Спорт

Қазақ күресі Әлем чемпионатының жеңімпаздары анықталды

15-16 желтоқсанда Ақтөбе қаласының (Қазақстан) Мұз сарайында Qazaq Kuresi бойынша Әлем чемпионаты өтті. Чемпионатқа 40-тан астам елден 200 спортшы қатысты.
Әлем чемпионаты кезінде спортшылар 8 салмақ дәрежесінде күш сынасты.

Назарларыңызға Qazaq Kuresi Әлем Чемпионатының жеңімпаздарын ұсынамыз. Жарыстың екінші күнінде қалған 4 салмақ дәрежесінде жүлделер жиынтығы сарапқа салынды. 66 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық Қуаныш Ысқақов жарыс жолындағы барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Ол ақтық белдесуде моңғолиялық Батзая Ерденебаярдан басым түсті.

74 келі салмақтың финалында қазақстандық Айдос Ғалимов пен грузиялық Елгуджа Барбакадзе арасында тартысты жекпе-жек өтіп, негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады. Шешуші сәт белдесуде Айдос қарсыласының қос жауырынын жерге тигізіп, таза жеңіске жетті.
82 келіге дейінгі салмақта құрама намысын қорғаған Сахан Әбдіқасым әлем чемпионатының алтын медаліне сынық сүйем жетпеді. Қазақстандық балуан финалда грузиялық Арам Григорянның мықтылығын мойындап, күміс жүлдеге иелік етті. Абсолютті салмақта Нұрдәулет Жарылғапов медальға таласуға мүмкіндік беретін белдесуде грузиялық Бека Бердзенишвилиге жол беріп, жарысты ерте аяқтады. Бұл салмақта өзбекстандық Мухсин Хисомиддинов «Түйе палуан» атанды. Күміс жүлде грузин спортшысы Бердзенишвилидің еншісінде.
Халықаралық федерация ұйымдастырған арнайы номинациялар бойынша «Үздік әдіс» грузиялық балуанға, «Үздік техника» поляк спортшысына және «Жеңіске деген құштарлығы үшін» украиналық балуанға берілді.
Жеңімпазға — 2000, күміс жүлде иегеріне — 1000 және қола жүлдегерлерге — 500 доллардан, абсолютті салмақтағы Түйе палуанға — 3000, екінші орын алған балуанға — 2000, ал үздік үштікке енген спортшыға — 1000 доллардан ақшалай сыйақы берілді.
Qazaq Kuresi Халықаралық федерациясы ұйымдастырған чемпионаттар тарихында алғаш рет төрешілер құрамына Қырғызстаннан келген әйел төреші қосылды.
Жарыстың бас төрешісі ретінде – халықаралық дәрежедегі Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, PhD докторы – Мырзабосынов Ербол Қуантайұлы тағайындалды.
Qazaq Kuresi Халықаралық федерациясы алтын, күміс, қола медальдардан бөлек, үздік техника, әдемі әдіс және тағы басқа техникасымен ерекшеленген спортшылар марапатталды.
Ақтөбе қаласында қазақ күресінен өтетін Әлем чемпионатында балуандар белдесетін кілем жарақат жағынан қауіпсіз ролл матқа ауыстырылды. Қолдануға ыңғайлы, сапасы жоғары және қалың материалдың арқасында күрестің динамикасы артты.
Qazaq Kuresi Әлем чемпионатында 20-дан астам төрешілер қатысты. Олардың арасында Украина, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Литва және Армения өкілдері болды.
Естеріңізге сала кетейік, Чемпионатқа Грузия, Австрия, Норвегия, Эстония, Франция, Ирландия, Иран, Ұлыбритания, Үндістан, Литва, Ресей және басқа да елдердің спортшылары қатысты. Әлем чемпионатына Корея, Франция, Ауғанстан және Испания сияқты елдер алғаш рет қатысты.
Осылайша, көптен күткен Әлем чемпионаты аяқталып, Қазақстан спортының тарихына алтын әріптермен жазылды. Себебі, 5 балуанымыз Әлем чемпионы атанып, бір күміс, екі қола жүлде жеңіп алды.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button