеңес заманында  қандастарымыздың арасынан оқ бойы озып шығып, алғашқы боп генерал-лейтенант атанған алып тұлға, — деді облыс әкімі.
Жансен Кереев қазақ ұлтының арасынан Бас штаб әскери академиясын бірінші болып бітірген, М.Фрунзе атындағы әскери академияны алтын медальмен тәмамдаған. Кеңестер Одағының ірі әскери округінде штаб бастығы және әскери округ бастығының бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Ол Қазақстанда әскери қызметте болған жоқ. Бірақ қай түкпірде, қай қиырда жүрсе де туған ауылына, өскен өлкеге жиі келіп тұрды. Дінмұхамед Қонаевпен достық байланысын үзбеген.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button