Басты жаңалықтар

Ақтөбеде Antıkor ortalyǵy ашылды

Кеше Ақтөбеге екі күндік жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев келді. Аймаққа жасаған сапары аясында агенттік төрағасы мен облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанында орналасқан Antıkor ortalyǵy сервистік ғимаратының салтанатты ашылуына қатысты. Сондай-ақ бұл шараға «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары, жобалық кеңсе қызметкерлері, өңірлік арнайы мониторингтік топ, ардагерлер кеңесі, ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшелері сияқты белсенді қоғам өкілдері мен құқық қорғау органдарының басшылары шақырылды.

Аталған орталықты ашудағы мақсат — қызметтің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, облыс азаматтарына консультациялық қолдау көрсетуге бағытталған. Аталған агенттіктің ықпалымен жақын арада еліміздің барлық өңірлерінде осыған ұқсас сервистік орталықтар ашу жоспарланған.

Салтанатты шарада ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин жаңадан бой көтерген ғимараттың лентасын қиып, орталық жұмысымен танысты.

Шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов қонақтарға ғимараттың ішін таныстырды. Сервистік орталықтың бірінші қабатында күту залы, балаларға арналған бұрыш, департамент пен «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша консультациялық және заңгерлік көмек көрсетуге арналған ашық кабинеттер орналасқан. Ал екінші қабатта брифинг-зал, жиналыстарға арналған блок және кәсіпкерлер мен инвесторлар қызметтеріне заңсыз араласу фактілері мен сыбайлас жемқорлық көріністерінен кепілді қорғауға жүгіне алатын «Protecting business and investments» жобасының кеңсесі орналасқан. Естеріңізге сала кетсек, аталған жоба аясында бизнесті парасатты жүргізу жөніндегі 30 келісімге қол қойылып, 4 триллион 177 миллиард теңге сомасынан асатын қаражат сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қорғауына алынды.

Салтанатты шара барысында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы мен «Геопартал» ақпараттық жүйесінің таныстырылымы жасалды. Аталған жүйенің көмегімен азаматтар жер мәселелері, Ақтөбе қаласының әкімдігі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар нысандар жөнінде, тіпті, мұндай нысандардың ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған пандустармен жабдықталу деңгейіне дейін ақпарат ала алады.

Бұдан кейін Antıkor ortalyǵy брифинг алаңында агенттік төрағасы мен облыс әкімінің қатысуымен жиын өтті. Жиында Оңдасын Оразалин:

Мұндай орталықтардың қоғам  үшін ең басты қажеттілігі — тұрғындарға қызмет көрсету, ашықтық, жариялылық мәселесі халық пен билікті жақындата түседі. Ақтөбеліктер сервистік орталықтың игілігін көреді деген сенімдемін. Жалпы өңірімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. «Ақтөбе — адалдық алаңы» немесе  «Protecting business and investments» жобасы болсын, осындай көптеген бастамалар аймақта қолдау тауып, жүзеге асырылуда. Жаңадан ашылып жатқан бұл орталық бұған дейін жасалған әрі жасалатын жұмыстарды жүйелі түрде орталықтандыруға ықпал ететін болады, — деді.

Жиын барысында Ақтөбе облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған жұмыстар туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Одан әрі  облыстық мәслихаттың депутаты Аманкелді Есіркепов, департамент жанындағы ақпараттық үгіт-насихат штабының басшысы Марат Қойлыбаев, өңірлік арнайы мониторингтік топтың басшысы Тәттігүл Талаевалар сөз сөйлеп, бұл бағытта бірлесіп атқарылып жатқан шаралар турасында айтып, ұсыныс-пікірлерін де ортаға салды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету тапсырмасы аясында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин бірлесіп аталған орталықта азаматтарға қабылдау жүргізді. Қабылдауға келгендердің бірі — ойылдық Қуаныш Қыстаубаев. Ойылдағы «Мирас» шаруа қожалығының басшысы 2018 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы арқылы 39,6 миллион теңге несие алған. Оның айтуынша, қазіргі таңда несиені алу кезіндегі көрсетілген шарттарды қаржы институты бұзып отырған көрінеді. Шаруашылық басшысы бұған дейін облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалиннің де қабылдауында болыпты. Алайда мәселе оң шешімін таппапты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басым бағыты — өтініштерді қарау мәселесі. Ондағы басты қағидаттар — туындаған мәселелер аясында азаматтардың құқықтарын қорғау үшін құзіреттер шегінде барынша күш салып, жедел әрі жан-жақты зерделеу.

— Барлық өтініштер жеке бақылауға алынды. Мұқият зерттеуді қажет ететін айқын кейстер бар. Агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне нақты тапсырмалар берілді және әрбір өтінішті егжей-тегжейлі қарастырып, орын алған жағдайдың шешімін табу қажет, — деді Алик Шпекбаев.

Сапар аясында агенттік төрағасы «Green Capital Kazakhstan» ЖШС жылыжай кешенінде болды. Еңбек ұжымымен кездесу барысында А.Шпекбаев мұндағы  бесінші буын технологияларын пайдалану арқылы қызанақ өсіру жұмысының барысымен танысты. Айта кететін бір жайт, бұған дейін Нидерланды Корольдігінің елшісі Андрэ Карстенс Алик Шпекбаевпен кездесуі барысында голландиялық инвестор кезіккен қиындықтармен бөліскен болатын. Ресми мәліметте нидерландтық инвестордың жылыжай кешеніне арналған жабдықтарды әкелуі барысында мемлекеттік кірістерге тиесілі кеден органы жоспардан тыс тексеру жүргізуді шешкен. Әкелінген тауарды бұрыс декларациялау салдарынан фискалдар «Green Capital Kazakhstan» ЖШС 353 миллион теңге көлеміндегі баж салығын артық есептеген. Өз кезегінде инвестор аталған соманы есептеудің нақты негіздерін ала алған жоқ. Осыған байланысты өздерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін олар «Protecting business and investments» жобалық кеңсесіне жүгініпті. 1 миллион АҚШ доллары сомасындағы қосымша есептелген баж компанияны банкрот етіп, Ақтөбе облысын 240 жұмыс орнынан айырып, мемлекеттік бюджетке жыл сайынғы салық түсімін 480 миллион теңгеге қысқартуы мүмкін еді. Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұл мәселеге араласуы барысында бүгінгі күні айыппұл салығы алынып тасталды.

Шетелдік инвестициялар үшін өңірлік бәсекелестіктің күшеюі контекстінде елдегі парасатты бизнес-ортаны қалыптастыруды ынталандыру қажет. Бұл бағытта «Protecting business and investments» жобалық кеңсесі жұмыс жүргізуде. Ол Қазақстанның Орталық Азиядағы бәсекелестік артықшылықтарын нығайтуға белгілі бір үлес қосады, — деп атап өтті Алик Шпекбаев.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button