Басты жаңалықтарМереке

Мереке осылай тойланды

Алға

Аудан орталығында өткен мерекелік концертке облыс әкімінің орынбасары Руслан Мамунов қатысып, алғалықтарға облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтауын жеткізді.  Аудан әкімі Мамырғали Аққағазов та алғалықтарды мерекемен құттықтады. Облыс әкімінің орынбасары Р.Мамунов сонымен қатар алғалық көпбалалы аналар Жанар Бекмурзинаға, Ақсан Қалдығаринаға, Гүлім Жұмахметоваға, Айнагүл Тобағұловаға, Алтын Бүркітоваға пәтер кілттерін, ал Құндыз Қазыбаева мен Сапаргүл Пирекееваға «Күміс алқа» белгілерін табыстады.

Әйтеке би

Аудандық Мәдениет үйінде өткен мерекелік шараға ардагерлер, аудан орталығындағы мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, жалпы көпшілік қатысты. Аудан әкімі Мәди Елеусізов жиынды құттықтау сөзімен ашып, аудан тұрғындарына игі тілегін жеткізді. Ол еңбекте үздік шығып, өз саласында жақсы жетістіктерге жетіп жүрген бір топ қызметкерлерге облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен аудан әкімінің және Nur Otan партиясы облыстық филиалы атынан Алғыс хаттарды табыстады. Одан соң ардагер ұстаз, білім саласының үздігі Айдархан Байниязовқа, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Қалиолла Ниязовқа және мемлекеттік қызмет ардагері Гүлсін Аманғосоваға «Әйтеке би ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Мереке аясында көпбалалы екі отбасына тұрғын үйдің кілті табыс етілді.

Байғанин

Аудандық Мәдениет үйінде өткен мерекелік салтанатты шараға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Ибрашов қатысып, сала мамандарына облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, аудан әкімі Қайрат Отаров та сала мамандарына Алғыс хат табыс етті. Шара барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрәділ Қолдасбаев, кәсіпкер, «Мұңал» шаруа қожалығының иесі Ғазиз Сауытов, белбеу күресінен әлем чемпионы Нұрсәт Көшербай ауданның «Жыл адамы» атанды.

Қарғалы

Қарғалы ауданының Қосестек ауылында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді.

Аудан әкімі Асқар Жүсібалиев ауыл тұрғындарын жаңа әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады. Мерекелік шарада ауыл ақсақалдары жергілікті тұрғындардың көптен күткен қуанышы — мәдениет үйін ашуға ықпал еткен облыс, аудан басшылығына өз ризашылықтарын білдірді. Лента қию рәсімінен кейін қонақтар жаңа нысанның ішін аралап көрді. 150 орындық мәдениет үйінің ішінде қосымша үйірмелерге арналған арнайы бөлмелер де жасақталыпты. Салтанатты рәсім аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Қобда

Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Мәңгiлiк елiм» атты салтанатты кеште аудан әкiмi Мейрамбек Шермағанбет тұрғындарды ұлық мерекемен құттықтап, қоғам дамуына үлес қосқан бірқатар қобдалыққа естелiк сыйлықтар тарту еттi, сонымен қатар ақсақалдарға Мәртөк ауданында орналасқан «Зәру» шипажайындағы пантоемдеу орталығына жолдамалар табыстады. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерiнiң салалық кәсiптiк одағының атынан III дәрежелi «Еңбек даңқы» төсбелгiciмен екі азамат марапатталды. Бұл күні «Амангелдi» сауда үйiнiң алдында ауылшаруашылық өнiмдерiнiң жәрмеңкесi өтiп, жергiлiктi шаруашылықтар ет, сүт, балық, бал, т.б. өнiмдерiн арзан бағамен сатылымға шығарды. Жәрмеңкеге Ақтөбе қаласының кәсiпкерлерi келiп қатысып, өз өнiмдерiн қолжетiмдi бағамен ұсынды. Тағылымдық шара Қобыланды батыр атындағы орта мектепте де жалғасын тапты. Осы мектептiң түлегi, ауған соғысының ардагерi, прокуратура саласының қадipлi қызметкерi Асхат Құлжановқа арналған мемориалдық тақта ілінді. Ал жастар жағы шағын футболдан жарыс өткізді.

Мәртөк

 Қамбар Медетов атындағы өнер мектебінде өткен салтанатты шарада Мәртөк ауданының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. Дәрігер, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі Жақсат Қарылғашевке  «Мәртөк ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ аудандық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі  Қайрат Шамұратов,  гір спортынан 11 дүркін облыс чемпионы,  белбеу күресінен спорт шеберлігіне үміткер  Сұлушаш Бөкенбайқызы, «Мәртөк Құрылыс» ЖШС директоры Айбар Уақбаев «Мәртөк ауданының Жыл адамы-2019» атағын иеленді. «Жыл меценаты» атағына Қазан ауылындағы  «Зәру» пантымен  сауықтыру шипажайының басшысы Бану Тілегенова лайық деп танылды.

Мұғалжар

Тәуелсіздік мерекесі күні Қандыағаш қаласында 180 орындық жаңа балабақша, «Sulpak» тұрмыстық техника жəне электроника дүкені, «Светофор» төмен бағалар дүкендер желісі сауда үйі ашылды. 180 балаға арналған «Бақытты бала-2» жаңа балабақшасы кәсіпкер Ғалия Сұлтанқызының  жеке инвестициясы есебінен салынған. Мереке күні ашылған арзандатылған бағамен азық-түлік және тұрмыстық тауарлар сататын  «Светофор» дүкені жергілікті 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақшы. «Sulpak» компаниясының Қазақстан бойынша Қандыағашта ашылған 128-ші дүкенінің басшылығы 35 адамды тұрақты жұмысқа қабылдаймыз деп уәде берді.

Ойыл

Тәуелсіздік күні қарсаңында Ойылда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аудан орталығы тұрғындарын қолжетімді өнімдермен қамту үшін ұйымдастырылған жәрмеңкеде, негізінен, мал өнімдері сатылды. Қыс іші болғандықтан, әсіресе, ет өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Атап айтқанда, жәрмеңкеде 200 килограмм ірі қара еті, 210 килограмм қой еті, сондай-ақ, айран, құрт, сары май, майқұрт сынды сүт өнімдері, тары-талқан сатылды. Сонымен қатар, ауданда мерекеге орай көптеген спорттық жарыстар, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Мысалы, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен волейболдан ерлер арасында жарысқа жеті команда қатысып, нәтижесінде, Саралжын ауылының командасы жеңімпаз атанды.

 Темір

 Аудандық Мəдениет үйінде өткен салтанатты шарада аудан əкімі Жолдас Қалмағанбетов тұрғындарды ұлық мерекемен құттықтап, бірқатар азаматтарды «Темір ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Жыл адамы-2019» жəне аудан əкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. Ал ұлық мереке қарсаңында Шұбарқұдық кенті Қызылжар шағын ауданында құрылысы аяқталған 16 пəтерлі үйдің кілті табысталды. Биыл Темір ауданы бойынша мемлекет тарапынан, «Анаға сый», «Харекет» қайырымдылық қорлары және демеушілердің қолдауымен 30 көпбалалы ана мен толық емес отбасылар пәтерлі болды.
Хромтау

Хромтау аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада аудан әкімі Нағымжан Алдияров мерекемен құттықтап, тәуелсіздік жылдарындағы атқарылған ауқымды істерге тоқталды. Одан соң жыл бойы еңбек етіп, ел игілігі үшін жақсы іс қылған мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым жұмысшыларды марапаттады. Ауданның көркеюіне атсалысып әр салада еңбек етіп жүрген 7 адамға өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің Алғыс хаты табыс етілді. Экономикалық-әлеуметтік саланың дамуына, мәдениет пен білімнің жандануына үлес қосқан 25 адам аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Аудан әлеуетін көтеріп, тынбай еңбек еткен Елеусіз Әбубәкіров пен Сұлтан Құрманалинге «Хромтау ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Шалқар

Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиналыста аудан әкімі Бауыржан Қаниев жиналған жұртшылықты еліміздің Тәуелсіздік күнімен құттықтап, атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасады. Аудан әкімінің Құрмет грамотасымен аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Марат Ержанов, «Қамқор Вагон» ЖШС «Шалқар вагон жөндеу депосының» цех шебері Шолпан Садақбаева, Сарықамыс мектебінің директоры Ұлан Нияз, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс жолаушылар тасымалы филиалының жолсерігі Мұрат Төребеков марапатталды. «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығының төрағасы Ерлан Алдашов, ғалым-ұстаз Советбай Елубаев, ардагер-дәрігер Сембай Ділманов «Шалқар ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды, 17 адам «Шалқар ауданының «Жыл адамы — 2019» атағын алды. Салтанатты сәтте 12 отбасына коммуналдық-жалдамалы тұрғын үй пәтерлерінің кілті табысталды. Оның ішінде көпбалалы аналар,

бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлер бар.

Ырғыз

«Арай» мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында аудан әкімі Аққанат Шахин тұрғындарды құттықтап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне араласып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады. Аудандық халық театры «Қазақ тарихындағы тұғырлы тұлғалар» қойылымын көрсетті. «Жұлдызды ұжым» байқауының қорытындысы жарияланды. Мереке қарсаңында  Ы. Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектепте «Білімнің жағып шырағын…» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара мектептің 140 жылдық  мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button