Жаңалықтар

Офтальмологиялық орталықты аралады

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығын аралады.

«Дару» оңалту орталығының директоры Ғалымжан Елеуов орталықтың мүмкіндіктерін таныстырды. Бұл жерде  стационарлық ем алу үшін 60 кереуеттік орын жасақталған. Орталық заман талабына сай шетелдік құралдармен жабдықталған. Қажетті  медициналық аппараттар Америка, Германия, Жапония елдерінен әкелінген. Мамандар шетелде оқып, тәжірибе жинаған.  Балалар мен ересектер мемлекеттік тапсырыс аясында тегін ем алады. Мәселен, бір жылда екі мыңнан астам операция жасалған.

Ғалымжан Елеуовтің айтуынша, бұған дейін көз ауруына шалдыққан ақтөбелік науқастар Орынбор, Мәскеу, Уфаға  ағылатын. Жылына екі мыңға жуық науқас көрші елде емделетін. Ал қазір науқастар сырт елге сабылмайды.  Себебі, заманауи үлгідегі емдеу-диагностикалық құралдармен жабдықталған орталықта алты ота жасайтын зал бар.  Бұрын-соңды жасалмаған күрделі операция түрлері қазір  осы жерде тегін жасалады. Бұндай орталықтың елімізде баламасы жоқ. Тек өзіміздің облыс емес, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Ресейден келетін науқастар бар. Мәселен, биыл 800-ге жуық науқас Ресейден келіп ота жасатқан. Агенттік төрағасы орталықтың ішін аралап, ота жасайтын блокпен танысты. Нұр-Сұлтан қаласында салынатын «Дару» оңалту орталығының макетін, жоғары технологиялық қызмет көрсететін аппараттардың мүмкіндіктерін көрді. Мамандармен тілдесті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев медициналық кластер аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның ішінде ішкі медициналық туризм аясында 4200 науқас біздің өңірге келіп емделген. Алик Шпекбаев орталықтың іші заман талабына сай екенін айтып, дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Мұрат Телеуов университет пен медициналық орталықтар тығыз байланыста жұмыс жасайтынын айтып,  студенттер жатақханасына енгізілген жаңалықтарды баяндады. Аталған университеттің студенттері де оқу орнының жетістігі туралы мағлұмат берді. Агенттік төрағасы жастарды мұқият тыңдап, сәттілік тіледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button