Әлеумет

Бос жұмыс орындары ұсынылды

Жәрмеңке

«Keruen city» сауда, ойын-сауық орталығында қорытынды қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде білім, құрылыс, сауда, мұнай және қызмет көрсету салалары бойынша 65 мекеме 602 жұмыс орнын ұсынды.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Алтынай Маханованың айтуынша, жыл басынан бері 14 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 1000-ға жуық адам жұмысқа орналастырылған.

— Бүгінгі өтіп жатқан жәрмеңке жыл сайын дәстүрлі түрде Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырлып тұрады. Мерейлі мемлекеттік мерекеге орай өтіп жатқан шараға қатысуға қаланың 65 мекемесі өтініш білдірді. Жұмыс іздеп келушілердің де саны баршылық. Түйіндемелерін қалдырып, ойындағы жұмысын тауып жатқандары да бар.

Бұл — жыл басынан бері өткізіліп отырған он төртінші жәрмеңке. Қазір орталықта 2020 жылға арнайы жоспар құрылып жатыр, — дейді Алтынай Маханова.

Оның айтуынша, 2020 жылдың 20 қаңтарында Ақтөбеде бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің форумын өткізу жоспары тұр.

Жәрмеңкеге бос жұмыс орындарын ұсынған қаладағы №63 мектеп бірнеше маманға мұқтаж. Бүгінгі таңда 1200-ден астам бала білім алып жатқан мекемеге бастауыш сынып мұғалімі, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі мамандарымен қатар бас есепші, сондай-ақ әлеуметтік педагог және кіші қызметкерлер қажет.

Ал  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Ақтөбе облыстық филиалының қызметкері Мақсат Заитовтың айтуынша, банктің облыстық филиалына 30-ға жуық қаржы кеңесшісі қажет.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button