Басты жаңалықтарМереке

Жыл жаңалықтары

Жыл мәлімдемесі

Наурыз айында Қазақстан Республикасын 30 жыл бойы басқарған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ортал ық телеарналар арқылы халыққа Үндеу жасап, президенттік өкілетін тоқтататынын мәлімдеді. Назарбаев өзіне сенім білдірген халыққа алғысын айтып, Президент ретінде қол қойған соңғы Жарлығын жария етті. Ол Nur Otan партиясының жетекшісі және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қала беретінін хабарлады, сондай-ақ сайлау өткенге дейін уақытша Президент қызметін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратынын айтты.

Жыл сайлауы

9 маусымда кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші Президентті сайлауға дауыс берушілердің 77,5 пайызы қатысты. Бұл саяси додаға жеті кандидат түсті. Сайлаушылардың басым бөлігінің сеніміне ие болған Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің екінші Президенті болып сайланды.

12 маусым күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде Мемлекет басшысы лауазымына кірісті.

Жыл сапары

Мамыр айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Ақтөбе облысына келді. Ол өңірдегі бірқатар нысанда болып,  жұртшылықпен кездесті, түрлі шараларға қатысты.

Жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы Ақтөбе медициналық орталығында өткен  «Халықтың денсаулығын сақтау: саясат, ғылым, білім, алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядағы баяндамасына қатысты, бұл шарада ұлт денсаулығы, еліміздегі медицина саласында атқарылып жатқан істер туралы айтылды.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының ферроқорытпа зауытының, Ақтөбе қаласының Индустриалды аймағының, «Green Capital Kazakhstan» жылыжай кешенінің жұмысымен де танысты.

Жыл тағайындауы

Ақпан айында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин облыс әкімдігінің активіне өңірдің жаңа басшысын таныстырды.  ҚР Президентінің Жарлығымен облыс әкімі болып Ақтөбенің өз перзенті Оңдасын Оразалин тағайындалды. Оңдасын Оразалин еңбек жолын оқытушылықтан бастап түрлі салаларда қызмет еткен. Облыс әкімі болып тағайындалғанға дейін Қазақстан Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары болып еңбек еткен.

Ал бұған дейін Ақтөбе облысын 4 жылға жуық басқарған  Бердібек Сапарбаев

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.

Сондай-ақ биыл бұрын қала әкімі болған Ілияс Испанов басқа жұмысқа ауысып, шаһар басшысы болып облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Мавр Абдуллин тағайындалды.

Жыл көрмесі

Қаңтар айында Ақтөбеге Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі келді.

«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесін екі айда 120 мың адам тамашалады. Айта кетейік, көрмеде Елбасының өзі тұтынған заттар мен түрлі елдер берген орден, медаль, сый бар. «Елбасы жолы» бөлімінде ҚР Тұңғыш Президенті өмірбаяны айтылса, «Елбасы феномені» бөлімі тәуелсіз Қазақстанды құрған Н.Назарбаевтың мемлекеттік құрылыс тұжырымдамасының қалыптасуы мен даму тарихын кеңінен көрсетеді. «Әлем таныған Елбасы» бөлімінде елдің сыртқы саясаты туралы ақпараттар бар. «Елбасы мәртебесі — ел мәртебесі» тарауында Н.Назарбаевтың жоғары мемлекеттік наградаларының бірегей жинақтары қойылған.

Жыл мерекесі

Биыл Ақтөбе қаласының іргесінің қаланғанына 150 жыл толды. Әскери бекініс ретінде алғашқы кірпіші 1869 жылы қалана бастаған Ақтөбе бекінісінің жанына осы жылдың күзінен бастап Воронеж губерниясынан келген бірен-саран орыс, украин шаруалары қоныстана бастады. 1878 жылы Ақтөбеге орыс шаруалары келген кезден бастап әскери бекініс сипатын жоғалтып, қалалық қонысқа айнала бастады. 1878 жылы көктемде Ақтөбеге шаруалар И.Мощенский, Я.Каюдин, т.б. көптеген отбасылар қоныстанады. Әскери бекініс 1891 жылы уездік қала мәртебесін алды. Сонымен қатар Торғай облысының құрамына уезд ретінде кірді.

1921 жылдан бастап Ақтөбе губерниясының әкімшілік орталығы. 1928 жылы Ақтөбе губерниясы таратылғаннан кейін Ақтөбе округінің орталығы, 1932 жылдан бастап жаңадан құрылған Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы.

Бүгінгі Ақтөбе — Қазақстанның ірі индустрия және мәдениет орталықтарының бірі.

Жыл әншісі

Биыл Димаш әлемнің ең мықты деген сахналарында бірнеше концертін өткізді.

Маусым айында елорда төріндегі «Астана Арена» стадионында өткен Димаштың «Арнау» шоу-концертіне әлемнің 64 елінен 10 мыңға жуық тыңдарман келді. Димаш концертінен түскен қаражаттың бір бөлігін Арысқа көмек ретінде аударды.

Сондай-ақ, Санкт-Петербургтегі Мұз сарайында, Нью-Йорктегі Barclays Center аренасында Димаштың жеке концерттері өтті. Бұл концерттерге әрқайсысына әлемнің түкпір-түкпірінен 10 мыңнан астам көрермен келді. Димаш қазақ әндерімен қоса ағылшын, орыс, француз, итальян, қытай тілдерінде ән шырқады, қазақ домбырасын сахнаға алып шықты.

Биыл Димаштың тұңғыш ән жинағы жарық көріп, 37 секундтың ішінде «платина» деңгейіне жетті. Сондай-ақ, биыл Димаш Құдайберген атындағы «DQ Scent of Music» әтірлер желісі шығарыла бастады.

Биыл Димаш Мәскеу қаласында өткен «Виктория» музыкалық сыйлығының «Классикалық музыкадағы жылдың вокалисі» номинациясын «Olimpico» әнімен жеңіп алды және «Жыл жаңалығы» аталымына ие болды. Димашқа биыл «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді, сондай-ақ ол «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атанды.

Ал жақында ғана мәресіне жеткен әншілерге берілетін халықаралық Adagio World сыйлығы үшін өткізілген дауыс беру қорытындысына сәйкес, Димаш әлемдегі ең мықты әншілердің үштігіне енді. Adagio World Award жеңімпазы 100 мың еуро көлемінде сыйлық алады немесе Еуропа мен АҚШ-тағы ән жазатын компаниямен және продюсерлік орталықпен ынтымақтастық туралы келісімшартқа ие болады. Марапаттау рәсімі Парижде өтеді.

Жыл жобасы

Биыл елімізде мұқтаж азаматтардың баспаналы болуына арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Ақтөбе филиалы өкілі Мақсат Заитовтың айтуынша, облыста құжат тапсыру нәтижесінде  501 отбасы банктен оңтайлы шешім алған. Соның ішінде 282 отбасы несие рәсімдеп, қоныстойын тойлап үлгерді. «Бақытты отбасы» бағдарламасы үш жылға жоспарланған. Сондықтан банктен оңтайлы шешім ала алмаған отбасылар алдағы жылы наурыз-сәуір айларында жалғасатын бағдарламаға қатыса алады. «Бақытты отбасына» қатысу үшін жергілікті атқарушы орган берген жолдамада жарамдылық мерзімі көрсетілмеген болса, ол автоматты түрде 1 жылға жарамды болады», — дейді ол.

Жыл қуанышы

Биыл Ақтөбеде бір топ жас жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша баспаналы болды.  Ақтөбе қаласының әкімдігі, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен бірлесе отырып, жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін арнайы бағдарлама қабылдады.

Ереже бойынша 29 жасқа дейінгі облыс тұрғындары аумағы 40-50 шаршы метр болатын 1 бөлмелі пәтер алуға мүмкіндік алды. Ол үшін бастапқы жарна ретінде жинаған 350-450 мың теңге ақшасы болуы шарт. Баспана алған жастар ай сайын шамамен 29-44 мың теңге төлейді. Бұл — банк депозиті мен жалдамалы пәтерге төленетін ақы. Яғни, пәтер иесі 6 жыл бойы жалдау құнын, коммуналдық төлемді төлеп, ай сайын банктегі депозитіне ақша жинайды. Үміткер Ақтөбе қаласында тұрақты тіркеуде болуы да шарт. Негізінен баспаналы болғандар — мемлекеттік, бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін жастар.

Жыл оқиғасы

Ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласында өрт салдарынан бір үйдің бес баласы көз жұмды. Балалардың ата-анасы түнгі жұмыста болған. Марқұм болған балалардың ең үлкені 13 жаста, ал кішісі небәрі 3 айлық қана болған.

Елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт салдарынан болған бұл оқиға Қазақстан халқын есеңгіретіп кетті. Бір отбасындағы бес бірдей баланы жалмаған қайғылы қаза жұртшылықтың қабырғасын қайыстырды. Ел-жұрт балалардың ата-анасына көңіл айтып, барынша бұл қайғыны бірге көтерісуге тырысты, ел өңірлерінде аза тұту шаралары өтті, халық қолында барымен бөлісті, қаржы жинады. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қаралы отбасына баспана алып беретінін айтты. Банктер отбасының қарыздарын түгел кешірді, түрлі министрліктерден бастап қарапайым ұжымдардың қызметкерлеріне дейін бір күндік жалақысын көмек ретінде отбасы шотына аударды.

Жыл олжасы

Ақтөбе жерінен алтынмен әшекейленген киіммен жерленген адамның қабірі табылды. Темір ауданының аумағындағы Тасқопа І қорымындағы қорғандардың бірінде тереңдігі 5,7 метр болатын қабірді қазу барысында археологтар салтанатты жағдайларда пайдаланылатын бұйым, ат әбзелдері, т.б. тапқан. Бұл заттар алтынмен қапталып, әшекейленген. Археологтардың айтуынша, қорған ерте дәуірлерде тоналған болуы мүмкін, бірақ соған қарамастан, осы табылған жәдігерлердің өзі мұнда жай адам емес, көсемнің жерленгеніне дәлел болады. Табылған заттар әрі қарайғы зерттеулер үшін зертханаларға жіберілген.

«Кезекті «Ал­тын киімді көне ескерткіш» — Ақ­төбе өңірінің ғана емес, бүтін қазақ елі­нің тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық. Бұл қойнауы құтты, тарихы тереңде жатқан Ақтөбе өңірінен табылған құндылықтардың бастамасы ғана деп білемін», — деді облыс әкімі О.Оразалин.

Жыл мұрасы

Ел басына күн туған сонау XVII-XVIII ғасырларда «қалың жаумен қабырғадан қал кеткенше, қарағай найзадан әл кеткенше айқасуымыз керек» деп, елдің рухын көтерген түркі әлемінің ортақ батырына айналған Бөкенбай Қарабатырұлының ескерткіші бой көтерді. Биіктігі  6,0 метр болатын монумент батыр атындағы көшеде орнатылған. Ескерткіштің авторы — Жеңіс Жұбанқосов. Ол қаламыздағы Әйтеке би, Әлияға қойылған ескерткіштердің авторы ретінде көпшілікке танымал.

Сонымен бірге биыл Ақтөбе қаласының орталық көшелерінің біріне ХVI-ХVII ғасырларда өмір сүрген қазақ батыры, әскербасы, Самарқан қаласына әмірін жүргізген Жалаңтөс баһадүрге де ескерткіш орнатылды.

Жыл инновациясы

Қарғалы ауданында жел электр станциясының бірінші кезеңі іске қосылды.

«Art Wind» серіктестігінің энергияның баламалы көздерін алу, яғни «жасыл экономика» саласындағы бұл станция Ақтөбе өңірі үшін шын мәнінде инновациялық жоба болды. Бұл жоба  итальяндық иннвестор — «Eni» компаниясы «Kazakһ Invest» ұлттық компаниясы қолдауымен, «General Electric» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырды.

Жел электр энергиясының қуаттылығы — 48 МВт, бұл 13 жел турбиналық генераторы ауқымын қамтиды. Станция 25 жыл ішінде  жыл сайын 198 ГВт-с электр энергиясын өндіретін болады.

Жыл шілдеханасы

Желтоқсанның алтыншы жаңасында Ақтөбе халқының саны жарты миллионға жетті! Ақтөбенің 500 мыңыншы тұрғыны Әлинұр Тәңірбергенұлының өмірге келуі Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен тұспа-тұс келді.

Биылғы 1 қазандағы мәліметке сәйкес, Ақтөбе қаласы Қазақстан қалалары арасында халық саны бойынша төртінші орынға шықты. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы Батыс Қазақстанның халық ең көп қоныстанған және осы көрсеткіш бойынша Алматы, Нұр-Cұлтан, Шымкент қалаларынан кейінгі еліміздегі төртінші қалаға айналды.

Демографтардың болжамына сәйкес, біз миллион тұрғыны бар қалаға 2050 жылдары жетіп қалуымыз мүмкін. Бүгінде миллионның жартысына жеттік! Оған жеткізген — жақында ғана дүниеге келген Әлинұр деген бөбек.

Жыл форумы

Қараша айында Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толына орай  «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумы өтті. Оған Қазақстан Жазушылар одағының басшылары, белгілі қаламгерлер, аталған ұйымның облыстық филиалдарының басшылары, облыс және қала басшылары, зиялы қауым өкілдері, журналистер мен оқырмандар қатысты.

Биыл өңіріміздің рухани өмірінде айтарлықтай жаңалықтар болды: 2016 жылы тоқтап қалған «Ақтөбе кітапханасы» жобасы қайта жалғасып, 27 том жарыққа шықты, осылайша «Ақтөбе кітапханасы» сериясы 50 томға жетті. Жастар жылы аясында «Жауқазын» сериясымен ақтөбелік 10 жас ақын-жазушының кітабы жарық көрді. Форум барысында осы кітаптардың тұсаукесерлері өткізіліп, «Адырна» әдеби-көркем, көпшілік журналы жариялаған «Алтын жебе» бәйгесінің жүлдегерлері анықталды.

Жыл орталығы

Желтоқсан айында «Азаматтарға арналған үкімет» Ақтөбеде халыққа қызмет көрсететін цифрлық орталығын ашты. Бұл — еліміздегі осындай екінші цифрлық орталық.  Орталықтың жұмысы толығымен автоматтандырылған. Мұнда азаматтар ешкімнің көмегінсіз өз бетінше қажетті қызметтерді ала алады. Арнайы жабдықталған оқу сыныптарында кез келген қызмет алушы egovkzbot2.0 телеграм-бот және eGovMobile мобильді қосымшасын пайдалануды үйренуіне болады.

Жыл додасы

Желтоқсан айының ортасында Мұз сарайы спорт кешенінде қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде жалпы 9 салмақта 40-тан астам мемлекеттің  балуандары бақ сынады. Бұл додада Қазақстан құрамасы 5 алтын, 1 күміс, 2 қола иеленді.

55 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ниетбай Дәулет, 66 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Қуаныш Ысқақов,  74 келі салмақта бақ сынаған Айдос Ғалимов, 100 келі салмақ дәрежесінде Нұрым Сәлімгереев, 100 келіден асатын алыптардың айқасында құраманың тәжірибелі балуаны Руслан Әбдіразақов Қазақстан құрамасының қоржынына алтын салды. 82 келіге дейінгі салмақта құрама намысын қорғаған Сахан Әбдіқасым күміс жүлдеге иелік етті.

Ержан Еренғайыпов (60 келі салмақта) пен Әділжан Ыстыбаев (90 келі салмақта) доданың қола жүлдесін қанжығасына байлады.

Халықаралық Qazaq Kuresi федерациясы ұйымдастырған чемпионаттар тарихында алғаш рет төрешілер құрамында Қырғызстаннан келген әйел төреші қазылық етті. Әлем чемпионатына Корея, Франция, Ауғанстан және Испания секілді мемлекеттер алғаш рет қатысты.

Жыл апаты

27 желтоқсан күні Алматы маңында Талғар ауданында «Bek Air» әуе компаниясының №Z2100 Алматы-Нұр-Сұлтан жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады.  Ұшақта экипаждың 5 мүшесімен бірге 93 жолаушы болған.

Ұшақ апатынан 15 адам көз жұмды, жарақат алған басқа жолаушылар ауруханаға жеткізілген, қазір оларға дәрігерлік көмек көрсетіліп жатыр.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта ұшақ апатына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Оқиғаның мән-жайы анықталғанша, бұл типтегі ұшақтардың қолданылуы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ, ҚР Авиация комитеті Bek Air компаниясының жұмысын уақытша тоқтатты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен осы қайғылы оқиғаға қатысты 28 желтоқсан елімізде аза тұту күні болып жарияланды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button